Шымкент қаласы Д. Қонаев атындағы жалпы орта мектебінде Жаңа Конституция жобасына арналған маңызды жиын болып өтті. Игі шара барысында «Заңның кері күші. Жаңа Конституция жобасындағы қарапайым еңбекшілердің құқықтарын қорғау тетіктері» тақырыбы кеңінен талқыланып, қатысушыларға заңнамалық жаңашылдықтар түсіндірілді. Жиынды Д. Қонаев мектебі Кәсіподақ ұйымының төрайымы Ақтолқын Сапарова ашып беріп, кездесудің мақсаты мен маңызына тоқталды. Басты баяндамашы, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Ермек Қаңлыбаев «Конституциялық реформа: Еңбекшілер құқығын қорғаудың жаңа парадигмасы» тақырыбында сөз сөйлеп, Жаңа Конституция жобасының артықшылықтарын саралап берді.

Жиын барысында Конституциялық реформа аясында еңбек адамының мәртебесін көтеру және заңнамалық өзгерістердің қарапайым жұмыскерлерге тигізер оң әсері баса айтылды. Ермек Қаңлыбаев өз сөзінде заңның кері күші принципі азаматтардың бұрын иеленген құқықтарын шектемеуге және жаңа заңнаманың тек жақсарту бағытында жұмыс істеуіне кепілдік беретінін, бұл еңбекшілер үшін өте маңызды құқықтық қорған екенін жеткізді. Сонымен қатар Ермек Ерғалиұлы жобада көрініс тапқан биліктің саяси құрылымындағы, халықаралық құқықтағы, цифрлық дәуірдегі құқықтар мен отбасылық құндылықтардағы өзгерістерді жіпке тізгендей баяндады. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде еңбек ету құқығы мәселелері төңірегіндегі жаңашылдықтарды саралай келе, бұл өзгерістердің қарапайым халықтың тұрмысына тікелей оң ықпал ететінін атап өтті.


Жобада мемлекеттің жұмысшы алдындағы міндеттері нақтыланған: қауіпсіз әрі таза еңбек жағдайы, ешқандай кемсітусіз лайықты жалақы алу және заңды әлеуметтік көмек алу құқығы конституциялық деңгейде бекітілген. Осы ретте Кәсіподақтар Федерациясының Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы негізгі серіктесі болуы әлеуметтік әділдік пен лайықты еңбек қағидаларын ілгерілетуде үлкен маңызға ие. Талқылау барысында еңбек қауіпсіздігі, әділетті еңбекақы және кәсіподақтардың еңбек адамының мүддесін қорғаудағы жауапкершілігі сияқты өзекті мәселелерге басымдық берілді.


Білім ордасының ұстаздары қатысқан жиында қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасу барысында тұщымды жауаптар алды. Кездесу соңында қатысушылар Конституциялық реформаны «Әділетті Қазақстанды» құрудың басты баспалдағы ретінде бағалап, ортақ байламға келді. Жиынға қатысушы кітапханашы Жібек Шаңкөзова мұндай түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын жоғары бағалап, еңбек құқықтарының жаңа деңгейде қорғалуына сенім білдірді. Қатысушылар конституциялық реформаларды бірауыздан қолдап, бұл өзгерістерді халық арасында кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті. Ермек Қаңлыбаев Конституцияның әркімге қатысты екенін, сондықтан реформалардың сәтті болуы үшін әрбір азамат оның мәнін түсінуі керектігін айтып, сөзін қорытындылады.
