Сейсенбі, 17 наурызда, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен кездесті.
Кездесу барысында орман шаруашылығы мәселелері, саладағы әлеуметтік әріптестікті дамыту, сала қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар талқыланды.
Ерлан Нысанбаев министрліктің саланың түйткілді мәселелерін және республиканың орман шаруашылығы мен табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта сала қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен еңбекақы төлеу жүйесін, соның ішінде әлеуметтік пакетті кеңейтуді қайта қаралып жатыр.
«Қазақстан Президентінің тапсырмасын іске асыру нәтижесінде, 2022 жылдан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, соның ішінде орман шаруашылығы саласындағы қызметкерлердің еңбекақысын лауазымдық айлықақыға түзету коэффициентін қолдану арқылы кезең-кезеңімен арттыру басталды, осылайша 2025 жылға қарай еңбекақы екі есеге ұлғайтылды», – деп хабарлады министр.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысына толықтырулар енгізілді. Онда табиғат қорғау ұйымдарының негізгі штатындағы қызметкерлердің, сондай-ақ орман өрт сөндіру станциялары қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» РМҚК десантшы-өрт сөндірушілерінің денсаулығы мен өміріне зиян келу қаупі бар жұмыстары үшін лауазымдық айлықақысынан 100% мөлшерінде үстемеақы төлеу қарастырылған.
Бұл үстемеақы түрі жұмысы денсаулық пен өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты емес әкімшілік қызметшілерді (экономистерді, бухгалтерлерді және т.б.) және орман өрт сөндіру станцияларының штаттан тыс қызметкерлерін (тракторшыларды, автокөлік жүргізушілерін, орман өрт сөндірушілерін, мұнара бақылаушыларын, радист-телефоншыларды) қамтымайтыны атап өтілді.
Дегенмен, әлеуметтік серіктестер қол қойған Салалық келісімде штатқа кіретін әкімшілік қызметшілер мен табиғат қорғау ұйымдарының штаттан тыс қызметкерлері үшін бюджет қаражатын үнемдеу және тауарларды сатудан түскен ақша есебінен еңбекақыны көбейту мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен бірге, 2025 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы аясында қолданыстағы заңнамаға жаңа толықтырулар қабылданғанын атап өту керек. Ол бойынша бухгалтерлерге, заңгерлерге, тракторшыларға және т.б., сондай-ақ орман шаруашылығы мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың 131-ші ерекшелік «Техникалық персоналдың еңбекақысы» бойынша жұмыс істейтін мамандарға ауылдық жердегі жұмысы үшін лауазымдық айлықақының 25% мөлшерінде қосымша ақы белгіленді. Қазіргі уақытта Орман шаруашылығы комитеті осы үстемеақыны алатын лауазымдар тізімін бекіту туралы құжатты дайындап жатыр. Бұдан бөлек, Еңбек кодексіне орман қорғау және табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне далалық жабдықталым (полевое довольствие) беру туралы толықтырулар енгізілді.
Орман және табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы да жақсарады. «2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары» аясында табиғат қорғау мекемелерін техникамен қамтамасыз етуге 68,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл ақшаға өрт сөндіру және патрульдік көліктер, тракторлар және өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарына қажетті қосымша жабдықтар сатып алынады, сондай-ақ орман өрттерін ерте анықтайтын жүйе орнатылады.
Экология министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы орман және табиғат қорғау мекемелері үшін 163 өрт сөндіру көлігі, 213 трактор, 295 шағын орман өрт сөндіру кешені және 70 патрульдік көлік сатып алынды. Ал 2026 жылдың басынан бері өндірушілер аймақтарға 37 өрт сөндіру көлігін, 138 тракторды және 84 шағын орман өрт сөндіру кешенін жеткізді. Осы жылдың мамыр айының соңына дейін тағы 148 өрт сөндіру көлігі келеді деп күтілуде.
Министрді тыңдаған соң, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев әлеуметтік серіктестердің қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселелерін шешудегі бірлескен жұмысының маңызды екенін қадап айтты.
«Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік серіктестермен бірге орман саласындағы еңбек мәселелеріне тікелей араласады. Кәсіподақтар үшін әрбір салада, әрбір кәсіпорында жұмыс жағдайын жақсарту, айлықты көтеру және әлеуметтік-серіктестік қатынастарды дамыту бойынша бірлескен жұмыстың нақты нәтижелері маңызды. Біз өз тарапымыздан аймақтық және республикалық деңгейдегі түйткілді мәселелерді шешуге көмектесуге дайынбыз», – деді Мұхтар Тінікеев.
Тараптар табиғат қорғау кәсіпорындары мен жалпы саланың маңызды мәселелерін бірлесіп шешуге келісті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің тапсырмасы бойынша министрліктер мен ведомстволардағы әлеуметтік әріптестермен ынтымақтастық орнату тәжірибесі осы жылы басталды. Жақын арада Федерация басқа да бірқатар министрлік басшыларымен осындай кездесулер өткізеді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
