Түркістан өңірінде еңбек адамдарының құқықтарын қорғау және қоғамдағы маңызды реформаларды түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев Түркістан өңіріндегі «Сайрам аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында «Қарапайым жұмысшылардың құқықтарын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Кездесу барысында еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауда кәсіподақтардың атқаратын рөлі кеңінен түсіндірілді. Айдар Бахтыбаев өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – еңбек адамдарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік кепілдіктердің сақталуына ықпал ету екенін атап өтті.

Сонымен қатар жиын барысында елімізде талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары туралы да айтылды. Атап айтқанда, құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайту, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті арттыру мәселелері қамтылғаны түсіндірілді.

Айдар Бахтыбаев жаңа Конституция жобасында еңбек адамының құқықтарын қорғау, әділ еңбек қатынастарын қалыптастыру, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және әлеуметтік әділдік қағидаттарын күшейтуге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Бұл өзгерістер қарапайым жұмысшылардың құқықтарын қорғауға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екені айтылды.

Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу форматында өтіп, спорт мектебінің қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Кәсіподақ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, еңбек ұжымымен өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайту қажеттігі айтылды.
Жиын соңында Айдар Бахтыбаев барша қатысушыларды еліміздегі маңызды өзгерістерге бейжай қарамай, алдағы 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.
