«Арыстан» зауытында конституциялық реформа бойынша кездесу өтті

Ағымдағы жылдың 13 ақпанында Астанадағы №1 индустриалды парк аумағында орналасқан «Арыстан» құбыр зауытының еңбек ұжымымен конституциялық реформаға қатысты кездесу өтті.

Кездесу барысында Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин зауыт қызметкерлеріне адам құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын қалыптастыру, денсаулық сақтау мен білім беру жүйелерін дамыту, сондай-ақ жер және тіл саясаты бағытындағы конституциялық түзетулер туралы жан-жақты ақпарат берді.

Кәсіпорын қызметкерлері кездесуге белсенді қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсынылған өзгерістерді талқылады. Іс-шара ашық пікір алмасу форматында өтті. Мұндай кездесулер әрбір азаматтың сенімді ақпарат алуына және өз ойын еркін білдіруіне мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылады.

«Арыстан» Астана құбыр зауыты — полимерлі құбырлар мен фитингтерді өндіру және сақтау бағытындағы заманауи өндірістік кәсіпорын. Зауыт 2023 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде ол коммуналдық және инженерлік жүйелер құрылысы саласында сұранысқа ие өнімдер шығарып келеді.Кәсіпорында 70-тен астам адам еңбек етеді. Жылдық өндірістік қуаты 11 500 тоннаны құрайды.