Жаңа Конституция жобасына кәсіподақтар тұрғысынан қосымша баға берсек, екі бағытты ерекше атап өтуге болады. Біріншісі Халық Кеңесі институты. Екіншісі еңбек ету құқығының конституциялық тұрғыдан жаңаша түсіндірілуі.

Алдымен Халық Кеңесі туралы. Жобаға азаматтардың мемлекет басқаруына қатысуының дербес институты ретінде Халық Кеңесін енгізу демократиялық өкілдікті шын мәнінде кеңейтуге жасалған қадам деп бағалауға болады. Негізінде Халық Кеңесі қоғам мен билік арасындағы тікелей диалогтың тетігі ретінде ойластырылған. Азаматтар мен әлеуметтік топтар бастама көтере алады, маңызды реформаларды талқылайды, ел үшін мәні бар шешімдерге ықпал ету мүмкіндігіне ие болады.
Жалдамалы жұмысшылар мен кәсіподақтар үшін бұл өте маңызды. Алғаш рет конституциялық деңгейде еңбек ұжымдарын қоса алғанда әлеуметтік топтардың күн тәртібіне тікелей әсер ету жолы ашылып отыр. Тек дайын шешімге кейін үн қату емес, процестің өзіне араласу мүмкіндігі пайда болады. Егер бұл норма заңдарда дұрыс әрі мазмұнды іске асса, Халық Кеңесі еңбек жағдайы, жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, табысты индексациялау, әлеуметтік әділеттілік сияқты мәселелер тұрақты түрде көтерілетін алаңға айнала алады. Бұл еңбек адамының даусын күшейтеді әрі билік пен адамдардың күнделікті өмірі арасындағы алшақтықты азайтады.

Екінші маңызды мәселе еңбек ету құқығы және оның конституциялық мазмұны. Жоба қолданыстағы Конституциядан айырмашылығы әркімнің еңбек етуге және қызмет түрін еркін таңдауға құқығын қайта растайды. Бірақ басты айырмашылық басқа жерде. Жаңа мәтінде бұл құқық әлеуметтік мемлекет қағидатымен және адамды басым құндылық ретінде танумен тығыз байланысты қарастырылады. Яғни еңбекке формальды емес, өмірдің негізі ретінде мән берілуде.
Кәсіподақтар үшін бұл үлкен мүмкіндік ашады. Мұндай түсінікте еңбек ету құқығы тек жұмыс табу емес. Ол қауіпсіз еңбек жағдайын, әділ еңбекақыны, кемсітуден және негізсіз қысымнан қорғалуды білдіреді. Бұл құқықтың конституциялық мәртебесі жұмысшылардың мемлекетпен де, жұмыс берушімен де дауларда ұстанымын күшейтеді. Себебі жұмыспен қамтуға қатысты кез келген шешім, еңбек нарығын реформалау, оңтайландыру немесе цифрландыру ең алдымен еңбек адамының қорғалу қағидатымен үйлесуі тиіс.
Жобаның жалпы әлеуметтік мемлекетке бағдарлануы да ерекше мәнге ие. Осы шеңберде еңбек ету құқығы жеке адамның ғана мәселесі болудан қалады. Ол мемлекеттің тікелей жауапкершілік аймағына айналады. Бұл технологиялық өзгерістер, автоматтандыру, жаңа жұмыспен қамту нысандары кезеңінде аса өзекті. Конституция мемлекет еңбек нарығын сырттай бақылап қана қоймай, адамдардың бейімделуіне, қайта даярлануына және жүйеден тыс қалып қоймауына белсенді түрде жағдай жасауға міндетті екенін айқын көрсетіп отыр.
Жалпы алғанда Халық Кеңесі мен еңбек ету құқығының күшейтілген конституциялық түсіндірмесі жаңа тепе теңдік қалыптастырады. Бір жағынан азаматтар мен әлеуметтік топтардың басқаруға қатысуы кеңейеді. Екінші жағынан еңбек пен жұмыспен қамту қоғамдық тұрақтылықтың негізі ретінде бекітіледі, екінші қатардағы экономикалық ұғым емес екені нақты көрсетіледі.

Кәсіподақтар тұрғысынан бұл жобаның мықты тұсы. Ол алдағы жұмыста сүйенуге болатын институционалдық әрі құндылықтық тіректер қалыптастырады. Ендігі міндет осы мүмкіндікті жіберіп алмау және бұл нормалардың қағаз жүзінде емес, нақты тетіктер мен шынайы кепілдіктер арқылы іске асуына қол жеткізу.
P.S. Конституциялық комиссияның жұмыс тобы отырысында мен еңбек ету құқығына қатысты норманы бір маңызды сөзбен күшейтуді ұсындым. Ол лайықты еңбек деген ұғым.
Лайықты еңбек халықаралық құқықта әлдеқашан орныққан, құқық қолдану тәжірибесінде кең қолданылатын нақты заңнамалық түсінік. Бұл тұжырымдаманы Халықаралық еңбек ұйымы жүйелі түрде қалыптастырып, дамытты. Бүгінде ол экономикасы дамыған да, дамушы да мемлекеттер үшін ортақ бағдар ретінде мойындалған.
Егер Конституция жобасында лайықты еңбек ету құқығы тікелей бекітілсе, бірнеше мәселе бірден шешіледі. Конституцияның әлеуметтік мазмұны күшейеді. Ел ішіндегі еңбек адамы нақты құқықтық тірекке ие болады. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық беделі нығаяды. Ел өзін әлемдік мойындалған стандарттарға сүйенетін заманауи, жауапты әрі болжамды мемлекет ретінде көрсетеді.
Бұл ұсақ терминологиялық түзету емес. Бұл жаңа Конституция жобасын тереңірек, өміршең әрі мазмұнды ететін қағидатты күшейту деп санаймын.
