Астаналық кәсіподақ мүшелері еңбек құқықтары бойынша білімін жетілдірді

2026 жылы 17 наурызда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Білім беру марафоны» жобасы аясында елорданың кәсіподақ белсенділеріне арналған «Әлеуметтік әріптестік: ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу» тақырыбында ауқымды онлайн семинар өтті. Аталған білім беру платформасы еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылауға арналған тиімді алаңға айналды.

Іс-шараға білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және мәдениет салаларында еңбек ететін қызметкерлер мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты. Қатысушылар еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістермен танысып, еңбек құқықтарын қорғау тетіктері бойынша білімдерін арттырды.

Семинар спикері – Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақтық коммуникация орталығының бас сарапшысы Майра Боранбаева әлеуметтік әріптестіктің маңызын атап өтіп, ұжымдық шарт жасасудың құқықтық негіздері мен тараптардың міндеттері туралы жан-жақты мағлұмат берді. Спикер өз сөзінде ұжымдық келіссөздер жүргізудің кезеңдері мен жұмыс берушінің жауапкершілігіне ерекше назар аударды.

«Ұжымдық шарт – бұл жай ғана құжат емес, бұл жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы сенім мен келісімнің кепілі. Біздің басты мақсатымыз – әрбір кәсіподақ мүшесіне өз құқығын заң аясында сауатты қорғауды үйрету. Тиімді жасалған ұжымдық шарт еңбек дауларының алдын алып қана қоймай, ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Майра Боранбаева.

Семинар барысында әлеуметтік әріптестіктің тиімді моделін қалыптастыру жолдары қызу талқыланды. Сарапшы кәсіподақтың тікелей қатысуымен және келіссөздер жүргізу шеберлігінің арқасында оң шешімін тапқан нақты еңбек дауларына тоқталып, практикалық кеңестерімен бөлісті. Қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алып, өндірістік кеңестердің жұмысын жандандыру мәселелерін қарастырды.

Айта кетейік, «Білім беру марафоны» жобасы аясында ұйымдастырылатын оқыту шаралары жүйелі түрде жалғасын таппақ. Бұл бастама қызметкерлердің құқықтық мәдениетін көтеруге, еңбек қауіпсіздігін нығайтуға және еңбек ұжымдарындағы берекелі ахуалды сақтауға тікелей бағытталған.