Облыс орталығында өткен Конституциялық реформаларға арналған кездесу елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Басқосуға әр деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен кәсіподақ өкілдері қатысып, Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің мазмұны мен оның әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпалын жан-жақты талқылады.

Жиынды ашқан Қызылорда облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов конституциялық жаңғырудың маңызын атап өтіп, ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың сұранысына жауап беруге бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституция жобасында әділеттілік, заң үстемдігі және ұлттық бірлік негізгі құндылықтар ретінде айқын көрініс тапқан.

Кездесуде баяндама жасаған Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев Конституция жобасының әлеуметтік бағытына ерекше тоқталды. Ол бұл құжаттың басты өзегі – адам мүддесін қорғау және еңбек адамының мәртебесін арттыру екенін атап өтті.

“Жаңа Конституция – жай ғана құқықтық акт емес, ол қоғам дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын құжат. Мұнда азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы, лайықты еңбек ету мүмкіндігі басты орынға қойылған”, – деді ол.

Конституцияда әрбір азаматтың еңбек етуге, кәсібі мен қызмет түрін еркін таңдауға құқығы нақты бекітіліп, мемлекеттің қауіпсіз еңбек жағдайын, әділ еңбекақы мен әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз ету міндеті айқындалған. Демалыс уақытының заңмен реттелуі, ақы төленетін еңбек демалысына кепілдік берілуі де еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі екені айтылды. Сонымен қатар ең төменгі жалақы мен зейнетақының мемлекеттік кепілдігі әлеуметтік жауапкершіліктің басты тетігі ретінде атап өтілді.

Осы бағыттағы жүйелі қадамдардың бірі — ең төменгі жалақыға қатысты 131-ші Конвенцияның ратификациялануы еңбек қатынастары саласындағы қорғаныс тетіктерін күшейтіп, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Президенттің тиісті Жарлыққа қол қоюы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға негізделген жүйелі өзгерістердің бір бөлігі ретінде көрініс табады. Аталған шешім еңбек адамының құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі бағытын нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың берік құқықтық негізін қалыптастыратынын атап өтті. Адамның қадір-қасиеті мен еңбегі ең жоғары құндылық ретінде танылатын бұл ұстаным елдің алдағы даму кезеңіндегі басты бағдар болып табылады.
