Абай облысында Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай Жоғары бизнес және сервис колледжі базасында «Азаматтық қоғам және жаңа Конституция жобасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер және кәсіподақ ұйымдары өкілдері үшін ашық диалог алаңына айналды. Құрылымды әрі мазмұнды талқылау барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасы аясында азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін қарастырып, пікір алмасты және құқықтық тетіктерді жетілдіру мен қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ұсыныстарын білдірді.

Спикерлер қатарында Абай облысы бойынша Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы ҚБ филиалының төрайымы Оразбекова Гүлнар Бақдәулетқызы сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында жаңа Конституция жобасындағы кәсіподақ ұйымдарының рөлін атап өтіп, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік әділеттілік кепілдіктерін нығайту мәселелеріне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар қоғамдық бірлестіктердің өкілдері баяндама жасап, Конституция жобасының әлеуметтік аспектілері, азаматтардың құқықтарын қорғау және балалар спортын дамытудың конституциялық негіздері жөніндегі өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Кездесу қорытындысы бойынша азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері алғыс хаттармен марапатталды.
Мұндай іс-шаралар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сындарлы қоғамдық диалог қалыптастыруға және заңнамалық бастамаларды одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.
