ҚРКФ мен Ақтөбе политехникалық колледжі кәсіподақтардың цифрлық платформасын бірлесіп жасамақ

Дүйсенбі күні, 30 наурызда, Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Ақтөбе жоғары политехникалық колледжіне барып, еңбек ұжымымен кездесті. Онда білім беру және материалдық-техникалық базамен, сондай-ақ оқу процесіне заманауи технологиялардың енгізілу барысымен танысты.

Қазіргі уақытта колледжде 2500-ге жуық студент білім алуда. Оқу орнының барлық 251 қызметкері кәсіподақ мүшесі.

Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының оқытушылармен және студенттермен кездесуі кезінде заманауи білім беру бағдарламалары, соның ішінде веб-дизайн, бағдарламалау, жасанды интеллектпен жұмыс істеу курстары және колледж оқытушылары мен студенттерінің инновациялық әзірлемелері мен жобалары таныстырылды. Оқу орнының директоры Жеңіскүл Мұхамбетпаизованың айтуынша, IT-технологиялар мен цифрландыруды енгізу студенттерге еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

«Колледжде бағдарламалау, веб және графикалық дизайн, робототехника, процестерді автоматтандыру және IT-жобалау бойынша цифрлық кабинеттер ашылған. Ол үшін заманауи жабдықтар: 3D-принтерлер, фрезерлік станоктар, прототиптер жасауға және практикалық жобаларды әзірлеуге мүмкіндік беретін робототехникалық кешен сатып алынды. Мүмкіндіктерді кеңейту үшін 300 орындық IT-хаб салу жоспарлануда, онда екінші және үшінші курс студенттері цифрлық технологияларды тереңдетіп меңгеріп, WorldSkills жарыстарына дайындала алады», – деді колледж директоры.

ҚРКФ Төрағасына студенттер мен оқытушылар әзірлеген бірнеше инновациялық жобалар көрсетілді. Мысалы, шахмат ойнайтын робот, 3D-баспа жұмыстары және кәсіподаққа арналған чат-боттар мен интерактивті ойындар таныстырылды.

Сатыбалды Дәулеталин Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің инновациялық жобаларын жоғары бағалап, оларды цифрлық кәсіподақты дамытудың негізі ретінде пайдалануды және оқу орнымен бірлесіп заманауи IT-шешімдерді енгізу бойынша жұмыс істеуді ұсынды. Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы бұл туралы колледждің оқытушылар құрамы мен студенттері алдында сөйлеген сөзінде толығырақ тоқталып өтті.

«Қаңтар айында Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақтарды цифрлық трансформациялау тұжырымдамасын қабылдады. Алдымызда бір жағынан қарапайым, екінші жағынан өте күрделі міндет тұр: отызыншы жылға қарай толыққанды цифрлық кәсіподақ құру. Бұл не үшін керек? Мен сіздердің колледждеріңіздің жұмысына шын жүректен тәнті болдым. Біз енді ғана қолға ала бастаған бастамаларды мен бүгін сіздерден көрдім. Бірнеше жылдан кейін бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие болатын, еліміздің болашағы қандай болатынына тікелей әсер ететін жастарды көрдім. Өйткені бүгін, дәл бүгін еңбек адамы басты тұлғаға айналуда. Жастарымыздың дамып жатқанына, болашаққа сеніммен қарау үшін бүгінде көп нәрсені істей алатынына тағы бір мәрте көзім жетті. Олардың жанарынан дамуға деген ұмтылыс көрінеді. Біз бұған бүгін өз көзімізбен көз жеткізіп қана қоймай, колледждегі әзірлемелердің нәтижелерін көргеннен кейін Кәсіподақтар федерациясы мен политехникалық колледж арасында цифрлық трансформациялау, соның ішінде кәсіподақ қозғалысы мен жасанды интеллектті қолдану бойынша келісімшарт жасасу туралы шешім қабылдадық», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасы білікті кадрларды даярлаудағы оқытушылар құрамының рөлін ерекше атап өтті. Онда білім мен практиканы ұштастыруға, студенттерді болашақтың еңбек нарығы талаптарына дайындауға, сондай-ақ педагогтардың жұмысы үшін жайлы жағдай жасап, олардың кәсіби құқықтарын қорғауға баса назар аударылды. Сатыбалды Дәулеталин сонымен қатар кәсіподақтардың жас мамандарды қолдаудағы және студенттердің кәсіби қызметте қажет болатын әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.

«Біз «Еңбек адамы» ұғымын кеңінен насихаттауымыз керек. Бұл — өз ісінің шебері, нағыз майталманы. Қандай салада болмасын — мұғалім, дәрігер немесе құрылысшы болсын — ең бастысы, ол өз жұмысын адал атқаруы тиіс. Тек сонда ғана біз Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Ал еңбек адамдары үшін кәсіподақ — олардың мүдделерін ілгерілететін және қорғайтын басты қорған. Кәсіподақтардың ұстанымы — әрбір еңбек адамы өзін қорғалған сезінуі тиіс», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенттеріне арнаған сөзінде Сатыбалды Дәулеталин олардың алдында үлкен сын-қатерлер тұрғанын айтты.

«Сіздер тек бір-біріңізбен емес, бүкіл әлем мамандарымен бәсекелесесіздер. Кім жылдам әрі мықты болса, сол жеңеді. Қазір машиналар адам еңбегін алмастырып жатыр. Бірақ бұл жұмыс болмайды деген сөз емес, бұл — әлсіз мамандардың орнын роботтар басады деген сөз. Ал мықтылар бұрынғыдан да құнды бола түседі. Әділ ақы төлеу, қауіпсіздік және еңбек адамына құрмет көрсету мәселелері ешқайда кеткен жоқ. Және бұл жерде бір нәрсені түсіну маңызды: құқықтар өздігінен жұмыс істемейді. Олар тек сіз оларды білгенде және қорғай алғанда ғана күшіне енеді. Міне, осы орайда мен жаңа Конституция туралы бөлек айтқым келеді. Көбісі бұл олардың өмірінен алыс, тек саясатқа қатысты нәрсе деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл сіздер туралы. Сіздердің болашақ жұмыстарыңыз, жалақыларыңыз, қауіпсіздіктеріңіз бен еңбектеріңізге деген құрмет туралы. Жаңа Конституция адамды басты құндылық деп бекітеді. Демек, еңбек адамы соңғы орында қалмауы тиіс. Оның құқығы жай ғана сөз емес, сіздер сүйенетін заңды нормаға айналуда», – деді Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Кездесу соңында Сатыбалды Дәулеталин оқу орнының оқу процесін цифрландырудағы және практикаға бағытталған жобаларды іске асырудағы тәжірибесі басқа оқу орындарына үлгі бола алатынын, осылайша жалпы техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы