Бүгін Астана қаласында «Qazaqstroy» компаниясы салып жатқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жаңа әкімшілік кешенінің құрылыс алаңында ҚР жаңа Конституциясының жобасы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараның мақсаты – құрылыс саласында еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.

Кездесуге Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Рустам Жандосов, сондай-ақ Нұра ауданы прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Райымбек Ұлықбанов қатысты.

Іс-шара барысында құрылысшыларға және жұмыс берушілерге еңбек заңнамасының негізгі талаптары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері, еңбек шарттарын заң талаптарына сәйкес рәсімдеу тәртібі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау тетіктері, жұмыс берушінің жауапкершілігі, өндірістік қауіптердің алдын алу шаралары және еңбек дауларын шешу жолдары жан-жақты айтылды.

Мамандар құрылыс нысандарында қауіпсіздік техникасын сақтау, жеке қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалану, жұмыс орнындағы қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды. Құрылысшылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған ұсынымдар берілді.
