Осы күндері Италия елінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған ресми делегация кездесулер өткізуде.
Рим қаласында Италияның басты кәсіподақ орталықтары — Жалпы италияндық еңбек конфедерациясы (CGIL), Италия еңбекшілер кәсіподақтарының конфедерациясы (CISL) және Италия еңбек одағының (UIL) өкілдерімен кездесу өтті. Бұл кездесуде тараптар өзара тәжірибе алмасып, маңызды мәселелерді талқылады.

Италияда ең ірі үш ұлттық кәсіподақ орталығы жұмыс істейді. Олар — CGIL, CISL және UIL. Бұл ұйымдар шамамен 12 миллион жұмысшының басын біріктіріп отыр, бұл — елдегі барлық жұмысшы халықтың 30%-ына жуығы. Аталған кәсіподақтар жалпыұлттық ұжымдық шарттарға қол қояды және Италиядағы әлеуметтік әріптестік жүйесінің ең негізгі бөлігі саналады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясымен кездесу кезінде CISL және UIL өкілдері ҚРКФ-мен байланысты нығайтуға дайын екенін білдірді. Тараптар халықаралық еңбек стандарттарын енгізу, әлеуметтік диалогты дамыту және бүгінгі заманның мәселелеріне бірге шешім табу үшін ынтымақтастықта жұмыс істеу қажеттігін айтты.
CGIL ұйымының халықаралық саясат жөніндегі директоры Сальватор Марро және оның CISL мен UIL-дегі әріптестері — Диана Топетто мен Давидо Лорино Қазақстандық делегацияға Amazon халықаралық компаниясымен жасалған Ұжымдық келісімшарт туралы баяндап берді.
«Италиядағы Amazon компаниясымен жасалған бұл келісімнің орны бөлек. Себебі бұл құжатқа алғаш рет үш ұлттық кәсіподақ бір мезгілде қол қойды. Осының арқасында жұмысшылар кеңейтілген құқықтарға ие: олардың ереуілге шығуға, ақы төленетін демалыс алуға және кәсіподақ жұмысына еркін қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл келісім кәсіподақтардың бірлескен жұмысының нәтижесі және үш ірі ұйымның бір жеңнен қол шығаруының тиімділігін көрсетеді», — деп Сальваторе Марро өз ойымен бөлісті.
Әңгіме барысында италиялық кәсіподақ өкілдері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының цифрландыру және жасанды интеллектті жұмысқа енгізу саласындағы жетістіктеріне үлкен қызығушылық танытты.
Еуропа Одағына кіретін 27 елдің ішінде Италия цифрлық технологиялардың дамуы бойынша 18-орында тұр. 2026 жылы Италия билігі мемлекеттік қызметтердің 75 пайызын цифрлық технологияларға көшіруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда ел үкіметі жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алатындарды бақылау үшін арнайы цифрлық жүйені қолданады. Дегенмен, Италияның өндіріс саласында ақпараттық технологиялар мамандары әлі де жетіспейді.
Италиялық әріптестерінің сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек саласына жаңа технологияларды енгізуде кәсіподақтардың рөлі зор екенін атап өтті.

«Технологиялық өзгерістер бүкіл әлемге және еңбек нарығына әсер етіп жатыр. Мұндай жағдайда жұмысшылардың құқығын қорғау және жаңа жүйеге әділ өтуді қамтамасыз ету үшін кәсіподақтар жасанды интеллектті енгізу жұмыстарына бастан-аяқ қатысуы тиіс. Қазақстан әлем бойынша алғашқылардың бірі болып «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодексті қабылдады. Кәсіподақтар федерациясы өз тарапынан жұмысшыларды қорғаудың арнайы Жасанды интеллект дәуіріндегі жұмысшылардың құқықтарын қорғау стандартын жасап, Кәсіподақтардың цифрлық жаңғыру тұжырымдамасын бекітті. Сондай-ақ, 2030 жылға дейінгі Жол картасы қабылданды. Біз қазірдің өзінде жұмысшылармен байланыс орнататын цифрлық жүйелерді іске қосып, еңбек саласындағы қауіп-қатерлерді анықтайтын картаны жасап жатырмыз. Басты мақсат — қарапайым жұмысшы жасалып жатқан өзгерістердің пайдасын сезінуі тиіс», — деп Сатыбалды Дәулеталин өз ойын түйіндеді.
Кездесу барысында екі елдің кәсіподақ өкілдері жұмысшылардың жалақысын төлеу мәселесі бойынша да тәжірибе бөлісті.
Италиялық өкілдердің айтуынша, олардың елінде заңмен бекітілген бірыңғай ең төменгі жалақы мөлшері жоқ. Жалақы мөлшері әр саланың өз келісімшарттары арқылы реттеледі. Әдетте жұмысшылар сағатына 7-ден 9 еуроға дейін алады. Ал италиялықтардың нақты қолға алатын ең төменгі айлығы шамамен 950–1100 еуроны құрайды.
Қазақстандағы жағдайға тоқталған ҚРКФ Төрағасы біздің елде ең төменгі жалақыны мемлекет белгілейтінін айтты. Ол кәсіподақтардың бұл мөлшерді есептеуде халықаралық талаптарды енгізуді ұсынып жатқанын жеткізді.
«Қазіргі таңда Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгені (130 АҚШ долларын) құрайды. Біз ұзақ уақыт бойы бұл мәселені көтеріп келдік және өткен жылы Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ең төменгі жалақы туралы 131-конвенциясын ресми түрде қабылдады. Бұған қоса, Ең төменгі жалақы мөлшерін есептеудің жаңа әдістемесі де бекітілді. Қазір әріптестерімізбен бірге осы 131 Конвенцияның талаптарын іс жүзінде асыру жолдарын қарастырып жатырмыз. Кәсіподақтар федерациясы өз ұсыныстарын Үкіметке жолдады. Сондай-ақ, біз жалақыны жыл сайын инфляция деңгейіне қарай міндетті түрде көтеріп отыруды (индексация) заңмен бекітуді талап етіп отырмыз. Қазір бұл жұмысты ұжымдық шарттар мен аймақтық келісімдер арқылы жүзеге асырып жатырмыз», — деп Қазақстан кәсіподақ жетекшісі әріптестеріне баяндап берді.
CISL және UIL кәсіподақ көшбасшылары Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаға, соның ішінде еңбекшілерге қатысты ережелерге де үлкен қызығушылық танытты.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Конституциялық комиссияның қызметі туралы баяндап, әріптестерінің назарын Конституция жобасында бекітілген еңбек адамдарына қатысты мәселелерге аударды. Оның айтуынша, Конституциялық комиссия мүшелерінің қарауына саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден және ел азаматтарынан 4000-нан астам ұсыныс түсті.

«Жаңа Конституция жобасына кәсіподақтар тұрғысынан қосымша баға берсек, екі бағытты ерекше атап өтуге болады. Біріншісі Халық Кеңесі институты. Екіншісі еңбек ету құқығының конституциялық тұрғыдан жаңаша түсіндірілуі. Жобаға азаматтардың мемлекет басқаруына қатысуының дербес институты ретінде Халық Кеңесін енгізу демократиялық өкілдікті шын мәнінде кеңейтуге жасалған қадам деп бағалауға болады. Негізінде Халық Кеңесі қоғам мен билік арасындағы тікелей диалогтың тетігі ретінде ойластырылған. Азаматтар мен әлеуметтік топтар бастама көтере алады, маңызды реформаларды талқылайды, ел үшін мәні бар шешімдерге ықпал ету мүмкіндігіне ие болады.
Жалдамалы жұмысшылар мен кәсіподақтар үшін бұл өте маңызды. Алғаш рет конституциялық деңгейде еңбек ұжымдарын қоса алғанда әлеуметтік топтардың күн тәртібіне тікелей әсер ету жолы ашылып отыр. Тек дайын шешімге кейін үн қату емес, процестің өзіне араласу мүмкіндігі пайда болады. Егер бұл норма заңдарда дұрыс әрі мазмұнды іске асса, Халық Кеңесі еңбек жағдайы, жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, табысты индексациялау, әлеуметтік әділеттілік сияқты мәселелер тұрақты түрде көтерілетін алаңға айнала алады. Бұл еңбек адамының даусын күшейтеді әрі билік пен адамдардың күнделікті өмірі арасындағы алшақтықты азайтады», – деді Қазақстан кәсіподақ қозғалысының басшысы.
Оның айтуынша, екінші маңызды сәт — еңбек ету құқығы және оның конституциялық мазмұны.
«Жоба қолданыстағы Конституциядан айырмашылығы әркімнің еңбек етуге және қызмет түрін еркін таңдауға құқығын қайта растайды. Бірақ басты айырмашылық басқа жерде. Жаңа мәтінде бұл құқық әлеуметтік мемлекет қағидатымен және адамды басым құндылық ретінде танумен тығыз байланысты қарастырылады. Яғни еңбекке формальды емес, өмірдің негізі ретінде мән берілуде. Кәсіподақтар үшін бұл үлкен мүмкіндік ашады. Мұндай түсінікте еңбек ету құқығы тек жұмыс табу емес. Ол қауіпсіз еңбек жағдайын, әділ еңбекақыны, кемсітуден және негізсіз қысымнан қорғалуды білдіреді. Бұл құқықтың конституциялық мәртебесі жұмысшылардың мемлекетпен де, жұмыс берушімен де дауларда ұстанымын күшейтеді. Себебі жұмыспен қамтуға қатысты кез келген шешім, еңбек нарығын реформалау, оңтайландыру немесе цифрландыру ең алдымен еңбек адамының қорғалу қағидатымен үйлесуі тиіс», – деп тілге тиек етті Сатыбалды Дәулеталин.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Жалпы италияндық еңбек конфедерациясының Бас хатшысы Маурицио Ландини Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұл құжатта екі ұйым арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалған.
«ҚРКФ мен CGIL адам құқықтары, еңбек құқығы және әлеуметтік әділдік туралы халықаралық келісімдер мен Біріккен Ұлттар Ұйымы және Халықаралық еңбек ұйымы қабылдаған құжаттарды сақтау — тұрақты дамудың басты тірегі екенін ерекше атап өтеді», — делінген Мәлімдемеде.
Италиялық әріптестермен ынтымақтастық Неаполь қаласындағы CGIL аймақтық кәсіподақ ұйымымен – Napoli e Campania кездесумен жалғасатын болады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
