Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамында болды. Ол қаланы және маңайдағы ауылдарды жылумен, сумен қамтамасыз етіп, кәріз жүйесіне қызмет көрсететін кәсіпорынның жұмысымен танысты. Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымының есеп беру жиналысына қатысып, еңбек ұжымымен және әлеуметтік әріптестермен пікір алмасты.

2020 жылы «Ақбұлақ» және «Трансэнерго» компанияларын қайта ұйымдастыру арқылы құрылған «Aqtobe su-energy group» АҚ – бүгінде өңірдегі коммуналдық инфрақұрылымның ең маңызды кәсіпорындарының бірі.
Кәсіпорынның Бас директоры Нағымжан Алдияровтың айтуынша, мекеме 262 шақырымнан астам жылу желісін, 1000 шақырымнан астам су құбырын және 550 шақырымға жуық кәріз желісін пайдаланып отыр. Сонымен қатар, 27 қазандық, 6 сорғы станциясы, 79 жылу пункті, 55 кәріз сорғы станциясы және 35 су алу нысанына қызмет көрсетеді.

Кәсіпорын қызметін 150 мыңға жуық тұтынушы пайдаланады.
Қазіргі уақытта мұнда 2128 адам жұмыс істейді және олардың 100 пайызы кәсіподақ мүшесі. Орташа жалақы 360 мың теңгеден асады.
Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының сапары «Aqtobe su-energy group» бастауыш кәсіподақ ұйымының есеп беру жиналысымен тұспа-тұс келді.
Кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Құдайбергенова кәсіподақтың жұмысшылар мүддесін қорғауда белсенді екенін атап өтті. Ұйымның Тұрғын –үй комуналдық шаруашылығы және құрылыс кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағына мүше болуы жұмысшылардың құқығын салалық деңгейде тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Кәсіподақ еңбек қатынастарын реттеуге, ұжымдық шарттар жасасуға белсене қатысып, еңбек заңнамасы мен қауіпсіздік нормаларының сақталуын үнемі бақылап отырады.

Ұжыммен және кәсіподақ белсенділерімен кездесуде ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестікті нығайту, лайықты еңбек жағдайын жасау және әділетті еңбек қағидаларын дамыту мәселелеріне ерекше тоқталды.
«Шын мәнінде, кәсіподақ дегеніміз — тек төраға ғана жұмыс істеуі керек деген сөз емес. Бұл — әрқайсымыз өз құқығымызды қорғауға қатысатын және нақты нәтижеге қол жеткізетін ортақ күш. Ең басты мәселе — кәсіпорында лайықты еңбек жағдайын қалыптастыру. Лайықты еңбек дегеніміз не? Біріншіден — лайықты жалақы, екіншіден — еңбек қауіпсіздігі, үшіншіден — жұмыс берушімен бірге әлеуметтік әріптестік тетіктері арқылы мәселелерді дер кезінде шешу мүмкіндігі. Кәсіподақ — жұмыс берушімен бірге кәсіпорынның дамуына көмектесетін, ұжымның тұрақтылығына үлес қосатын және мәселелерді бірлесіп шешетін серіктес. Кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы ашық диалог — кәсіпорындағы мәселелерді шешудің кілті», – деді ҚРКФ Төрағасы

Сатыбалды Дәулеталин осыдан екі апта бұрын Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғанын еске салды.
«Жақында жаңа Конституция қабылданды. Оның басты ерекшелігі — біздің еліміздегі және қоғамымыздағы ең басты құндылық — адам, оның құқықтары, бостандықтары және еңбек ету қабілеті. Конституциядағы барлық нормалар осыған бағытталған. Бұл еңбекке деген құрмет ең жоғары сатыда тұруы керек дегенді білдіреді. Еңбек адамы өзінің лайықты төріне шығуы тиіс. Сондықтан Конституцияның барлық нормалары қарапайым Қазақстан азаматының құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуді көздейді», – деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.
Кездесу барысында қызметкерлер кәсіподақ жұмысына жоғары баға беріп, оның жұмысшылар мүддесін қорғаудағы рөлін атап өтті.
Бас инженерлер Азамат Данияр мен Олжас Мектепбаев — өздері де кәсіподақ мүшесі ретінде ұжымның қоғамдық және спорттық өміріне белсене араласып, кәсіподақ бастамаларын қолдайтындарын айтты. Техникалық қауіпсіздік бөлімінің бас техникалық жетекшісі Құралбек Асылбекұлы мемлекеттік қызметте 13 жыл істеп, кәсіподақтың нақты рөлін тек осы кәсіпорынға келгенде ғана сезінгенін мойындады.
Кездесу соңында «Aqtobe su-energy group» АҚ-ның бірқатар қызметкерлері ҚР Кәсіподақтар федерациясының марапаттарымен марапатталды. Сатыбалды Дәулеталин көпжылғы адал еңбегі үшін компрессорлық қондырғы машинисі Тынышқали Дәулетқалиевке «Еңбек озаты» медалін табыстады.

Осы салада 40 жылға жуық еңбек еткен екі ардагерге — Жақсыбай Ашубаев пен Қашақбай Қазиевке Ақмола облысындағы «Щучинский» кәсіподақ шипажайына жолдама берілді. Сондай-ақ, газ-электр дәнекерлеуші Ерболат Оразжанов пен слесарь-монтер Нұрбол Нұрмағанбетов Құрмет грамотасымен марапатталды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
