Кәсіподақ жастары референдумның маңызы жайлы пікір алмасты

Теректі ауданында Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаевтың қатысуымен аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Аудандық мәдени-демалыс орталығының грек залында өткен жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы Меңдіғалиев, Теректі ауданының әкімі Әлия Биғазықызы Мұханбетжанова, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен түрлі сала өкілдері қатысты.


Кездесудің негізгі мақсаты – алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы мен мәнін түсіндіру және қоғам өкілдерімен пікір алмасу болды.
Жиын барысында түрлі сала өкілдері сөз сөйлеп, референдумның қоғамдық-саяси маңызы туралы өз ойларын ортаға салды.

Солардың қатарында Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрайымы Әдемі  Жарасова да бар.


Өз сөзінде Әдемі Жарасова жастардың қоғамдағы белсенді рөліне тоқталып, елдің болашағы жастардың азаматтық жауапкершілігі мен белсенділігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ ол жаңартылған конституциялық негіз жастарға өз бастамаларын жүзеге асыруға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға және ел дамуына үлес қосуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.


Кездесу барысында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев референдумның ел өміріндегі маңызына тоқталып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.