ҚРКФ білім беру марафоны: «Әлеуметтік әріптестік. Ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу»

18 желтоқсан, бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен Шымкент қаласы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мүшелеріне арналған арналған оқыту семинары өтті.

Шараның басты мақсаты — кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек ұйымдарындағы ұжымдық шарттың тетіктерін түсіндіру.

Семинарды ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақтық коммуникациялар орталығы директорының орынбасары, еңбек құқығы саласының сарапшысы Ляззат Есжанова ашты. Оның айтуынша, бұл шара әлеуметтік әріптестік тараптарының өзара қарым-қатынасын дамыту, ұжымдық шарттарды талқылау, әзірлеу және жасасудың заманауи тәсілдері саласындағы құқықтық білімді арттыруға бағытталған.

Оқыту семинарының спикері, ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының бас сарапшысы Майра Боранбаева ұжымдық шарттың құқықтық мәні, оны әзірлеу және келісу кезеңдері, тараптардың міндеттемелері, сондай-ақ ұжымдық шартты орындауды бақылау тетіктері жөнінде жан-жақты түсіндірді.

Оқыту барысында нақты тәжірибелік кейстер кеңінен қарастырылды. Атап айтқанда, ұжымдық шарт талаптарының бұзылуы, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы келіспеушіліктер, еңбек дауларының алдын алу жолдары, келіссөздер жүргізу кезінде кәсіподақтың ұстанымы және нақты жағдайларда тиімді шешім қабылдау тәжірибелері мысал ретінде талданды. Кейстер семинар қатысушыларына теориялық білімді практикалық тұрғыда түсінуге мүмкіндік берді.

Семинарға 50 адам қатысып, қатысушылар өз ұйымдарында кездесіп жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, нақты жағдайлар бойынша сұрақтар қойды. Спикер тарапынан әрбір мәселе бойынша кәсіби түсіндірмелер мен ұсынымдар берілді.

Семинар соңында білім беру марафонына қатысқан Шымкент кәсіподақтарының өкілдері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына білім беру шарасын ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Қатысушылар жоба үйлестірушісі мен спикерге семинарды жоғары кәсіби деңгейде өткізгені және тақырыптың өзектілігі үшін ризашылықтарын жеткізді