Құрметті әріптестер, қымбатты достар!
Баршаңызды айтулы мереке – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл мерекенің мән-мағынасы өте терең. Бұл күн – еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың бірлігін, бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласын паш ететін ізгіліктің символы. Алғыс айту күні – тағдырдың күрделі кезеңдерінде иық тіресе өмір сүріп, ортақ Отанымызды гүлдендіру жолында тер төккен азаматтардың бір-біріне деген зор құрметінің белгісі.
«Алғыспен ер көгерер» демекші, осындай атаулы күні баршаңызға өз ризашылығымды білдіремін. Бүгінде берекелі бірлігіміз бен қоғамдық тыныштығымыздың жолында атқарып жатқан адал еңбектеріңізді, кәсіподақ қозғалысын нығайтуға қосып жатқан үлестеріңізді ерекше мақтанышпен атаймын.
Сіз бен біздің жұдырықтай жұмылып, еңбек адамының абыройын асыру бағытындағы атқарып жатқан істеріміз әрқашан нәтижелі. Бір-бірімізге деген шынайы ризашылығымыз бен сеніміміз бізді бұдан да биік белестерге жетелеп келеді.
Сіздерге және отбасыларыңызға бақ-береке, мықты денсаулық, толағай табыс тілеймін. Елімізде татулық пен тыныштық салтанат құрып, әрбір шаңырақта тек жақсылық қана орын алсын.
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының
Төрағасы
С. Дәулеталин
