Сейсенбі, 17 ақпанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация Неаполь қаласында италиялық әріптестерімен кездесулер легін өткізді.
Италияда бейресми сектордағы қызметкерлерді қорғайтын кәсіподақ қауымдастығы өте тиімді жұмыс істейді. Қазақстандық делегацияны әсіресе Неапольдегі платформалық қызметкерлер жүйесі қызықтырды. Сол себепті алғашқы кездесу Италияда «райдерлер» деп аталатын тағам жеткізу курьерлерінің штаб-пәтерінде ұйымдастырылды.
Неаполь райдерлер штабында жеткізушілердің кофе ішуіне, құқықтық кеңес алуына және көліктері бұзылған жағдайда техникалық көмек алуына толық жағдай жасалған. Сондай-ақ мұнда шұғыл жиналыстар өткізуге арналған арнайы бөлме бар.

Штаб өкілдері атап өткендей, соңғы жылдары Италияда курьерлердің кәсіподақ қозғалысы қарқынды дамып, еңбек құқықтарын қорғау, ресми келісімшарттарға қол жеткізу және жұмыс қауіпсіздігі үшін белсенді күресіп келеді.
Италияда курьерлердің мүддесін қорғайтын негізгі ұйымдар: Жалпы италияндық еңбек конфедерациясы, Италиялық көлік қызметкерлері федерациясы (FILT-CGIL), Италиялық көлік федерациясы (FIT-CISL) және Көлік қызметкерлерінің кәсіподағы (UIL Trasporti).
Неапольдегі NIDIL курьерлер кәсіподағы осы ұйымға мүше жүзге жуық райдердің құқығын қорғайды. Елдің өзге өңірлеріндегідей, мұнда да курьерлерді “фриланс” күйінен толық әлеуметтік пакеті бар «штаттық қызметкер» мәртебесіне өткізу жұмыстары жүргізілуде.
«Біз курьерлердің табысына және тапсырыс алу мүмкіндігіне әсер ететін түсініксіз алгоритмдерге қарсымыз. Біздің талабымыз — сағаттық еңбекақының әділ төленуі және жазатайым оқиғалардан сақтандыру. Сондай-ақ райдерлерді қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету үшін күресіп жатырмыз», — дейді Неапольдегі NIDIL бас хатшысы Антониетта Перна.
Оның айтуынша, 2020 жылы Жеткізу платформалары қауымдастығы мен кәсіподақ арасында салалық келісім жасалды, бұл еңбек қатынастарын реттеудегі маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы кәсіподақтардың қысымымен Just Eat платформасы Италияда бірінші болып курьерлерді ресми түрде штатқа ала бастады. Егер райдерлердің құқығы бұзылса, кәсіподақ «No Delivery Day» («Жеткізуден бас тарту күні») атты жергілікті ереуілдер ұйымдастырады. Мұндай шаралар MyMenu және Glovo платформаларында өткізіліп тұрады.
Өз кезегінде ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық делегация еліміздегі бейресми сектор қызметкерлерін қорғау тәжірибесімен бөлісті.
Бүгінде Қазақстанда түрлі интернет-платформалар арқылы 1 миллионға жуық азамат қызмет етеді. Олардың көбі денсаулығы мен әл-ауқатын қорғайтын әлеуметтік кепілдіктермен, соның ішінде сақтандыру жүйесімен қамтылмаған.
Айта кетерлігі, Кәсіподақтар федерациясы платформалық қызметкерлерді қолдау мақсатында Парламенттегі жұмыс тобына маңызды ұсыныс енгізді. Ұсыныстың мәні: егер жеке тұлғамен жасалған келісімшартта еңбек шартының белгілері болса, онда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға заңмен тыйым салынады. Бұл ұсыныс заңға еніп, бүгінде Қазақстанда қолданылып жатыр.

«Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестік жүйесінде қызметкерлердің негізгі өкілі болғандықтан, біз қол жеткізген нәтижелерді нығайтып жатырмыз. Бас келісім аясында тараптар еңбек нарығын дамыту, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру, еңбек қатынастарын заңдастыру және стандартты емес жұмыс түрлерінде әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту бойынша міндеттемелер алады. Сондай-ақ Бас келісімде ХЕҰ-ның әлеуметтік қорғаудың ең төменгі деңгейі туралы № 102 конвенциясын ратификациялау жұмыстары бекітілген. Бұл бейресми сектордағы жұмысшыларды әлеуметтік қорғау жүйесімен қамтуға ықпал етеді», — деп атап өтті Қазақстан кәсіподақтарының көшбасшысы Сатыбалды Дәулеталин.
Сапар барысында ҚРКФ делегациясы Неапольдегі 350 мың кәсіподақ мүшесінің жұмысын үйлестіретін Жалпы италияндық еңбек конфедерациясының CGIL Napoli e Campania аумақтық өкілдігіне барды.
CGIL Napoli e Campania бас хатшысы Никола Риччи ҚРКФ делегациясын өкілдіктің құрылымымен және басымдықтарымен таныстырды. Кәсіподақ түрлі сала қызметкерлерін біріктіріп, бастауыш ұйымдардан бастап аймақтық хатшылыққа дейінгі жүйелі құрылым бойынша жұмыс істейтіні белгілі болды.
ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстанның Ұлттық кәсіподақ орталығы 120 жылдық тарихы бар, елдегі ең ірі қоғамдық ұйым екенін атап өтті. Ол 24 салалық және 18 аумақтық бірлестіктің басын қосып, 2 миллионға жуық мүшені біріктіреді. ҚРКФ Төрағасы өз сөзінде әлеуметтік әділдік пен әріптестік қағидаларына адалдығын жеткізді. Сонымен қатар тараптар кәсіподақтарды нығайту, кәсіподақ мүшелерінің санын арттыру, кадр даярлау, әйелдер мен жастарды тарту мәселелерін талқылады.
Кездесуде Сатыбалды Дәулеталин Неапольдегі кәсіподақ белсенділерінің Қазақстандағы еңбек жағдайлары, ел дамуы және кәсіподақтардың рөлі туралы сұрақтарына жауап берді.
«Бастауыш ұйымдар — кәсіподақ қозғалысының тірегі. Федерация құрамында 16,5 мыңнан астам бастауыш ұйым бар. Біздің ұйымдар бар кәсіпорындарда ұжымдық шарттармен қамту 98 пайызды құрайды. Біз жергілікті жерлерде келіссөздер жүргізуге, жалақы мәселесіне және қауіпсіз еңбек жағдайына ерекше мән береміз. Ерекшеліктерге қарамастан, Қазақстан мен Италия кәсіподақтарының алдында тұрған мәселелер ұқсас. Бұл халықаралық ынтымақтастықтың маңызын арттырады», — деді Қазақстан кәсіподақ көшбасшысы.

Кездесу соңында тараптар бұл пікір алмасу екі елдің кәсіподақ орталықтары арасындағы жемісті ынтымақтастықтың негізін қалағанын мәлімдеді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
