Заман талабына сай әрбір адам компьютер мен интернеттің қыр сырын білгенге не жетсін. Интернет бүкіл ғаламдық тор. Бүгінде ғаламтор өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Ғаламтордың жастарымызға пайдасы мен зияны қатар тиюде. Қазіргі таңда ғаламторға тәуелділіктің салдарынан адамдардың денсаулығы ғана емес, ойлау, сөйлеу, тіпті жазу мәдениеті де төмендеп барады. Әлеуметтік желіні кім қалай пайдаланамын десе, өз еркі. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Әйтсе де жастарымыз жаманына жоламай, жақсы тұсын тиімді пайдаланғаны дұрыс.
Жуырда С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Интернетсіз бір күн» акциясы өтті. Шараның мақсаты жастардың денсаулығына зиян келтіретін ақпараттардан, насихат пен үгіттің теріс ықпалынан қорғауға ат салысу. Сонымен бірге интернет желісінде отырғаннан, кітап оқуға шақыру, кітапхана жанынан ашылған үйірме, клубтармен таныстыру. Жастардың бос уақытын интернетсіз тиімді өткізуге баулу.
Шараны Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Гүлжан Мейірханқызы ашып берді. Сонымен қатар «ISMER» этно-мәдени қолөнер үйірмесінің тұсаукесері өтті. Сөз сөйлеген қонақтар интернеттің қазіргі заманға сай тиімді байланыс құралы болғанымен оныңда зиянды тұстары бар екендігін айтып, жастарды кітап оқуға, бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін кітапхана клубтарына, үйірмеге жазылуға шақырды. Шараға Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, №16 мектеп оқушылары, клуб мүшелері қатысты. Кітапханашылар тек кітаппен қамтамасыз етіп қоймай әр түрлі клубтарға жетекшілік етеді. Жасөспірімнің бос уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі. Акцияға кітапхананың «Ақ қауырсын», «Шапағат», «Алтын өлке», «Бүркіт», «Сырғалым», «Старт» клубтарының мүшелері қатысты. Әр клуб мүшелері өздеріне берілген тапсырманы орындады. Горобец Инна «Родина моя Казахстан», Котлобовский Игорь «Вот голубой как небо флаг», Аманшиева Томирис «Казахстан – это имя страны» өлеңдерін оқыса, ал Закеев Манат «Қазақ елі» әнін орындады.