«Кәсіподақ көшбасшысы мектебі»: Әлеуметтік әріптестік және ұжымдық шарт мәселелері талқыланды

Бүгін, 27 наурызда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақ көшбасшысы мектебі жобасы аясында «Әлеуметтік әріптестік. Ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу» тақырыбында онлайн-семинар өтті.

Кездесу жұмысын аша отырып, ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ляззат Есжанова бүгінгі семинардың тақырыбы өте өзекті екенін атап, алдағы тақырыптарға шолу жасады.

Шараның лекторы ретінде ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитеті төрағасының орынбасары Айжан Ибраева сөз сөйледі.

Ол республикалық, салалық және өңірлік деңгейдегі келісімдердің қолданылу тәртібіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, қатысушылар әлеуметтік әріптестіктің негізгі қағидалары мен үшжақты комиссия қызметінің заңнамалық белгілерін қарастырды.

Жиын барысында әлеуметтік әріптестіктің құқықтық тетіктері, еңбек дауларының алдын алу жолдары және кәсіподақтардың шешім қабылдау деңгейіндегі рөлі егжей-тегжейлі талқыланды. Спикер Айжан Ибраева қазіргі экономикалық жағдайда кәсіподақ белсенділері тек бақылаушы емес, тең құқылы стратегиялық серіктес болуы тиіс екенін алға тартты.

Сарапшы өз сөзінде кәсіподақ жұмысының маңызына тоқталды.

«Кәсіподақ белсендісі – бұл еңбек ұжымының айнасы және заңды мүддесін қорғайтын негізгі тұлға. Әлеуметтік серіктестік тетіктерін дұрыс пайдалану арқылы біз тек еңбек дауларын шешіп қана қоймай, кәсіпорындағы әлеуметтік тұрақтылықты жаңа деңгейге көтереміз. Әрбір ұжымдық шарт – бұл қызметкерлердің ертеңгі күнге деген сенімі, сондықтан біз келіссөздер кезінде сауатты әрі табанды болуымыз керек», – деді ол.

Лектор ұжымдық шарт жасасу кезінде туындайтын түйткілді мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, кәсіпорында бірнеше кәсіподақ ұйымы болған жағдайда осы құқықтық актіні жасасу ерекшеліктері, сондай-ақ ұжымдық шарттың ережелерін кәсіподақ мүшесі емес жұмыскерлерге қолдану бойынша даулы мәселелер талқыланды.

Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің ұжымдық шарт жасасудан жалтаруы және оның ережелерінен туындайтын міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершілігіне қатысты заңнамалық актілерге талдау жасалды.

Кездесуге қатысушылар семинар тақырыбының өзектілігін атап өтіп, кәсіподақ ұйымдарының қызметінде кездесетін нақты мәселелерді сындарлы әрі нәтижелі қарастырғаны үшін лекторға алғыс білдірді.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы