Елорда Кәсіподақтары қоғамдық реформаларға қолдау білдірді

Астанада онлайн форматта салалық кәсіподақтардың аумақтық құрылымдарының Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара барысында Астана қаласының Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелерін таныстырып, оның қоғамдық талқылану барысы жөнінде ақпарат берді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен елде жүйелі қоғамдық-саяси реформалар жалғасуда. Конституциялық реформаны әзірлеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айынан басталып, қоғамның кең ауқымды қатысуымен жүргізілуде. Конституциялық комиссияға азаматтардан, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан шамамен 4000 ұсыныс келіп түскен. Негізгі заң жобасы 30 қаңтарда жарияланып, кең қоғамдық талқылаудың нысанына айналды.

Спикер атап өткендей, ұсынылып отырған өзгерістер түбегейлі саяси өзгерістерге емес, жауапкершілікті қайта бөлуге және биліктің шамадан тыс шоғырлануын азайтуға бағытталған. Бұл өз кезегінде жұмысшы, мұғалім, дәрігер немесе шахтёр секілді әрбір азамат үшін құқықтарын қорғаудың нақты әрі тиімді тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Еңбек кепілдіктеріне ерекше назар аударылды. Жаңа Конституция жобасында «еңбек ету бостандығының» орнына «еңбек ету құқығы» ұғымының енгізілуі мемлекеттің халықты жұмыспен қамтуға тікелей жауапкершілігін білдіреді. Сонымен қатар алғаш рет конституциялық деңгейде қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлерді әлеуметтік қорғауға нақты кепілдіктер бекітіліп отыр.

Жиында Конституция жобасының адамға бағдарланған сипаты атап өтіліп, оның әрбір азаматтың қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауға бағытталғаны айтылды. Жаңа Негізгі заң адамды басты құндылық ретінде қоятын заманауи мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыратын қоғамдық келісім ретінде қарастырылады.

Реформаның маңызды элементтерінің бірі ретінде Халық кеңесі аталды. Бұл алаңға қатысу кәсіподақтарға заң шығару үдерісіне ықпал етуге және қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Аталған тетік арқылы Лайықты еңбек жөніндегі ұлттық бағдарламаны қабылдау, сондай-ақ Ең төменгі жалақы туралы ХЕҰ-ның 131-конвенциясын ратификациялау ілгерілегені айтылды.

Жиын барысында Астана қаласының Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов салалық кәсіподақтардың, еліміздің барлық өңіріндегі Кәсіподақ орталықтарының басшылары, кәсіподақ белсенділері атынан жаңа Конституция жобасын қолдауға шақыратын Үндеуді ұсынды.

Қорытындылай келе, Конституцияның шынайы күші оны қабылдау сәтінде емес, оның нормалары қоғамның күнделікті өмірінде нақты іске аса бастағанда көрінетіні атап өтілді. Осы орайда азаматтардың қоғамдық талқылауға белсенді қатысуы мен реформаларға саналы көзқарасы шешуші рөл атқарады.

Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша Төлеген Күнәділов 23 қаңтарда өткен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің отырысының қорытындылары туралы баяндады. Жиында Федерацияның 2025 жылғы қызметінің нәтижелері қорытындыланып, басым бағыттардың бірі — цифрлық экономика жағдайындағы кәсіподақтарды цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланған.

Оның сөзінше, Бас кеңес Кәсіподақтардың цифрлық трансформациясы тұжырымдамасын қолдады. Бұл құжат ҚРКФ-ның ұзақ мерзімді стратегиясын іске асыруға бағытталған және кәсіподақтардың мемлекеттің сараптамалық серіктесі, сенімді цифрлық сервистердің иесі әрі цифрлық ортада қызметкерлердің құқықтарын қорғаушы ретіндегі рөлін айқындайды.

Тұжырымдама аясында кәсіподақ мүшелеріне арналған сервистерді, кәсіподақ белсенділері үшін цифрлық жұмыс ортасын және талдамалық құралдарды қамтитын бірыңғай цифрлық экожүйе құру көзделген. Негізгі жобалардың қатарында «Менің Кәсіподағым» жеке кабинетін іске қосу, құқықтық кеңес беретін чат-бот пен ұжымдық шарттарды мониторингтеу жүйесін енгізу бар.

Сонымен бірге еңбек дауларын шешуге кейін әрекет етуден оларды алдын ала болжау мен алдын алу тәсіліне көшуге мүмкіндік беретін «Әлеуметтік барометр» талдамалық құралын дамытуға және кәсіподақ ішіндегі демократияның цифрлық тетіктерін енгізуге ерекше мән берілді.

Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Талқылау нәтижесінде ҚРКФ Бас кеңесі цифрландыру жөніндегі Жол картасын бекітті.