Шымкенттік кәсіподақтар Конституциялық реформаны қолдайды

Шымкент қаласында Конституциялық реформа аясында кәсіподақ белсенділері мен салалық сарапшылардың қатысуымен «Әлеуметтік мемлекет пен өмір сапасының жаңа стандарттары» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында реформаның еңбек нарығына және әрбір қызметкердің әлеуметтік жағдайына тигізер әсері жан-жақты талқыланды.


Реформа – жаңа мүмкіндіктер көзі. Жиынды ашқан «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев негізгі баяндаманы жасады. Ол өз сөзінде конституциялық өзгерістердің мемлекеттік құрылымды жаңғыртудағы маңызына тоқталды.


«2026 жылғы 11 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы № 1170 Жарлыққа қол қойды. Бұл референдумның басты ерекшелігі – қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу емес, жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі. Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясын құру туралы жарияланды. Бірлестік құрамына бес саяси партияның өкілдері және 300-ден астам қоғамдық ұйым енді. Қатысушылар қатарында Парламент пен мәслихат депутаттары, сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдері, кәсіподақтар, салалық қауымдастықтар, мәдениет пен спорт қайраткерлері, сондай-ақ жастар ұйымдары бар. Кәсіподақтар тұрғысынан алғанда, бұл құжатта «Еңбек адамы» ұғымы мемлекеттік идеологияның орталығына шығарылды, мемлекеттің жұмысшы алдындағы міндеттері нақтыланған: қауіпсіз әрі таза еңбек жағдайы, ешқандай кемсітусіз лайықты жалақы алу және заңды әлеуметтік көмек алу құқығы бекітілген. Ал Конституциялық комиссия құрамында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің болуы «Еңбек адамы» ұғымы мен «Еңбек адамы» мәртебесінің деңгейін көтеріп, оның мүдделерін қорғаудың жаңа тетіктерін белгілеуде маңызды. Біздің мақсатымыз – Конституциялық реформа арқылы әлеуметтік мемлекеттің іргетасын нығайту. Бұл тек заңдағы жазу емес, бұл – әрбір еңбек адамының лайықты жалақы алуы, қауіпсіз жұмыс орнымен қамтылуы және әлеуметтік кепілдіктерге ие болуы. Жаңа стандарттар өмір сапасын жақсартудың басты құралына айналуы тиіс», – деді Б.Алтеев.


Талқылау барысында Шымкент қалалық мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету мекемелері қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесі мен олардың құқықтық қорғалуы жайлы пікір білдірді: «Мемлекеттік және қоғамдық қызмет көрсету саласындағы әрбір маман өзін қорғалған сезінуі қажет. Реформа аясында біз бюрократияны азайтып, халыққа қызмет етудің ашық әрі әділ жүйесін қалыптастыруды қолдаймыз».


Шымкент қаласы Жол-көлік колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Рахменберді Ешимов Ата Заңның мәртебесі үнемі биік болуы шарт және өз тарапынан жас буынға мемлекеттің негізін құрайтын құжаттың тарихы мен дамуы жөнінде ақпаратты барынша беріп, патриоттық сезім мен Отан алдындағы жауапкершілікті тәрбие мен білім арқылы сіңіру қажеттігін айтты.


Жиынға қатысқан «Ұстаз жолы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлжан Исабаева Конституциялық реформа – Әлеуметтік мемлекет пен өмір сапасын жақсартудың жаңа белестері екендігін жеткізді.


Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев барша қатысушыларды және кәсіподақ мүшелерін ортақ іске атсалысуға шақырды:
«Конституциялық реформаның сәтті жүзеге асуы тек мемлекетке ғана емес, әрбір азаматтың белсенділігіне байланысты. Мен баршаңызды осы тарихи өзгерістерге бей-жай қарамай, реформаны ілгерілетуге атсалысуға шақырамын. Біздің бірлігіміз бен жауапкершілігіміз ғана әділетті қоғам мен жоғары өмір стандарттарын орната алады. Бүгінгі айтылған ұсыныстардың барлығы кәсіподақтардың жұмыс жоспарына негіз болып, нақты істерге ұласады және көтерілген мәселелер бойынша арнайы іс-шаралар кешені әзірленеді», – деп түйіндеді төраға.