Жеңіске жетелеген білікті бапкер

«Шымкент» ойын түрлерінен спорт клубының волейболдан әйелдер командасының аға жаттықтырушысы Әбдіқапбар Дидар Ұланқызы отандық спорт саласында өзіндік қолтаңбасы бар маман ретінде танымал.
Оның білім жолы Бәйдібек ауданындағы Шаян көпсалалы лицей жалпы орта мектебінен бастау алып, кейіннен кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтында дене шынықтыру және спорт мамандығын тәмамдаған. Бұған қоса, Дидар Ұланқызы Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алып, жан-жақты маман екенін көрсетті.


Қазақстан Республикасының спорт шебері атағына ие Дидар Әбдіқапбардың спорттық мансабы айтарлықтай табыстарға толы. Ол 2015-2020 жылдар аралығында «Шымкент» волейбол командасының капитаны ретінде ұжымды алға бастап, 2018 жылы жоғары лига командалары арасындағы ел чемпионатының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ халықаралық деңгейде де белсенділік танытып, Тараз қаласы әкімінің жүлдесіне арналған додада қола жүлдеге ие болды.

Оның аға жаттықтырушылық қызметі кезеңінде «Шымкент» командасы тұрақты түрде биік белестерден көрініп келеді. Атап айтқанда, команда 2018-2019 және 2021-2022 жылғы спорт маусымдарында Қазақстан Республикасы чемпионатының үшінші орнын иеленсе, 2022-2023 және 2024-2025 жылғы маусымдарда жоғары лигада чемпиондық атақты жеңіп алды. Сонымен қатар жаттықтырушының еңбегінің нәтижесі ретінде 2023 жылы команданың сегіз бірдей спортшысы Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындап, жоғары спорттық атаққа ие болды.
Бұл көрсеткіштер Дидар Ұланқызының білікті ұйымдастырушы әрі тәжірибелі бапкер ретіндегі кәсіби деңгейін айқын сипаттайды.