Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жоғары, орта және төменгі көміртекті феррохром өндіру ісінде қарапайым еңбек адамдарының, соның ішінде слесарь-сантехник мамандығын меңгерген жастардың үлесі зор. Өндірістің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі дәл осы жұмысшы мамандардың күнделікті тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Осындай еңбекқор жандардың бірі – сервистік қызмет көрсету цехының сантехнигі, бригадирі Ғабиден Қожақов.
Ғабиден өзіне жүктелген міндетке үлкен жауапкершілікпен қарап, өндірістің тоқтаусыз жүруіне сүбелі үлес қосып келеді. Қиындығы мол салада табандылық танытып, әрдайым бастамашылдық көрсетіп, жастарға үлгі бола білген білікті маман.
Металлургия саласын өмірлік кәсібі ретінде таңдаған ол еңбек жолын зауыт тағдырымен байланыстырып, маңдай терімен адал нәпақасын тауып жүрген жан. Өндірістегі өтілі аса көп болмаса да, ұжым арасында беделі жоғары, әріптестері сыйлайтын маман ретінде танылып үлгерді. Сабырлы мінезі мен тиянақты еңбегінің арқасында жас болса да, өз ісін жетік меңгерген, жауапты міндеттерді сеніммен атқаратын кәсіби тұлғаға айналды.

«Адал еңбек, алғыр ой – анық досың» деген дана сөздің мәнін Ғабиденнің еңбек жолынан айқын көруге болады. Ол үшін адал еңбек – тек жұмыс істеу ғана емес, өз ісіне жан-тәнімен беріліп, техника қауіпсіздігін сақтай отырып, жоғары жауапкершілікпен қызмет атқару.
Зауыт – қарапайым жұмысшы мамандарды тәрбиелейтін, білім мен тәжірибені ұштастыратын үлкен мектеп. Ғабиден еңбек ететін бригада өндірістегі су, бу, жылу жүйелеріне қатысты электр және техникалық құрал-жабдықтарды жөндеу, апаттық жағдайлардың алдын алу және оларды жою сынды маңызды міндеттерді атқарады. Бұл – жоғары кәсібилікті, ұқыптылық пен тәртіпті талап ететін жұмыс. Ғабиден әрдайым алдына нақты мақсат қойып, сол жолда талмай ізденіп, білімін жетілдіруге, қосымша мамандықтарды меңгеруге ұмтылады.
Зауытта жұмысшы мамандардың жан-жақты дамуына жасалған жағдай, тұрақтылық пен еңбек адамына деген құрмет оны ерекше жігерлендіреді. Еңбек жолын өрт сөндіру қызметінен бастап, кейін №1 балқыту цехында электрик болып шыңдалған ол бүгінде сервистік қызмет көрсету цехының 6-разрядты слесарь-сантехнигі ретінде өндірістің жауапты учаскесінде еңбек етуде. Адал еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында әріптестерінің сеніміне ие болып, бригадир атанды. Оның тәжірибесі мен іскерлігі бригада жұмысының қауіпсіз әрі сапалы орындалуына негіз болып отыр.
Отбасында – асқар тау әке, адал жар, ал өндірісте – білікті маман. Бос уақытын отбасымен табиғат аясында өткізгенді ұнатады.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін металлургия саласында осындай еңбек адамдарын дәріптеу – үлкен мақтаныш. Адал әрі табанды еңбек қашанда лайықты құрметке ие.
