Сәрсенбі күні, 11 ақпанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен ҚРКФ Атқару комитетінің отырысы өтті.
Атқару комитеті мүшелерінің қарауына екі мәселе ұсынылды.

«Маңғыстау облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Сәдуақас Бекғалиевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты жұмыстан босату туралы өтінішіне орай, Атқару комитеті отырысына Кәсіподақ орталығының жаңа басшысын сайлау туралы мәселе шығарылды.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Сәдуақас Бекғалиевке атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің басшыларын сайлау Атқару комитетінің айрықша құқығы екенін атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы Жарғысының 47-тармағының 10-тармақшасына сәйкес, Атқару комитеті Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасын сайлауға өкілетті. Кәсіподақ орталығының төрағасын сайлау міндетті түрде жергілікті кәсіподақтардың пікірі мен ұсыныстарына негізделеді. Бұл демократиялық тәртіп 2020 жылы орнатылған. Және бүгін біз осы демократиялық процесті растап отырмыз», – деп баса айтты Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен қатар, Атқару комитеті мүшелерінің қарауына Маңғыстау кәсіподақтарының филиалдары мен өкілдіктерінен өңірлік Кәсіподақ орталығының төрағасы лауазымына 39 жастағы Бекбергенов Серік Нағашбайұлының кандидатурасын қолдау туралы ұсыныстар түсті.

Кандидат Серік Бекбергенов Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің түлегі, өңірдегі мұнай-газ компанияларында жұмыс тәжірибесі бар, соңғы бес жыл бойы кәсіподақ ұйымдарында жұмыс істеді, «Өзенмұнайгаз» компаниясы кәсіподағының төрағасы болып сайланды. Соңғы екі жылда «Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облыстық филиалын басқарды.

Оның кандидатурасын қолдап, отырыс барысында оның әріптестері – Маңғыстау облысының кәсіподақ ұйымдарының төрағалары пікір білдірді.

Атқару комитеті мүшелері маңғыстаулық әріптестерінің ұсынысын қолдап, Маңғыстау облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы болып Серік Бекбергеновтің сайлануына дауыс берді.
Бірінші мәселені қарауды түйіндей келе, ҚРКФ Төрағасы Маңғыстау облысы Кәсіподақ орталығының жаңа басшысына әлеуметтік әріптестік қағидаларын ілгерілетуде және өңір еңбекшілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау ісіндегі кәсіподақ басымдықтарын іске асыруда сәттілік тіледі.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бренд-бейнесін қалыптастыру туралы ақпаратты ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының имиджін нығайту, жасампаз еңбек идеологиясын танымал ету мақсатында, сондай-ақ әлеуметтік әділеттіліктің, цифрландырудың заманауи трендтерін және оң бренд-бейнені қалыптастыруды ескере отырып, Атқару комитеті мүшелерінің қарауына жаңа нышан – «ArAi» есімді ара маскоты ұсынылды.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ресми бренд-бейнесі ретінде ұсынылып отырған ара бейнесі — цифрландыру дәуіріндегі еңбекқорлықтың, ұжымдық ауызбіршіліктің және қызметкерлер құқығын қорғаудың символы. «ArAi» маскоты қазіргі заманғы кәсіподақ қызметінің идеологиясын көрсететін және бірнеше ұғымдар мен мағыналарды біріктіретін үш жақты мағыналық жүктемені иеленеді: еңбекқор ара – «Ара», ар-намыс – «Ар» және жасанды интеллектті дамыту арқылы технологиялық прогресс – «AI». Осылайша, «ArAi» тұжырымдамасы автоматтандыру дәуірінде де адамның қадір-қасиеті мен қызметкердің құқықтары басты басымдық болып қала беретінін айқындайды», – деп түсіндірді Нұрлан Өтешев.

Бренд-бейне корпоративтік түстерде – көк-қызғылт сары түстеріндегі сүйкімді ара бейнесін білдіреді. Бейне еңбекқор араның дәстүрлі мағынасын заманауи дизайнмен ұштастырып, ұйымның танымал және тартымды нышанын құрайды. Маскоттың кеудесінде Кәсіподақтар федерациясының ресми логотипі орналасқан, бұл ұйымның ресми өкілі ретіндегі мәртебесін айқындайды.

Атқару комитеті мүшелері ара бейнесі бойынша ұсыныстар енгізді және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жаңа бренд-бейнесін жасауды қолдады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
