Конституциялық реформа аясында кездесулер легі жалғасуда

Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша өтетін республикалық референдумды қолдауға арналған өңірлік коалиция өз жұмысын белсенді түрде жалғастыруда. Коалиция өкілдері Ақтөбе қаласындағы №15 орта мектеп ұжымымен кездесу өткізді.


Кездесуге Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев те қатысып, кәсіподақтар атынан конституциялық өзгерістердің маңызына кеңінен тоқталды.


Өз сөзінде ол кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөлін айқындай отырып, еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – басты міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Конституциялық өзгерістердің әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, еңбек қатынастарын жетілдіруге, қызметкерлердің құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталғанын жеткізді. Еңбек ұжымдарының пікірін ескеру, олардың ұсыныстарын қолдау – тұрақты дамудың негізі екені де айтылды.


Кездесу конструктивті жағдайда өтті. Ұжым мүшелері өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Мұндай кәсіби әрі мазмұнды кездесулер конституциялық нормалардың мәнін тереңірек түсінуге және олардың қоғам өміріндегі рөлін айқындауға ықпал етеді .