Дүйсенбі күні, 2 наурызда, Өскемен қаласында «Казцинк» ЖШС базасында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің кәсіпорын жұмысшыларымен кездесуі өтті. Талқылауға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Мәжіліс депутаттары және зауыт жұмысшылары қатысты.
Жиын кезінде Аида Балаева металлургия саласының еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.

«Көптеген жылдар бойы «Казцинк» Қазақстанның түрлі-түсті металдар нарығында ең қиын бәсекеге төтеп бере алатынын дәлелдеп келеді. Бұл — сіздердің еңбектеріңіздің, тәртіп пен кәсібиліктеріңіздің нәтижесі. Бірақ өнеркәсіпті одан әрі дамыту, білікті мамандарды сақтап қалу және инвестиция тарту үшін бізге ішкі саяси тұрақтылық пен түсінікті ережелер ауадай қажет. Өздеріңіз білетіндей, 15 наурызда жаңа Конституция бойынша референдум өтеді. Бұл жай ғана ресми шара емес. Бұл — әрбір азаматтың мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша өз ойын тікелей айту мүмкіндігі. Соңғы жарты жылда Негізгі Заңның жаңартылған мәтіні дайындалды. Ел тарихында тұңғыш рет Егемендік, Тәуелсіздік, жер тұтастығы мен басқару нысаны өзгермейтіні нақты бекітілді», – деді ол.
Сонымен қатар, Аида Балаева еңбек ұжымдарына тікелей қатысы бар нормаларға жеке тоқталды.
«Негізгі Заңда еңбек ету құқығы, қауіпсіз жұмыс орны және кемсітусіз әділ жалақы алу құқығы бекітіледі. Бұл нормалар өндірістегі жарақаттарды азайтуға және жұмысшылардың денсаулығын сақтауға бағытталған. Бұл дегеніміз — жұмыс беруші мен мемлекеттің еңбек жағдайы үшін жауапкершілігі ең жоғары деңгейде, яғни Конституцияда бекітіледі деген сөз», — деп атап өтті Премьер-Министрінің орынбасары.
Кәсіпорын жұмысшыларымен тілдескен ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Конституция жобасындағы «еңбек ету құқығына» баса назар аударды.

«Еңбек ету құқығы қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қалыптастырады. Адам жұмыс істей алатынына, ақша табатынына, қорғалатынына және дауысы естілетініне сенімді болса, әлеуметтік шиеленіс азайып, мемлекетке деген сенім артады, экономика нығаяды. Сондықтан еңбек ету құқығы — бұл Конституциядағы жай ғана бір жай сөз емес. Бұл еңбектің адамның қадір-қасиеті мен дамуының негізі екенін мойындау. Еңбек ету құқығы — үлкен кепілдік жүйесі. Ең бастысы — қауіпсіз жұмыс орны, әділ жалақы және әлеуметтік көмек алу құқығы. Еңбек қауіпсіздігі – бұл адамның өмірі мен денсаулығы. Бұл заңның маңызы өте зор. Енді мемлекет еңбекті қорғау стандарттарын белгілеуге, олардың сақталуын бақылауға, жазатайым оқиғаларды зерттеп, кінәлілерді жауапқа тартуға міндетті болады. Елімізде әлі де өндірістік жарақат алу деңгейі жоғары салалар бар. Біз жыл сайын өндірісте 200-ге жуық адамнан айырыламыз. Сондықтан қауіпсіздік конституциялық деңгейде бекітілсе, бұл келіссөздер кезінде, тексерістерде немесе сотта жұмысшылар мен кәсіподақтардың позициясын нығайтады. Бұл — біздің жай ғана қалауымыз емес, бұл — басты заңдық талап. Жұмыс адамның денсаулығын құртпауы керек және өміріне қауіп төндірмеуі тиіс», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев өз сөзінде жаңа заңдардың цифрлық заманға сай жасалғанын және адамдардың құқығын онлайн ортада да қорғайтынын айтты.
«Енді басты заңда маңызды нәрселер бекітіледі: сіздердің ғаламтордағы жазысқан хаттарыңыз бен сөйлескен сөздеріңіз қорғалады. Сондай-ақ мемлекет сіздердің жеке деректеріңізді (аты-жөніңіз, телефоныңыз, т.б.) қорғауды өз мойнына алады. Бұл сіздердің деректеріңіз желіге тарап кетпеуі, сатылмауы немесе адамға қарсы қолданылмауы үшін өте маңызды. Мемлекет адам құқықтарын тек өмірде ғана емес, яғни денсаулық пен қауіпсіздікті ғана емес, сонымен бірге онлайн кеңістікте де қорғайтын болады», – деді депутат.
Кәсіпорын өкілдері де алдағы референдумның экономиканың тұрақты дамуы мен еңбек ұжымдарының болашағы үшін маңызды екенін айтты. Бұл туралы «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургия кешенінің директоры Тимур Тоқжігітов өз пікірін білдірді.
Жұмысшылардың атынан Мыс зауытының мыс балқыту цехының аға шебері Аслан Тұрғамбаев та жеткізді.
«Казцинк металлургтері – істің адамдары. Тәртіп пен нақты нәтижеге үйренгенбіз. Бүгін біз еңбек адамының рөлін нығайту бойынша нақты қадамдарды көріп отырмыз. Жаңа Конституция құқықтар мен әлеуметтік қорғау кепілдігін күшейтеді, тұрақты әрі әділ жүйе қалыптастырады. 15 наурызда біздің ұжым дауыс беруге барады».
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
