Астанада Химия, мұнай-химия және сабақтас өнеркәсіп салалары жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының Пленумы өтті. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, Салалық кәсіподақ кеңесінің мүшелері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басшылары мен әлеуметтік әріптестер қатысты.

Салалық кәсіподақ төрағасы Керім Пірімқұлулы бірлестіктің және оның мүшелік ұйымдарының өткен жылы атқарған қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
«2025 жыл мұнай өңдеу саласындағы кәсіпорындар үшін табысты болды. Жыл қорытындысы бойынша 17 млн 460 мың тонна мұнай өңделіп, бұл тарихи рекордтық көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік берді. Дизель отынын өндіру 850 мың тоннаға, бензин өндірісі 400 мың тоннаға өсті. Мұнай өнімдерінің үлесі 78%-ға жетті, ал мұнай өңдеу тереңдігі 90%-ды құрады. Бұл халықаралық тәжірибе тұрғысынан алғанда жоғары нәтиже болып табылады», — деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша химия саласындағы барлық кәсіпорындар өндірістік жоспарды толық орындай алмады. Тек екі кәсіпорын жоғары нәтиже көрсетті: «Қаратау» ТКК» ЖШС жоспарды 110%-ға, ал «ЖТК» ЖШС 148%-дық көрсеткішке қол жеткізді.
Салалық кәсіподақ төрағасы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселесіне де тоқталды.
«Әлеуметтік әріптестік аясында химия және мұнай-газ салаларында бірден екі салалық келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар жұмысшылардың жалақысын көтеруге және әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталған нақты қадамдарға айналды. Химия саласы бойынша 2025–2027 жылдарға арналған келісім мамыр айында бекітілді, онда: бірінші разрядтың тарифі ең төменгі жалақы мөлшерінен 21%-ға өсті; зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндер үшін 1,5 еселік үстемеақы мөлшеріндегі салалық коэффициент сақталды; кейбір разрядтар бойынша аралық коэффициенттер жоғарылады; жұмысшылардың жекелеген санаттары үшін жыл сайынғы еңбек демалысы 24 күннен 30 күнге дейін ұзартылды; химия саласының қызметкерлері үшін жыл сайынғы еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысы 2025 жылы 100 мың теңге, ал 2026 жылдан бастап 200 мың теңге мөлшерінде белгіленді», — деп мәлімдеді Керім Пірімқұлулы.
Қазан айында мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салалары бойынша 2026–2028 жылдарға арналған Салалық келісім қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыс оңай болған жоқ. Салалық комиссияның отырыстарында тараптар бірқатар мәселелер бойынша бірден ортақ мәмілеге келе алмады. Әсіресе еңбекақы төлеудің ең төменгі базалық деңгейі, зиянды жағдайда жұмыс істейтіндерге арналған үстемеақы мөлшерін арттыру және индекстеу көлемі қызу талқыланды.

Өткен жылы кәсіпорындардағы меншік иелерінің ауысуы, қайта ұйымдастыру және цифрлық технологияларға көшу салдарынан саладағы жұмысшылар саны қысқарды, ал кәсіподақ мүшелерінің саны 557 адамға азайды. Осыған байланысты 2026 жылы кәсіподақтың ұйымдық құрылымын нығайту қажеттілігіне ерекше назар аударылады. Сондай-ақ бірлікті сақтау, бастауыш ұйымдардың жұмысын жандандыру, мүшелер қатарын кеңейту және кәсіподақ беделін арттыру бағытындағы жұмысты күшейту қажеттілігі атап өтілді.
Пленум қатысушылары алдында сөз сөйлеген ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Салалық кәсіподақтың жұмысына оң баға берді.
«Химия және мұнай-химия салалық кәсіподағы бүгінгі таңда ҚРКФ құрамындағы ең белсенді әрі іргелі ұйымдардың бірі болып табылады. Әлеуметтік әріптестікті нығайтудағы, әсіресе ұжымдық шарттар мен салалық келісімдер арқылы жұмысшылардың мүддесін қорғаудағы тәжірибелеріңіз өзгелерге үлгі. Өткен жылғы көрсеткіштеріңіз бен еңбекақыны көтеру мәселесіндегі табандылықтарыңыз кәсіподақ беделін нақты істермен дәлелдеді», — деді ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ол елдің жаңа Конституциясының жобасы туралы айтып берді.
«Біз қазір мемлекетіміз үшін маңызды тарихи кезеңде тұрмыз. Елдің жаңа Конституциясының жобасы — бұл жай ғана құқықтық құжат емес, бұл әділетті қоғам құрудың жаңа парағы. Жаңа Конституция аясында адам құқықтарын қорғау тетіктері айтарлықтай күшейтілді. Кәсіподақтар үшін бұл — жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін қосымша құқықтық кепілдіктер. Біз бұл реформаларды толық қолдаймыз, өйткені қуатты кәсіподақ пен әділ заң — тұрақты дамудың басты кепілі», — деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Пленум қорытындысы бойынша 2026 жылға арналған басымдықтар мен міндеттер айқындалды. Олардың қатарында: еңбекақыны кезең-кезеңімен арттыру, еңбек қауіпсіздігін күшейту, ұжымдық шарттардың орындалуын жүйелі бақылау, еңбек дауларының алдын алу, жастар және гендерлік саясатты дамыту бар.
Жиын соңында тиісті қаулылар қабылданып, Салалық кәсіподақтың еңбеккерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау бағытындағы жүйелі жұмысы алдағы уақытта да жалғасатыны баса айтылды. Кәсіподақ қызметін жаңғырту, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету және әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайту алдағы кезеңнің негізгі басымдықтарының біріне айналды.
