Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде PRIME TALK форматында студент жастармен ашық кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың пікірін тыңдау, ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылау, сондай-ақ олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау .

Кездесу барысында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жаңа мүмкіндіктер және Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасы кеңінен сөз болды. Студенттер әділетті қоғамда өмір сүруге ниетті екенін, заңның баршаға бірдей жұмыс істеуін және өз пікірлерінің ескерілгенін қалайтынын ашық жеткізді.

Іс-шараға БҚО «Кәсіподақтар орталығы» жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Әдемі Жарасова қатысып, өз сөзінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің пікірлерін келтірді. Конституцияда Халық кеңесі секілді қоғамдық бақылау институттарының бекітілуі кәсіподақтардың рөлін күшейтеді. Бұл азаматтардың, соның ішінде жастардың да үнін билікке жеткізетін тиімді тетік.

PRIME TALK – бұл жай ғана кездесу емес, бұл – жастардың дауысы естілетін, кәсіподақтар мен қоғам мүддесі тоғысатын ашық диалог алаңы. Мұндай кездесулер жастардың азаматтық белсенділігін арттырады және елдегі оң өзгерістерге өз үлестерін қосуға мүмкіндік береді.
Әділетті мемлекет, лайықты еңбек жағдайы мен сапалы болашақ – бүгінгі таңдаудан бастау алады.
