Әлеуметтік әріптестік аясындағы өзекті мәселелер қаралды

Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның төрағалық етуімен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Жиынға Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде 2025 жылғы 23 желтоқсанда өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссия отырысының №6 хаттамасының орындалу барысы қаралды. Әлеуметтік әріптестік тараптары аталған хаттама аясында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов өз баяндамасында бірқатар кәсіпорындардағы жалақы берешегін өтеу бағытында нақты жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, «Bastau Qurylys 2024» ЖШС-нің 55 қызметкері мен «Теплолюкс-АЭС» ЖШС-нің 22 қызметкері алдындағы жалақы берешегі толық өтелген.

Өз кезегінде Ерік Мейірхан комиссия мүшелеріне кәсіпорындардағы жалақы берешегіне қатысты мәселелерді қарау және шешу процесіне белсенді қатысып, бұл бағыттағы жұмысты тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.

Жиын қорытындысында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның 2026 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді.