ҚРКФ ақпараттық саясатының басымдықтары «Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің» қатысушыларына таныстырды

Бүгін, 1 сәуірде, Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» атты оқу жобасы аясында салалық және аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінің басшылары мен белсенділеріне арналған кезекті онлайн-семинар өтті. Бүгінгі басқосудың басты тақырыбы — кәсіподақтардың ақпарат тарату саясатын өзгерту және қазіргі заман талабына сай кәсіподақ спикерлерінің коммуникативтік құзыреттілігін арттыру болды.

Жиынды ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова жүргізді. Ол өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының беделін арттыруға кедергі болатын жайттарды еске салды. Олардың қатарында халықтың кәсіподақ жұмысынан аз хабардар болуы және ұйым ішіндегі байланыстың әлсіздігі бар.

«Ақпараттық жұмысты жүйелі жолға қоймайынша, кәсіби деңгейді өсіру мүмкін емес. Біз ақпарат әлемінде тек «бармыз» деп қана қоймай, нақты маман ретінде сөйлеуіміз керек. Тек осылай ғана кәсіподақтар туралы дұрыс әрі шынайы пікір қалыптастыра аламыз», — деп атап өтті Ләззат Есжанова.

Семинарда ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова дәріс оқыды. Ол Кәсіподақтар федерациясының ақпарат қызметі осы уақытқа дейін қандай жолдардан өткенін айтып берді.

«Кейінгі жылдары ҚРКФ-ның ақпараттық саясаты үлкен серпіліс жасады. Егер бұрын бәрі аздаған ақпараттық материалдармен ғана шектелсе, бүгінде бұл — барлық аймақтар мен салаларды қамтитын біртұтас жүйе. Мамандар саны көбейді, облыстарда кәсіби баспасөз хатшылары жұмыс істейді, жаңа видеожобалар мен ақпараттық науқандар басталды. Сондай-ақ, бастауыш ұйымдармен және масс-медиамен тікелей кері байланыс орнатылды», — деді Гүлмира Қаракөзова.

Спикер ҚРКФ-ның ресми парақшалары ақпараттық кеңістікте қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі түсіндіріп, оларды кәсіподақ бастамаларын жеткізетін негізгі алаң ретінде көрсетті.

«Өзімізді позициялау — бұл біздің қоғам үшін қаншалықты маңызды екеніміз туралы сұраққа берілген жауап. Біз жұмысшылар үшін кімбіз және оларға қандай пайдамыз бар? Осы сұраққа берілген жауап — біздің ұстанымымыз. Біз кәсіподақты құқықты кәсіби қорғайтын және қоғамдық бақылау жасап, мүдделер теңгерімін сақтайтын мықты ұйым ретінде танытып жатырмыз. Бұл — мемлекетпен және жұмыс берушілермен ынтымақтастық барысында біздің басты артықшылығымыз. Кәсіподақ — еңбеккерлердің құқығын қорғаумен кәсіби түрде айналысатын бірден-бір ұйым, сондықтан біз бұл жұмысымыз туралы қоғамды толық хабардар етуге тиіспіз», — деп түсіндірді Гүлмира Қаракөзова.

Орталық директоры кәсіподақ басшысының рөліне ерекше тоқталды. Қазіргі технология дамыған заманда әрбір жетекші өз саласының нағыз «жаңалық жасаушысына» айналуы тиіс. Қатысушылар желіде жазба жариялау және оқырман назарын аудару бойынша нақты нұсқаулықтар алды.

Сондай-ақ, Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры басшының тұлғалық имиджін қалыптастыруға арналған бірқатар тәжірибелік құралдарды таныстырды. Оның ішінде « Заманауи спикер құзыреттерінің матрицасы» кестесі ерекше орын алды.

Осы матрица шеңберінде трендтерді терең талдау және сапалы контентті жедел дайындау үшін нейрожелілік технологияларды қолдану шеберлігін білдіретін технологиялық сауаттылық бөлінді.

Тағы бір маңызды элемент – көшбасшыны ықпал етудің дербес және беделді арнасына айналдыратын авторлық сараптамалық блогтарды жүргізуге бағытталған медиа-менеджмент.

Сондай-ақ, лектор “ыңғайсыз” сұрақтармен жұмыс істеу дағдыларын және тікелей эфирлер кезінде бастаманы ұстап алудың арнайы техникаларын қамтитын дағдарыстық коммуникациялар блогын егжей-тегжейлі талдады.

Тәжірибелік бөлімде Гүлмира Қарақозова мәтін жазу бойынша арнайы шеберлік сағатын өткізді. Ол қатысушыларға ең маңызды хабарламаны алғашқы секундтарда жеткізетін «Төңкерілген пирамида» әдісін және бір нақты жұмысшының тарихы арқылы кәсіподақтың рөлін ашатын «Сторителлинг» тәсілін үйретті.

«Жаңалық дегеніміз — адамдардың өмірін өзгертетін оқиға. Біз «ақпараттық молекула» стандартын енгізіп жатырмыз. Бұл — терең талдау, әдемі визуалды көрініс және жылдамдық тоғысқан біртұтас формат. Аудиторияның назарын аудару үшін сіздерде небәрі бес секунд қана бар. Егер жазбада нақтылық пен жұмысшыға келетін нақты пайда болмаса — ол ақпарат ешкімге әсер етпейді», — деп түйіндеді Гүлмира Қаракөзова.

Семинар «сұрақ-жауап» бөлімімен аяқталды, онда қатысушылар өз жұмыстарында кездесетін жағдайларды талқылады.

Семинарға қатысқандар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ұсынылған тәжірибенің күнделікті кәсіподақ жұмысы үшін өте өзекті әрі пайдалы екенін атап өтті.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы