Бейсенбі күні, 12 ақпанда, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов Қарулы Қазақстандық Қарулы Күштер және басқа әскери құрылымдар қызметкерлерінің кәсіподағы мүшелерімен кездесті. Онлайн форматта өткен кездесуге салалық кәсіподақ төрағасы Төрехан Ерденбеков пен Алматы облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Әсет Қыдырманов та қатысты.

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ұйымдастырылған бұл шара бастауыш кәсіподақ ұйымдарының тыныс-тіршілігін тікелей талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесу барысында еңбек нормаларының сақталуы мен қызметкерлердің заңды құқықтары төңірегінде сындарлы әрі ашық диалог орнады. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері күнделікті жұмыс барысында кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салды: еңбекақы жүйесін жетілдіру және төлемдердің уақтылығы; салалық ерекшеліктерге байланысты үстемақылар мен қосымша төлемақылардың тағайындалуы; еңбек демалыстарын ұйымдастыру және сауықтыру жәрдемақыларының көлемі.

Салалық кәсіподақ төрағасы Төрехан Ерденбеков көтерілген әрбір сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, қазіргі уақытта әскери құрылымдар қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы ақпарат берді. Ол салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар аясындағы жаңа бастамаларға тоқталды.
ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау Кәсіподақтар федерациясы қызметінің өзегі екенін айтты. Еліміздегі жаңа Конституция жобасының маыңызын да тілге тиек етті.

«Біздің басты мақсатымыз – еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін биіктету және әрбір қызметкердің қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеп, лайықты жалақы алуын қамтамасыз ету. Кәсіподақтар федерациясы еңбек дауларының алдын алу мен әлеуметтік әділдікті орнату жолында ауқымды реформаларды жалғастыруда. ҚРКФ Төрағасының Конституциялық комиссия құрамына енуі кәсіподақтардың елдегі беделін тағы бір мәрте дәлелдеді десек артық кетпеспіз», — деді Н. Өтешев.
Кездесу соңында бастауыш ұйымдармен кері байланысты нығайту, құқықтық кеңес беруді жүйелеу және еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша алдағы жоспарлар белгіленді. Жиынға қатысушылар осындай тікелей байланыс форматтары бастауыш ұйымдардың жұмысына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
