Қызылордада “Мөлдір бұлақ” жобасы аясында экологиялық акция өтті

Сыр өңірінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама – «Мөлдір бұлақ» жобасы бастау алды. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстауға үндейтін бұл игі іс аймақ тұрғындарының кең қолдауына ие болуда.


Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қолға алынған экологиялық акцияға Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, облыстық мәслихаттағы партия фракциясының жетекшісі, облыстық филиал жанындағы экологиялық кеңес төрағасы Жорабек Нұрымбетов, фракция мүшелері, Экологиялық кеңес өкілдері және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты.


Айта кету керек, «Таза Қазақстан» жобасы – ел көлемінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған ауқымды бастама.

Жоба аясында халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қоғамды ортақ іске жұмылдыру және туған жерге жанашырлық көзқарасты нығайту басты мақсат ретінде айқындалған. Бұл бастама – әрбір азаматтың табиғатқа деген жанашырлығын іс жүзінде көрсететін нақты қадам.


Сонымен қатар облыс көлемінде ұйымдастырылған акция барысында бұлақтар мен жағалау аумақтары тазартылып, оған 16 000-нан астам адам қатысты. Нәтижесінде 425 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, 140-тан астам арнайы техника жұмылдырылып, жұмыстардың сапалы әрі жедел орындалуына мүмкіндік жасалды.