Адал еңбек – абырой биігі

Еліміздің теміржол саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, кәсібилігімен құрметке ие болған жандар аз емес. Солардың бірі –Рахия Атымтайқызы Мырзалиева. Ол – тек білікті маман ғана емес, бір әулеттің еңбекке деген адалдығын қалыптастырған тұлға.

Рахия Атымтайқызы 1966 жылы 8 наурызда бұрынғы Шымкент облысы, қазіргі Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген. Көпбалалы, өнегелі отбасында тәрбиеленген ол – тоғызыншы перзент. Әкесі – соғыс ардагері, парасатты жан болса, анасы Анафия – ақылдылығы мен сұлулығы қатар үйлескен аяулы ана болған. Осындай тәлімді ортада өскен Рахияның білім мен еңбекке деген құштарлығы ерте қалыптасты.

Алғашқы білімін ауылдағы сегізжылдық мектептен бастап, кейін В.И. Ленин атындағы орта мектепті 1983 жылы үздік аяқтайды. Сол жылы Жамбыл қаласындағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының инженерлік-экономикалық факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы жоғары білім алып шығады.

Еңбек жолын сол жылы Мақтаарал нан комбинатында жетекші экономист болып бастаған Рахия Атымтайқызы бұл қызметті 1996 жылға дейін абыроймен атқарды. 1989 жылы Шохан Исергеновпен шаңырақ көтеріп, отбасы құрады. Жолдасы теміржол саласының білікті маманы ретінде оның өмірлік бағытына үлкен ықпал еткен. Өкінішке қарай, 2013 жылы өмірден озғанымен, оның еңбекке деген сүйіспеншілігі отбасы мүшелерінің бойында сақталып қалды.

2000 жылы елордаға қоныс аударған Рахия Мырзалиева теміржол саласына бет бұрып, жаңа белесті бағындырады. 2002 жылы Астана станциясында тасымалдау құжаттарын өңдеу операторы болып еңбек жолын бастайды. Іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында 2004-2006 жылдары кадр бөлімінің менеджері, ал 2006-2015 жылдары жетекші заңгер қызметін атқарады. Осы аралықта ол заңгерлік білім алып, Еуразия гуманитарлық институтын қызыл дипломмен тәмамдайды.

2015 жылы әріптестерінің сеніміне ие болып, Астана станциясының кәсіподақ комитетінің төрайымы болып сайланады. Ал 2016 жылы жаңадан ашылған «Нұрлы жол» вокзал кешенінің кадр бөлімін басқаруға атсалысып, оның қалыптасуына зор үлес қосады. 2017 жылдан бастап бүгінге дейін Астана станциясының персонал жөніндегі менеджер ретінде қызметін жалғастырып келеді.

Көп жылғы адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2015 жылы Көлік министрлігінің Алғыс хатымен марапатталса, 2019 жылы «Үздік маман» атағына ие болды. 2022 жылы «Адал еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. Ал 2023 жылы саланың дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды. Бүгінде оның теміржол саласындағы еңбек өтілі 25 жылдан асады.

Рахия Мырзалиева – тек кәсіби маман ғана емес, үлкен әулеттің ұйытқысы. Үш баласы да, келін-күйеу балалары да теміржол саласында еңбек етеді. Бұл – нағыз еңбек династиясы. Отбасының жалпы еңбек өтілі 150 жылға жуықтайды. Бүгінде бес немеренің ардақты әжесі атанып отырған кейіпкеріміз үшін бұл – ең үлкен бақыт.