Жұма күні, 30 қаңтарда, Астанада Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) ұйымдастырған Әлеуметтік диалог және еңбек дауларын шешу жөніндегі жоғары деңгейдегі үшжақты дөңгелек үстел өз жұмысын аяқтады. Бұл шара Қазақстан Республикасындағы лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі «Жол картасын» іске асыру аясында өтті.
Екі күн бойы ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Еңбек министрлігінің, «Paryz» жұмыс берушілер конфедерациясының өкілдері мен ХЕҰ сарапшылары маңызды тақырыптарды талқылады. Олар әлеуметтік әріптестікті дамыту, кәсіподақтардың беделін нығайту және қазақстандық жұмысшылар үшін қолайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету жолдарын қарастырды.

Жиынның екінші күні ХЕҰ-ның Халықаралық еңбек стандарттары мен еңбек құқығы жөніндегі маманы Карлос Гарсия еңбек дауларын шешудің соттан тыс басқа да жолдарын таныстырды.
«Халықаралық еңбек ұйымы еңбек дауларының алдын алу үшін баламалы әдістерді — өзара келісуді, медиацияны (бітімгершілік) және арбитражды (тәуелсіз төрелік) ұсынады. Сонымен қатар, біз бұл әдістер кәдімгі ұжымдық келіссөздердің орнын баспауы керек деп есептейміз», — деді Карлос Гарсия.

ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған өңірлік кеңсесінің жұмыскерлер қызметі жөніндегі аға маманы Гоча Александрия бұл тақырыпты жалғастырып, еңбек дауларының алдын алу жүйелері қақтығыстарды шешуге шынайы көмектесуі керек екенін айтты. Егер жүйе көмектеспесе, заңдардағы немесе келісімшарт жасасу жүйесіндегі кемшіліктерді жою қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде, ХЕҰ-ның Жұмыс берушілермен жұмыс жөніндегі аға маманы Владимир Чурович еңбек дауларын қалай шешу керектігін ұжымдық шарттарға нақты жазып қоюды ұсынды. Бұл ережелерді әр кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестер міндетті түрде орындауы тиіс.

Дөңгелек үстел жұмысы әрі қарай бөлек топтарда (секцияларда) жалғасты. Онда барлық тараптар өз ойларын ортаға салды. «PARYZ» ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы Бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова қақтығыстарды болдырмау үшін жергілікті жерлерде арнайы диалог алаңдарын белсенді пайдалануға шақырды.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің бас сарапшысы Тыныштық Уәлитова таныстырды. Оның айтуынша, жұмыс ұжымдарындағы наразылықтар мен дау-дамайларды ерте анықтау үшін Кәсіподақтар федерациясы апта сайын еңбек қақтығыстарына бақылау жүргізіп отырады.

«Қабылданған шаралар қазірдің өзінде нақты нәтиже берді. Еңбектегі түсініспеушіліктер мен қақтығыстар саны 2024 жылғы 68-ден 2025 жылы 49-ға дейін азайды. Ал ереуілдер саны 19-дан 5-ке дейін төмендеді. Кәсіподақтар мекемелер мен салалардағы келіссөздерге белсенді қатысып, қауіп-қатерлерге бақылау жүргізеді. Олар заңгерлік көмек көрсетіп, дауларды бітімгершілікпен шешуге көмектеседі. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелерін дауды шешуге, келіссөз жүргізуге және заңды білуге үйретеді. Мұндай жұмыстар халық арасындағы наразылықты азайтып, жұмысшы мен бастық арасындағы сенімді нығайтады. «Татуласу орталығы» мамандарының көмегімен 47 еңбек дауы сотқа жетпей шешілді. Бұл соттасып уақыт жоғалтпай, жұмысшы құқығын бейбіт жолмен қорғауға мүмкіндік берді. Өңірлердегі жағдайды тұрақтандыру үшін «Еңбек елшісі» институты құрылды. Ол қиын жағдайларда беделді мамандарды шақырып, екі тарапты мәмілеге келтіруге бағытталған. Осының арқасында көптеген қақтығыстар ушықпай, дер кезінде шешілді», — деп мәлімдеді Кәсіподақтар федерациясының өкілі.

Айта кету керек, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясында еңбек дауларын шешумен айналысатын арнайы өкіл жұмыс істейді. Ол дау-дамайдың алдын алуды және оларды заң аясында шешуді қадағалайды. Бұдан бөлек, барлық өңірлік кәсіподақтарда заң клиникалары ашылған. Олар жұмысшылардың құқығын сотта қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ, шұғыл әрекет ету тобы да құрылды.
Мысалы, 2025 жыл бойы кәсіпорындарда қақтығыстарды болдырмау үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 9 мыңға жуық жұмысшыға 819 рет кеңес берілді. Сондай-ақ, 58 мыңға жуық адам қатысқан 541 оқыту семинары өтті. Бұл шаралар жұмысшылардың заңды білуіне және мәселені сөйлесу арқылы шешу мәдениетін қалыптастыруға жол ашты.

«Тәжірибе мынаны анық көрсетіп отыр: егер заңдар заманауи, жан-жақты ойластырылған және тиімді болмаса, әлеуметтік әріптестер арасында орнықты диалог орнату мүмкін емес. Міне, сондықтан Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы еңбек заңнамасын жетілдіру ісіне жүйелі түрде қатысып келеді. Атап айтқанда, ұжымдық еңбек дауларын бастау тәртібі қайта қаралды: енді шешім қабылдау үшін бұрынғыдай жұмыскерлердің үштен екісінің емес, жартысынан көбінің қолдауы жеткілікті болады. Ұжымдық еңбек дауын шешудің жаңа түрі — бір сағаттық ескерту забастовкасы енгізілді. Бұл арбитраж процедуралары жүріп жатқан кезде наразылық білдірудің заңды жолына айналды. Ол даудың заңдылығын сақтап қалуға және жұмыскерлердің келіссөздегі орнын нығайтуға мүмкіндік берді. Егер ұйымда жұмыскерлердің мүддесін кәсіподақтар қорғайтын болса, ереуіл өткізу туралы шешімді нақты сол кәсіподақтар қабылдайды, ал кәсіподақ болмаған жағдайда — жұмыскерлер сайлаған өкілдер шешеді деген норма бекітілді. Еңбек арбитражын құру мерзімі бес жұмыс күнінен екі жұмыс күніне дейін қысқарды, ал дау бойынша соңғы шешім бес жұмыс күнінен кешіктірілмей қабылдануы тиіс. Сонымен қатар, еңбек арбитражының құрамына үшжақты комиссия мүшелері енгізілді, бұл осы институттың жұмысын жандандыруға септігін тигізеді. Жеке еңбек даулары бойынша келісім комиссияларының шешімдері міндетті сипатқа ие болды, ал мұндай шешімдер бойынша төлемдер келесі айдың жалақысы төленетін мерзімнен кешіктірілмей берілуі керек», — деп Тыныштық Уәлитова нақты шараларды тізіп берді.

Интерактивті форматта дөңгелек үстелге қатысушылар әлеуметтік әріптестерге арналған бірлескен ұсынымдар әзірледі.

ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Тимур Нұғманов медиация мен татуласу тәсілдерін қолдану қағидалары бойынша жұмыс тобының дайындықтарын таныстырды. Ол еңбек дауларын шешудегі әлеуметтік әріптестердің бірлескен іс-қимылдарының қауіптері мен артықшылықтарын көрсетті.

Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанова еңбек арбитражы мен келісім комиссиясын қолдану тәжірибесіне ұжымдық баға берді.
Қатысушылар пікір алмасып, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру жолдарын және еңбек дауларын бейбіт жолмен шешудің тәжірибелік тұстарын талқылады.

Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріне арналған кеңсе директоры Михаил Пушкин барлық әлеуметтік әріптестер тарапынан сарапшылардың қатысуы және ортақ тәсілдерді әзірлеуі — алдағы іс-тәжірибе үшін өте пайдалы екенін атап өтті.

«Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсынымдарды жинақтау және ХЕҰ сарапшыларының қолдауымен Қазақстандағы еңбек дауларын ұжымдық шешудің ұлттық жүйесін дамыту жөніндегі негізгі ұсыныстар жазылған қорытынды құжат дайындау жоспарланып отыр. Өз тарапынан Халықаралық еңбек ұйымы Қазақстандағы әлеуметтік әріптестерге лайықты еңбек принциптерін ілгерілетуде қажетті кеңестік және техникалық көмек көрсетуді жалғастырады», — деп Михаил Пушкин шараны түйіндеді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
