Қызылорда облысының Отбасы орталығында өңірлік коалиция өкілдерінің қатысуымен кәсіпкер арулармен кездесу өтті. Басқосуда Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасында қарастырылған нормалардың кәсіпкерлік саласына ықпалы жан-жақты талқыланды.

Кездесуді «Анаға тағзым» орталығы директорының креативті индустрия және отбасы жөніндегі орынбасары Жасұлан Алдабергенов жүргізіп, жиынның негізгі мақсаты – қоғамда кеңінен талқыланып жатқан конституциялық өзгерістердің мазмұнын түсіндіру екенін атап өтті.
Жиын барысында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар орталығының бас маманы, өңірлік коалиция мүшесі Майра Боранбаева Қазақстандағы конституциялық дамудың тарихи кезеңдеріне тоқталып, елдегі құқықтық жүйенің қалыптасу жолдары туралы баяндады.

Спикер өз сөзінде жаңа Конституция жобасында ерекше мән берілген қағидалардың бірі – жер мен жер қойнауының халыққа тиесілі екендігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғи ресурстар – мемлекеттің ғана емес, бүкіл халықтың ортақ байлығы. Сондықтан Конституция жобасында бұл байлықтарды мемлекет халық атынан басқарып, олардың игілігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталуы тиіс деген ұстаным нақты көрініс тапқан. Спикердің айтуынша, жер қойнауындағы байлықтарды тиімді пайдалану, одан түсетін табысты қоғам мүддесіне бағыттау – әлеуметтік әділдікті нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі. Мұндай тәсіл экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, кәсіпкерлік саласының дамуына да қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, спикер табиғи ресурстарды басқаруда ашықтық пен жауапкершіліктің артуы қоғам сенімін нығайтатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде елдегі инвестициялық ахуалға оң әсер етіп, жаңа бизнес бастамаларға мүмкіндік ашатынын айтты.
Сондай-ақ өңірлік коалиция мүшесі Динара Ибадуллаева конституциялық реформалардың құқықтық негіздері мен олардың қоғамдағы маңызы туралы баяндап, жаңа өзгерістердің азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.

Кездесу барысында қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, кәсіпкерлік саласына қатысты өзекті сұрақтарға жауаптар берілді.
Жиын соңында өңірлік коалиция өкілдері қатысушыларды 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға шақырды.
