Сейсенбіде, 24 ақпанда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақ коммуникациялары орталығы келісім комиссияларының қызметі мен жеке еңбек дауларын қарау тәртібіне арналған кезекті онлайн-семинар ұйымдастырды. Семинар тыңдаушыларының кезекті легі – Пошта байланысы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының кәсіподақ белсенділері мен мамандары.

Оқыту іс-шарасы барысында қатысушыларға еңбек заңнамасы нормаларын қолданудың практикалық аспектілері мен комиссия мүшелерінің келіссөз жүргізу құзыреттіліктерін дамыту мәселелері таныстырылатын болады.
Келісім комиссиясы ұйымдарда жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы жеке еңбек дауларын сотқа дейінгі тәртіппен қарайтын тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, дәл осы кезеңде жанжалға құқықтық баға беріліп, сот талқылауының алдын алуға қабілетті шешім қабылданады. Осыған байланысты комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығының маңызы зор.
Семинарды аша отырып, Пошта байланысы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Абылай Әбішев комиссия мүшелерін жүйелі даярлаудың маңыздылығына назар аударды.
«Келісім комиссиясы – жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың пәрменді құралы. Қабылданатын шешімдердің заңдылығы ғана емес, сонымен қатар ұжымдағы сенім деңгейі де оның мүшелерінің құзыреттілігіне байланысты болады. Біздің ортақ міндетіміз – әрбір өтініштің сапалы қаралуын қамтамасыз ету және сотқа дейінгі реттеу мүмкіндіктерін барынша пайдалану», — деп атап өтті ол.
Семинар лекторы, ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары, еңбек қатынастары жөніндегі сарапшы Ләззат Есжанова еңбек заңнамасын қолдану, келісім комиссияларының жұмысына қойылатын процедуралық талаптар, жеке еңбек дауларын қарау алгоритмі, сондай-ақ практикалық кейстерді талдай отырып, нәтижелі келіссөздер жүргізу механизмдері туралы айтып береді.

Спикер өз сөзінде процессуалдық нормаларды сақтаудың маңыздылығын баса айтты.
«Келісім комиссиясының мүшелері заң мен белгіленген рәсімдер аясында қатаң әрекет етуге міндетті. Дауды қарау тәртібін бұзу шешімді заңсыз деп тануға әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, тараптардың сындарлы диалогын құру және жұмыскер мен жұмыс беруші мүдделерінің құқықтық тепе-теңдігін табу қабілеті ерекше маңызға ие болады», – деді Ләззат Есжанова.
Семинар белсенді пікірталас форматында өтті. Қатысушылар құқық қолдану практикасының өзекті мәселелері бойынша түсініктемелер алып, ұйымдардағы жұмыс тәжірибесімен алмасатын болады.

Мұндай оқыту іс-шараларын Кәсіподақтар федерациясы жүйелі және тұрақты негізде жүзеге асырады. Кәсіподақ білімін дамыту аясында келісім және тексеру комиссиясы мүшелеріне, сондай-ақ кәсіподақ белсенділеріне бағытталған модульдік онлайн-жобалар іске асырылуда.
ҚРКФ-ның негізгі бастамаларының қатарында кәсіподақ қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығы мен кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған «Білім беру марафоны» онлайн-жобасы бар. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың наурыз айында «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасының кезекті курсы басталады. Бұл білім беру бағдарламасы іске қосылғаннан бергі жетінші лек болмақ.
Кәсіподақтар федерациясының кешенді білім беру жұмысы әлеуметтік әріптестік институтын нығайтуға, еңбек дауларын сотқа дейінгі реттеудің тиімділігін арттыруға және жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін сенімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
