Жұма күні, 3 сәуірде, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Батыс Қазақстан облысының жергілікті кәсіподақ ұйымдарымен бейнебайланыс режимінде кездесу өткізді.

Жиынның басты мақсаты — өңірдегі ірі мұнай-газ жобаларындағы еңбек жағдайын талқылау, жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарының сақталуын қадағалау және өзекті мәселелерді талқылау болды. Диалогқа «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» (КПО) компаниясы мен «Ақсайгазсервис» АҚ және олардың мердігер мекемелеріндегі еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар шараға БҚО «Кәсіподақ орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Айгүл Есекенова мен жергілікті кәсіподақ көшбасшылары қатысып, өз ұйымдарының еңбек жағдайы туралы баяндады.

Бүгінгі таңда Қарашығанақ кен орнында жұмыс істейтін мыңдаған қызметкердің мүддесін бірнеше ірі кәсіподақ бірлестігі қорғап отыр. М «КПО б.в. компаниясы жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» қоғамы 592 қызметкердің басын біріктіреді.
Ал «КПО және мердігер компаниялар жұмыскерлерінің Қарашығанақ жергілікті кәсіподағы» құрамында 7 бастауыш ұйым жұмыс істейді, олардың жалпы саны 1 198 мүшені құрайды. Бұл ұйымға КПО-дан бөлек, «Лигабуе Орталық Азия», «Қазбургаз» АҚ, «Казпроджект Оперейтинг», «Дитцман», «Телеманус» және «Стамгазстрой» сияқты сервистік мекемелердің жұмысшылары кіреді.
Сондай-ақ өңірдегі ең іргелі ұйымдардың бірі — «Ақсайгазсервис» АҚ жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы. Ол 1 289 кәсіподақ мүшесінің құқығын қорғап келеді.
Кәсіподақ көшбасшыларының айтуынша, еңбек адамының құқығын қорғаудың ең пәрменді құралы — ұжымдық шарт. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясында 2024 жылдың желтоқсанында 2025-2027 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды. Осы құжат аясында жұмыс беруші жыл сайын жалақыны инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде индекстеуге міндеттелді.

Компаниядағы ең төменгі жалақы 370 000 теңгеге дейін жетті. Әлеуметтік жеңілдіктер де айтарлықтай нығайтылды: бала туғанда берілетін жәрдемақы 400 000 теңгеге дейін, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жыл сайынғы көмек 200 000 теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар пайызсыз аванс мөлшері 5 млн теңгеге дейін ұлғайып, бұл жеңілдікті жүздеген жұмысшы пайдаланып үлгерген.
Өз кезегінде «Ақсайгазсервис» АҚ-да еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік әріптестік жоғары деңгейде. Компания 2026 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік шығынсыз 4,1 млн-нан астам адам-сағат жұмыс істеп, қауіпсіздік шараларына 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған. Ал соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде бұл кәсіпорындағы әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі 5,1 млрд теңгеден асты.
Оң көрсеткіштермен қатар, жиында салалық деңгейде шешілуі тиіс жүйелі мәселелер де өткір қойылды.
Кәсіподақ көшбасшылары «тегін жолаушы» (free-rider) мәселесіне ерекше тоқталды. Бүгінде кәсіподақ мүшесі болмаса да, ұжымдық шарттың игілігін бәрі бірдей көреді, бұл кәсіподаққа мүшелікке өту ынтасын төмендетеді. Сондықтан жақсартылған жеңілдіктерді тек кәсіподақ мүшелеріне ғана қолдану мүмкіндігін заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылды.
Кездесуді қорытындылай келе, ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев көтерілген мәселелер Кәсіподақтар федерациясы жеке қарауына алатынын айта кетті.

«Біз бұл бастамаларды Парламент пен Үкімет алаңдарында белсенді түрде ілгерілетіп жатырмыз. Осы мәселелердің барлығы заңнамалық деңгейде өз шешімін табуы тиіс. Қарашығанақ тәжірибесі мықты ұжымдық шарттың үлгісін көрсетті, бірақ әрбір кәсіпорында кәсіподақ дауысы шешуші рөлді атқаруы үшін бізге еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру қажет», – деді ҚРКФ Төрағасының орынбасары.
Кездесу соңында бастауыш ұйымдармен кері байланысты нығайту, құқықтық көмекті жүйелеу және еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша алдағы жоспарлар айқындалды. Қатысушылар мұндай кездесулер бастауыш ұйымдардың жұмысына жаңа серпін беретініне сенім білдірді
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
