Ақмола облысының салалық кәсіподақтарының аумақтық құрылымдары өкілдерінің Үйлестіру кеңесінің отырысы Кали Рахметовтің төрағалығымен өтті.
Отырыс барысында күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралды. Атап айтқанда, жаңа Конституция жобасы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жүргізіліп жатқан конституциялық реформаны қолдауға арналған үндеуі талқыланды.
Қатысушылар қарапайым жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. Ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.

Сонымен қатар, жаңартылған Конституция әділетті еңбек қатынастарын қалыптастыруға, әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы нормаларын сақтаудағы жауапкершілігін арттыруға берік негіз болу керектігі айтылды.
Кәсіподақ ұйымдары өз кезегінде жұмысшылардың мүдделерін қорғау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруға, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын тұрақты түрде ілгерілетуге дайын екендерін растады.
Талқылау қорытындысы бойынша әрбір мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданып, алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Отырыс салалық кәсіподақтардың өзара іс-қимылының жоғары деңгейін, олардың әлеуметтік әріптестікті дамытуға, кәсіподақ қозғалысын нығайтуға және ынтымақ қағидаттарын ілгерілетуге бағытталғанын тағы бір мәрте көрсетті.
