Бейсенбі күні, 29 қаңтарда, Астана қаласында Әлеуметтік диалог және еңбек дауларын шешу мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі үшжақты дөңгелек үстел өз жұмысын бастады. Бұл шараны Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) Қазақстан Республикасындағы лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасын орындау аясында ұйымдастырды.
Бұл жиынға ҚР Кәсіподақтар федерациясының, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, «Paryz» ҚР Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының, сондай-ақ ХЕҰ мен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдері қатысты.

Аталған шара әлеуметтік әріптестікті дамытудың негізгі бағыттарын қарастыруға, кәсіподақтардың беделін нығайтуға және еліміздегі барлық жұмысшылар үшін лайықты еңбек жағдайын жасауға арналған ортақ алаңға айналды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесе жұмыс істеудің стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
«30 жылдан астам уақытқа созылған ынтымақтастық кезінде Қазақстан ХЕҰ-ның 26 негізгі конвенциясын қабылдады. Бұл құжаттар еңбек қауіпсіздігін, мүмкіндіктер теңдігін және жастарды жұмыспен қамту мәселелерін қамтиды. Бұл — біздің жүйелі жұмысымыз бен лайықты еңбек қағидаларын ұстануға деген ниетіміздің жемісі», — деді Мейрамбек Ахметов.

Ол лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру ісі бес негізгі бағыттан тұратынын айтып берді.
«Еңбек инспекциясы арқылы жұмыс орындарындағы қауіпсіздік пен еңбек нормаларының сақталуы, әлеуметтік диалог пен бірлесу еркіндігін дамыту, ең төменгі жалақы мәселесі, әлеуметтік қамсыздандыру мен қорғау, сондай-ақ зорлық-зомбылықты жою — міне, осы бағыттар бойынша біз халықаралық әріптестермен бірге белсенді жұмыс істеп жатырмыз», — деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің төрағасы.
Сонымен қатар, Мейрамбек Ахметов жұмысшыларды қолдау ісіндегі кәсіподақтардың рөліне баса назар аударды.
«Бүгінде кәсіподақтар 2,5 миллионнан астам жұмысшының басын қосып отыр және олар мүдделерді келістіруші басты институт болып саналады. Біз жұмысшылардың құқығын нақты қорғай алатын күшті әрі жауапты кәсіби одақтардың болғанына мүдделіміз. Үшжақты әріптестік пен әлеуметтік диалог — үкімет пен әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмысындағы ең маңызды қағидалар болып қала береді», — деп атап өтті Комитет төрағасы.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өзінің құттықтау сөзінде әлеуметтік диалогтың мәні мен жұмысшы құқығын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі туралы егжей-тегжейлі баяндады.

«Біз мұнда еңбек адамдары үшін жиналдық. Таңертең жұмысқа барып, зауытта станок басында тұрған, еліміздің өндірісі мен экономикасын алға сүйреп жүрген жандар үшін жиналдық. Күн сайын өз еңбегімен қоғам өмірін жандандырып жүрген адамдар үшін келдік. Егер бұл адамдардың ертеңгі күнге деген сенімі болмаса, ешқандай реформа немесе заң тұрақты нәтиже бермейді. Сондықтан да әлеуметтік диалог — бұл жай ғана кесте бойынша өтетін ресми кездесу емес. Бұл — жұмысшының дауысы естілуі, ал мемлекет пен жұмыс беруші өз міндеті мен жауапкершілігін сезінуі керек тірі, шынайы процесс», — деді ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының бүгінгі таңда барлық маңызды процестерге белсенді түрде қатысып жатқанын атап өтті.
«Біз еңбек заңнамасын жақсартуға тырысамыз, үшжақты әріптестікті нығайтамыз, ұжымдық келіссөздерді дамытамыз. Оның ішінде бірлесу еркіндігі, еңбек дауларын бейбіт жолмен шешу және қақтығыстардың алдын алу мәселелері де бар. Бірақ жүйелі қиындықтарды тек жекелеген түзетулермен шешу мүмкін емес. Бізге ортақ кәсіби тәсіл мен әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының ортақ жауапкершілігі қажет», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Кәсіподақ жұмысының нақты нәтижелері туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмысының арқасында ұжымдық еңбек дауларының саны азайып жатқанын еске салды.

«Бүгін біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз. Ұжымдық-еңбек дауларының 80%-ы дерлік келіссөз кезеңінде-ақ бейбіт жолмен шешіледі. Бұл ресурстарды үнемдейді, жұмыс орындарын сақтайды және қызметкерлердің өз ұйымдарына деген сенімін нығайтады. Біз үшін еңбек дауларының бейбіт түрде және алдын ала шешілуі маңызды. Татуласу, медиация және арбитраж сирек кездесетін жағдай емес, қалыпты нормаға айналуы тиіс. Бұл жұмыс орындарын сақтауға, ресурстарды үнемдеуге және қоғамдағы сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде біз белсенді кәсіподақтары бар ұйымдарда еңбек қақтығыстарының азайғанын байқаймыз және бұл — барлық қатысушылардың бірлескен жұмысының жемісі», — деп тілге тиек етті Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жалақы мәселелеріне жеке тоқталып, оның әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етудегі маңызын баса айтты.
«Ең төменгі жалақы — бұл жай ғана сан емес. Бұл — лайықты еңбек пен әлеуметтік әділдіктің негізгі кепілі. Ол мемлекеттің өз азаматтарының еңбегін құрметтейтінін, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қамқорлық жасайтынын көрсетеді. Өткен аптада ҚР Кәсіподақтар федерациясы Премьер-министрдің атына ХЕҰ-ның №131 конвенциясын іске асыру бойынша нақты ұсыныстар жазылған хат жолдады. Біздің бастамаларымыз ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін жетілдіруге қатысты. Біз үлкен салыстырмалы талдау жасадық. Біздің деректеріміз бойынша, қазіргі әдістеме конвенцияға тек 60% ғана сәйкес келеді. Біз алдағы бес жыл ішінде ең төменгі жалақы деңгейі медианалық жалақының 50%-ына жетуін ұсынамыз», — деп атап көрсетті Қазақстанның кәсіподақ лидері.
Сатыбалды Дәулеталин ең төменгі жалақы мәселелерінің адамдардың өмірімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Бағаның өсуі мен жоғары инфляцияны бүгінде жалақыдан жалақыға дейін өмір сүретін жандар бәрінен де қатты сезініп отыр. Бұл теория емес, бұл — шындық: адамдар тамаққа, коммуналдық қызметтерге, балалардың киіміне, ата-аналарының дәрі-дәрмегіне ақша жете ме деп сұрайды. Сондықтан біз үшін әлеуметтік әділдік — бұл ұран емес, адамдарды нақты қорғайтын іс-шаралар. Қазақстандағы орташа номиналды жалақы бір жылда 10%-ға өсті, бірақ жоғары инфляция кезінде халықтың нақты табысы 10%-ға төмендеп кетті. Мұндай құлдырау соңғы 25 жылда болған емес. Және бұл алаңдатарлық жағдай. Егер біз тұрақты дамуды қаласақ, адамдардың шынайы мәселелеріне назар аударуымыз керек», — деп есептейді ҚРКФ Төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестік жүйесі тұрақты әрі теңгерімді болуы керек екенін баса айтты.
«Біз үшін лайықты еңбек мәселесі — ең басты мәселе. Біз әлеуметтік серіктестер алдын ала, адал және тең дәрежеде уағдаласатын жүйені қалыптастырып жатырмыз. Қызметкердің үні естілуі тиіс, жұмыс беруші өз міндеттерін түсінуі керек, ал мемлекеттік шешімдер нақты өмірде жұмыс істеуі қажет. Онсыз әлеуметтік әріптестік жай ғана әдемі тақтайшаға айналады. Халықаралық стандарттар мен ХЕҰ конвенциялары — біздің бағдарымыз. Бүгінде біз әлеуметтік серіктестермен, ХЕҰ және БҰҰ жүйесімен бірлесіп, лайықты еңбектің ұлттық бағдарламасын жасап жатырмыз. Ол декларация болып қалмай, еңбек адамына қызмет етуі тиіс. Тек мемлекеттің, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың бірлескен әрекеті ғана тұрақты өсуді, әлеуметтік әділдікті және бүкіл елдегі жұмысшылардың мүддесін қорғауды қамтамасыз етеді. Бүгінгі жұмыс нәтижелері Жол картасының мақсаттарын іс жүзінде асыруға, әлеуметтік диалогты нығайтуға және тұрақты даму мақсаттарына жетуге берік негіз болатынына сенімдіміз», — деп толықтырды ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Өз кезегінде, «ПАРЫЗ» Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы Президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов экономика мен қоғамның тұрақты дамуы үшін әлеуметтік диалогтың маңыздылығын атап өтті.

«Біздің кездесуіміз — әлеуметтік диалогтың “театрға” айналмай, дамудың мықты құралы болуы туралы әңгіме. Біз үшін диалог — бұл жай ғана ресми процесс емес, нақты құрал. Біз ХЕҰ конвенцияларын жай декларация емес, Қазақстандағы практикалық жұмысқа арналған нақты нұсқаулық ретінде қарастырамыз. Әлеуметтік әріптестікте біз бір-бірімізді естиміз, кездесеміз, мәселелерді талқылаймыз және заңнаманы дұрыс енгізуге ұмтыламыз», — деп түсіндірді Жұмабек Жанықұлов.
Сонымен қатар, ол бизнес пен қызметкерлер мүдделерінің тепе-теңдігіне, әсіресе ең төменгі жалақы мәселесіне баса назар аударды.
«Ең төменгі жалақы — бұл әділдік пен лайықты еңбектің кепілі. Бірақ бизнес экономикалық тұрғыдан тиімді болуы керек. Кәсіпкерлердің міндеті — ақша табу, салық төлеу, ал мемлекет сол салықтардан өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Тұрақты бизнессіз ешқандай әлеуметтік бағдарлама жұмыс істей алмайды. Валюта бағамы немесе салық саясаты бойынша мемлекеттік шешімдер бизнестің мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді. Егер кәсіпкерлердің экономикалық қауіпсіздігі ескерілмесе, жалақының немесе әлеуметтік кепілдіктердің ешқандай өсімі тиімді болмайды», — деді Жұмабек Жанықұлов.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча елдің тұрақты дамуы үшін әлеуметтік диалог пен үшжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі кездесу Қазақстан үкіметінің, жұмыс берушілердің, жұмысшылар өкілдері мен БҰҰ жүйесінің лайықты еңбек, әділдік пен инклюзивтілік принциптеріне ортақ адалдығын көрсетеді. Барлығымыз білетіндей, әлеуметтік диалог немесе үшжақты диалог — біздің пайымымыздың іргетасы. Ол жұмысшылардың, жұмыс берушілердің және үкіметтің дауысы естілетін, келіспеушіліктер сындарлы түрде талқыланатын және ортақ мәмілеге келетін алаң болып табылады. Бұл диалог сондай-ақ адамның негізгі құқықтарына, соның ішінде бірлесу еркіндігі мен ұжымдық пікір білдіру еркіндігіне терең негізделген», — деді Саранго Раднарагча.
БҰҰ үйлестірушісі Қазақстанның ұлттық еңбек саясатын халықаралық стандарттармен үйлестіру бойынша күш салып жатқанын, ал лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі Жол картасы тұрақты даму үшін қосымша бағдар беретінін атап өтті.
«Біз үкімет, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және кәсіподақтар бірлестіктері арасындағы Бас келісімнің қабылдануын құптаймыз. Онда БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына сілтеме жасалғанын ризашылықпен атап өтемін, бұл 2030 жылға дейін небәрі бес жыл қалғанын ескерсек, өте маңызды», — деді БҰҰ-ның ҚР-дағы Тұрақты үйлестірушісі.

Саранго Раднарагча сондай-ақ БҰҰ ынтымақтастығының жаңа негіздемелік бағдарламалары мен олардың практикалық бағыттылығын атап өтті.
«Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы үкіметпен 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жаңа бесжылдық негіздемелік бағдарламасына қол қойды. Жылдам өзгеретін экономика, технологиялық трансформация және жаһандық белгісіздік жағдайында диалог пен ынтымақтастық серпінді әрі тұрақты болуы керек», — деп есептейді ол.
Халықаралық сарапшының айтуынша, ынтымақтастықтың басым бағыттары мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру және лайықты еңбекті ілгерілету, климаттың өзгеруіне бейімделу шаралары және әлеуметтік тұтастықты нығайту болмақ.

ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы лайықты еңбек және техникалық қолдау тобының директоры Михаил Пушкин өз сөзінде әлеуметтік диалогқа және халықаралық еңбек стандарттарын сақтауға жүйелі түрде келудің маңыздылығын атап өтті.
Спикер ХЕҰ-ның №87, №98 және №198 конвенциялары сияқты халықаралық құжаттарды іс жүзінде қолданудың маңыздылығына назар аударды.

«Біріншіден, барлық деңгейде — ұлттық, өңірлік және салалық деңгейлерде әлеуметтік диалогты нығайту қажет. Әлеуметтік диалог кеңес беруді, ақпарат алмасуды және жаңа саяси бастамаларды бірлесіп талқылауды қамтиды. Екіншіден, бірлесу еркіндігі принциптерін сақтау және қызметкерлердің құқықтарын қорғау негізгі мәселе болып табылады», — деп атап көрсетті Михаил Пушкин.
Ол Қазақстанның бұл принциптерді сәтті қолданып жатқанын, әсіресе институционалдық база мен кәсіби одақтарды дамыту арқылы көрсетіп отырғанын айтты.
«Біз бірлескен жұмыстың жемісін, әсіресе еңбек инспекциясы саласында көріп отырмыз. ХЕҰ-ның қолдауы мен Қазақстанның белсенді ұстанымының арқасында біз бірлесу еркіндігін және қызметкерлердің өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін нығайттық. Өңірдегі басқа елдерге қарағанда, бізде кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы сындарлы әрі кемелденген өзара іс-қимыл жүйесі қалыптасып келеді», — деп баса айтты Михаил Пушкин.
Кездесу барысында қатысушылар ХЕҰ-ның халықаралық еңбек стандарттары және еңбек құқығы жөніндегі маманы Карлос Гарсия мырза дайындаған әлеуметтік диалог және ұжымдық келіссөздер бойынша ХЕҰ принциптерінің таныстырылымына ерекше назар аударды. Халықаралық сарапшы өз таныстырылымында №87, 98 және 154 конвенциялардың негізгі ережелерін түсіндіріп, олардың Қазақстан үшін маңыздылығын атап өтті.
Бірлесу еркіндігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өткен Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес кәсіподақтардың бірлесу еркіндігі туралы баяндама жасады.
«Институционалдық және әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңінде тұрған Қазақстан үшін бірлесу еркіндігін нығайтудың стратегиялық маңызы бар. Бұл мемлекеттік институттарға деген сенімге, инвестициялық климатқа және елдің халықаралық беделіне тікелей әсер етеді. ХЕҰ-ның №87 конвенциясын қабылдай отырып, Қазақстан Республикасы бірлесу еркіндігін тек ресми мойындаумен шектелмеуге, бұл салада кері кетуге жол бермеуге және ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін халықаралық стандарттарға дәйекті түрде сәйкестендіруге міндеттеме алды», — деп атап өтті Гүлнар Жұмагелдиева.

ҚРКФ Төрағасының орынбасары цифрландыру, экономиканың өзгеруі және еңбек нарығының трансформациясы жағдайында бұл мәселенің өзектілігіне тоқталды. Ол дәл кәсіподақтар қызметкерлер мүддесін қорғаудың заңды әрі институционалдық механизмі болып қала беретінін баса айтты. Осы орайда, оның айтуынша, Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» Заңға өзгерістер енгізу әрекеттері ерекше алаңдаушылық туғызады. ҚРКФ пікірінше, бұл өзгерістер еңбекшілердің құқықтарын айтарлықтай шектеп, әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін.
«Әңгіме ұжымдық іс-әрекеттерге құқықты іске асыруды қиындататын, шектен тыс процедуралық кедергілер енгізетін және кәсіподақтардың қызметіне әкімшілік араласуға жағдай жасайтын нормалар туралы болып отыр. Мысалы, жергілікті кәсіподақтарға қойылатын талаптарды қатаңдату, олардың өкілдік ету саласын шектеу, құжаттарды жыл сайын тапсыру арқылы әкімшілік бақылауды күшейту, шағын бизнесте салалық кәсіподақтар құру мүмкіндігін толығымен алып тастау, сондай-ақ кәсіподақтардың өз мүшелерін қорғау құқығын міндетке айналдыру ұсынылып отыр», – деп атап көрсетті Гүлнар Жұмагелдиева.
Ол мұндай шаралар Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық стандарттарға және басқа елдердің тәжірибесіне қайшы келетінін атап өтті.
«ХЕҰ-ның № 87 конвенциясына сәйкес, еңбекшілер алдын ала рұқсат алмай-ақ ұйымдар құруға және олардың жарғыларына бағыну шарттарымен сол ұйымдарға кіруге құқылы. Мемлекет олардың қызметіне араласпауы тиіс, ал еңбекшілер ұйымдары әкімшілік тәртіппен таратылмайды немесе оларға тыйым салынбайды. Сәйкестікті растау үшін құжаттарды жыл сайын тапсыруды қарастыратын түзетулер жасырын әкімшілік бақылау механизмін және кәсіподақтардың формальды себептермен тіркеуден айырылу қаупін тудырады», – деп түсіндірді Гүлнар Жұмагелдиева.
Бұдан бөлек, Гүлнар Жұмагелдиева Қазақстанның оң жетістіктері туралы айтып берді. Ол елдің ХЕҰ-ның № 87 конвенциясын бұзушылардың «қысқа тізімінен» шығарылғанын, «Ең төменгі жалақы туралы» № 131 конвенцияны қабылдағанын (ратификациялағанын), Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына (ХКК) мүшелігін қалпына келтіргенін, ал оның төрағасы ХКК-ның Жалпыеуропалық өңірлік кеңесін қоса алғанда, халықаралық құрылымдарда басшылық лауазымдарды иеленіп отырғанын баса айтты.

Дөңгелек үстел жұмысының бірінші күнінде жұмыс берушілер ұйымдарының өкілділік критерийлерін реттеу мәселелеріне арналған Пленарлық отырыс та өтті. Қатысушылар пікір алмасып, әлеуметтік әріптестік туралы заңнаманы жетілдіру тәсілдерін талқылады және алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгіледі.
Дөңгелек үстел ертең, 30 қаңтарда өз жұмысын жалғастырады. Іс-шараның екінші күнінде қатысушылар еңбек дауларын бейбіт жолмен шешу механизмдерінің практикалық аспектілеріне назар аударады. Екінші күннің қорытындысы бойынша ұсынымдарды жинақтау және Қазақстандағы еңбек дауларын ұжымдық шешудің ұлттық жүйесін дамыту бойынша негізгі ұсыныстар қамтылған қорытынды құжатты әзірлеу жоспарланып отыр.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
