ҚРКФ Білім беру марафоны: Жамбыл облысының кәсіподақ белсенділері еңбек қатынастары негіздерін меңгерді

Сейсенбі күні, 24 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен Білім беру марафоны жобасы аясында кезекті оқыту семинары өтті. Бұл шараға Жамбыл облысының кәсіподақ белсенділері қатысып, өзекті еңбек-құқықтық мәселелер бойынша білімін тереңдетті. Оқыту барысында еңбек заңнамасын қолданудың тиімді жолдары мен күрделі мәселелерді шешу тетіктеріне баса назар аударылды.

 

Онлайн кездесуді ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ляззат Есжанова ашты. Ол бүгінгі еңбек саласы қарқынды өзгерістерге ұшырап жатқанда кәсіподақтар белсенділері де өз ісінің майталманы болу үшін оқытуды тоқтатпау керектігін тағы еске салды. Сондай-ақ семинар тақырыптарының өте өзекті екенін және әлеуметтік әріптестік тараптарының қарым-қатынасын дамыту саласындағы құқықтық білімді арттыруға, ұжымдық шарттарды талқылау, әзірлеу және жасасу бойынша заманауи тәсілдерге бағытталғанын атап өтті.

Семинар спикері – ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының бас сарапшысы Майра Боранбаева. Спикер әлеуметтік әріптестік негіздері, ұжымдық шарт жасасу тәртібі және еңбек заңнамасындағы тараптардың құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Сонымен қатар, ұжымдық келіссөздер жүргізудің кезеңдері, жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің жауапкершілігі және әлеуметтік әріптестіктің тиімді моделін құру жолдары талқыланды. Бұл ақпараттар ұжымдағы өзара түсіністікті нығайтуға және еңбек дауларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Жамбыл облысының Кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов әлеуметтік әріптестіктің маңыздылығына тоқталды.

Өз сөзінде ол ұжымдық келіссөздер – бұл тек формалды рәсім емес, тараптардың өзара сенімі мен жауапкершілігіне негізделген сындарлы диалог алаңы екенін атап өтті.

«Ұжымдық шарт – бұл жай ғана құжат емес, ол еңбек ұжымындағы тұрақтылық пен әділдіктің кепілі. Келіссөздер барысында кәсіподақ өкілдері қызметкерлердің мүддесін сауатты әрі дәлелді түрде қорғай білуі тиіс. Нәтижелі әлеуметтік әріптестік – өзара құрмет пен ашықтыққа негізделген жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деді ол.

Оқыту барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты жағдайлар бойынша сұрақтар қойып, мазмұнды пікір алмасты. Қатысушылар алынған білім мен тәжірибе алмасу нәтижелері алдағы уақытта ұжымдық келіссөздердің сапасын арттыруға, мазмұнды әрі тиімді ұжымдық шарттар жасасуға және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

ҚРКФ-ның тұрақты әрі сәтті жобаларының бірі – «Білім беру марафоны» онлайн-жобасы өңірлердегі және әртүрлі салалардағы мыңдаған кәсіподақ белсенділерінің кәсіби деңгейін өсіруге зор септігін тигізуде. Бұл бастама кәсіподақ мүшелерінің заманауи трендтер мен құқықтық өзгерістерден үнемі хабардар болуына жағдай жасайды.

Кәсіподақтар федерациясының оқыту іс-шаралары – мамандардың еңбек заңнамасын дұрыс қолдануына және ұйымдарда әлеуметтік әріптестікті дамытуына бағытталған маңызды қадам. Осындай білім беру жобалары кәсіби біліктілікті арттыруға және еңбек нарығындағы кәсіподақ рөлін нығайтуға қызмет етеді.