Қызылордада Конституция жобасын түсіндіру аясында ардагерлермен кездесу өтті

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Достық үйінде» ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосуға Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев қатысты.


Кездесу барысында өңір басшысы Конституциялық реформа мәселесіне тоқталып, Президент Жарлығымен құрылған комиссияның ұсыныстары негізінде 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум белгіленгенін атап өтті. Жаңа Конституция жобасында мемлекеттің унитарлы сипаты мен аумақтық тұтастығы нақтыланып, «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты бекітілгені айтылды.
Аймақ басшысы өңірде іске асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобалар тұрғындардың сұранысы мен ардагерлердің ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Ел бірлігін нығайту мен тұрақты дамуды қамтамасыз етуде аға буынның тәжірибесі мен парасаты маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.


Жиында Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев пен мемлекет және қоғам қайраткері Икрам Адырбеков сөз сөйлеп, жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Байқадамов өз пікірін білдірді.


Кәсіподақ жүйесінде де ардагерлердің орны ерекше. Олар ұйымның қалыптасу кезеңдерінен бастап белсенді еңбек етіп, оның дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінде ардагерлер жинақтаған тәжірибесі арқылы жас буынға бағыт-бағдар беріп, еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау ісіне қолдау көрсетіп келеді.