Ұлағатты ұстаз – ұрпаққа бағдар

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы ойшыл Абай Құнанбаев айтқандай, ұстаздық – төзімділікті, жауапкершілікті және үлкен жүректі талап ететін қасиетті мамандық. Осындай ұлы жолды өмірлік мұратына айналдырған жандардың бірі – ардагер-ұстаз Молдажанов Бақтыбек Шұлғаубайұлы.

Бақтыбек Шұлғаубайұлы – саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған, шәкірт жүрегінен орын алған ұстаз. Ол 1961 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Қызылсай ауылында дүниеге келген. Ұстаздар отбасында тәрбиеленіп, бала кезден білімге деген құштарлықты бойына сіңіріп өсті. 1977 жылы №9 орта мектепті аяқтап, Жамбыл педагогикалық институтына оқуға түседі. 1981 жылы физика пәні мұғалімі мамандығын алып шығып, еңбек жолын Шарбақты ауылындағы мектепте бастайды.

Жас маман ретінде алғашқы қадамынан-ақ жауапкершілігімен, ізденімпаздығымен көзге түскен ол кейін Сортөбе ауылындағы М.Лермонтов атындағы орта мектепте қызметін жалғастырып, тәжірибесін шыңдай түсті. 1988 жылы туған мектебіне қайта оралып, ұзақ жылдар бойы осы білім ордасының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Білім беру саласындағы білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол мектеп басшылығы қызметтеріне тағайындалып, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Оның басшылығымен мектеп ұжымы талай жетістікке жетіп, білім сапасы арта түсті.

Сонымен қатар, 1994-1998 жылдары Ауқатты ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, ел басқару ісінде де белсенділік танытты. Қай салада болмасын адалдық пен жауапкершілікті ту еткен ол қайтадан білім саласына оралып, ұстаздық жолын жалғастырды.

Ұстаздың басты мақсаты – тек білім беру емес, саналы, тәрбиелі, елжанды азамат қалыптастыру. Осы жолда Бақтыбек Шұлғаубайұлы шәкірттеріне тек пәндік білім ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар да бере білді. Оның тәрбиесін көрген көптеген шәкірттер бүгінде әр түрлі салада табысты еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етуде.

Әріптестері арасында да беделге ие ұстаз – білікті басшы, тәжірибелі тәлімгер ретінде танылды. Ұжымда ауызбіршілік пен сыйластықты нығайтып, әріптестеріне әрдайым қолдау көрсетіп отырды.

Қырық жылдан астам уақытын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Бақтыбек Шұлғаубайұлының еңбегі – өлшеусіз. Оның өмір жолы – кейінгі жас буынға үлгі, тағылымы мол өнеге. Осындай ұстаздар барда елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз.