ҚРКФ білім беру марафоны: еңбекшілер құқығын қорғауға басымдық берілді

17 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру марафоны аясында Алматы қаласының кәсіподақ белсенділеріне арналған онлайн-семинар өтті. Шара «Әлеуметтік әріптестік: Ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу» тақырыбына арналды.

Іс-шараға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, энергетика, құрылыс, теміржол көлігі, мемлекеттік мекемелер және экономиканың басқа да салаларының кәсіподақ белсенділері қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты — кәсіподақ кадрлары мен белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік әріптестік тетіктерін дамыту, сондай-ақ ұйымдарда ұжымдық шарттарды дайындау мен жасасу тәжірибесін жетілдіру.

Семинар спикері ретінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитеті төрағасының орынбасары Айжан Ибраева сөз сөйледі. Ол әлеуметтік әріптестіктің құқықтық негіздерін, оның негізгі принциптері мен іске асыру құралдарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

«Әлеуметтік әріптестік — бұл жұмысшылар мен жұмыс берушілердің мүдделерін үйлестірудің тиімді тетігі. Сапалы ұжымдық шарт ресми құжат қана емес, ол жұмысшылардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғаудың нақты құралы болып табылады», — деп спикер атап өтті.

Ұжымдық келіссөздер жүргізудің, ұжымдық шарттарды әзірлеу мен жасасудың заңнамалық тәртібіне, сондай-ақ республикалық, салалық, өңірлік және ұйымдық деңгейлердегі әлеуметтік әріптестіктің рөліне ерекше назар аударылды.

Практикалық бөлім аясында қатысушылар еңбек заңнамасы нормаларын қолданудың өзекті мәселелерін талқылап, келіссөздер жүргізу тәжірибесімен алмасты. Сонымен қатар, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге бағытталған ұжымдық шарттардың мазмұнын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізді.

Семинар қорытындысы бойынша тыңдаушыларға ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитеті әзірлеген әдістемелік және талдау материалдары ұсынылды.

Кәсіподақ белсенділері іс-шараның ұйымдастырылу деңгейі мен мазмұнының жоғары екенін атап өтіп, практикалық бағыттағы оқыту бағдарламаларын жалғастырудың маңыздылығын жеткізді.

ҚРКФ Кәсіподақ коммуникациялары орталығы