Ақтөбе облысында өңірлік коалиция өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесуде

Өңірлік коалиция мүшелері — Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Үмбетай Амантай, белгілі заңгер Әбдіхат Мырзалин, медиатор Гүлшат Байсанова және Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда жаңа Конституция жобасы кеңінен түсіндірілді.


Жиында сөз алған Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев конституциялық реформалар аясында еңбек адамдарының құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, кәсіподақтар институты — қызметкерлер мен жұмыс беруші арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтатын маңызды тетік. Жаңа өзгерістер еңбек құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерді және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бағытында қосымша мүмкіндіктер береді.
“Кәсіподақтардың басты мақсаты — еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау. Конституциялық деңгейде адам құқықтарының кеңейтілуі мен нақты кепілдіктердің берілуі әлеуметтік әділеттілікті күшейтеді. Бұл — тұрақты қоғам мен тиімді еңбек қатынастарының негізі”, — деді Алтынбек Әмірғалиев.

Жиынды ашқан Үмбетай Амантай конституциялық реформаның мәні мен маңызын, негізгі бағыттары мен стратегиялық басымдықтарын атап өтті. Ол ұсынылып отырған өзгерістердің тарихи сипатына тоқталып, бұл қадам ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.
Әбдіхат Мырзалин өз сөзінде Ата Заңға соңғы отыз жыл ішінде алты мәрте өзгеріс енгізіліп, 55 бапқа толықтыру жасалғанын айтты. Алайда алдағы түзетулердің ауқымы әлдеқайда кең екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа реформалар тек институционалдық-құқықтық жаңғыртумен шектелмей, бүкіл мемлекеттік жүйені қайта қалыптастыруға серпін береді. Нәтижесінде мазмұны мен рухы жаңарған, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілген Конституция қалыптасады.


“Конституциялық реформаның айрықша қырларының бірі — құқықтық мәселелердің кең әрі жүйелі қамтылуы. «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» бөлімі әзірленгенде халықаралық адам құқықтары стандарттары толық ескерілді. Мемлекет ратификациялаған халықаралық келісімдер мен Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясының қағидалары жобаға енгізілді. Сонымен қатар цифрлық дәуір талабына сай жаңа құқықтар да Конституция мәтінінен орын алды. Жаңа редакцияда өмір сүру құқығының абсолютті сипаты, жеке басқа қол сұғылмаушылық, цифрлық кеңістіктегі жеке деректерді қорғау нақты бекітіледі. «Миранда ережесінің» конституциялық деңгейде орнығуы да құқықтық мемлекет қағидаттарының нығаюын айқындайды”, — деді Әбдіхат Мырзалин.

Гүлшат Байсанова цифрлық қауіпсіздік мәселесіне тоқталып, «Сот төрелігі, прокуратура және құқық қорғау тетіктері» бөліміне енгізілген өзгерістерге назар аударды. Оның айтуынша, адвокатура институтының негізгі заң деңгейінде бекітілуі — азаматтардың қорғану құқығын күшейтетін маңызды қадам.
Ішкі нарыққа транзиттеу және экспорттау мақсатында мұнай тасымалдау қызметін жүзеге асыратын ҚазТрансОйл акционерлік қоғамының Ақтөбе мұнай құбыры басқармасында бүгінде 357 адам еңбек етеді. Кәсіпорында №122 референдум учаскесі орналасқан. Қазіргі уақытта онда референдумға дайындық жұмыстары жүргізілуде.