Разия Бегетаева – кітапхана саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман, өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары қызметкер әрі белсенді кәсіподақ мүшесі.
Разия Өтегенқызы 1982 жылы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1986 жылы кітапханатану және библиография мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Еңбек жолын сол жылы аудандық орталық кітапхананың кітаппен толықтыру бөлімінен бастап, осы салада үздіксіз қызмет етіп келеді.
Ол 2004 жылдан аудандық орталық кітапханада кітапханашы, 2009 жылдан библиограф қызметтерін атқарып, әр кезеңде өз кәсібилігін дәлелдеді. 2020 жылдан бастап қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі ретінде ұжымды тиімді ұйымдастырып, кітапхана жұмысын жаңа деңгейге көтеруге өз үлесін қосып келеді.

38 жылдан астам еңбек өтілі бар Разия Өтегенқызы – кітапхана ісінің барлық қыр-сырын жетік меңгерген, білімі мен тәжірибесін ұштастыра білген маман. Ол – ұжымда сыйлы, әріптестерімен тіл табыса білетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары тұлға. Қандай жағдайда да байыппен шешім қабылдай алатын, тәртіпті әрі тиянақты қызметкер ретінде танылған.
Сонымен қатар, ол кәсіподақ мүшесі ретінде еңбек ұжымының қоғамдық өміріне белсене қатысып, әріптестерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға, ұйымшылдықты нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Кәсіподақ жұмысына жауапкершілікпен қарап, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып жүр.
Көп жылғы жемісті еңбегі мен кәсіби шеберлігі жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Разия Өтегенқызы – өз мамандығына адал, еңбегімен құрметке бөленген нағыз еңбек адамы.
