Жұма күні, 10 сәуірде, Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Манкент» шипажайының 100 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
«Манкент» шипажайы — тарихы 1920-шы жылдардан бастау алатын Қазақстандағы ең көне кәсіподақ шипажайларының бірі. Бір ғасыр ішінде мекеме шағын демалыс үйінен көпбейінді кешенге дейінгі жолдан өтіп, өзінің негізгі мақсаты — еңбек адамын сауықтыру мен қолдауды сақтап қалды.
Түрлі тарихи кезеңдерде шипажай маңызды әлеуметтік міндеттерді атқарды, соның ішінде соғыс жылдарында госпиталь ретінде жұмыс істеді, сондай-ақ одақтық деңгейдегі шипажайлар арасында жетекші орындарға ие болды.
Іс-шараға кәсіподақ қозғалысының өкілдері, әлеуметтік әріптестер, ардагерлер мен шипажай қызметкерлері қатысты.
Қатысушыларға құттықтау сөз арнаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин шипажайдың тарихи маңызы мен ел қызметкерлерін сауықтыру жүйесін дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, ұрпақтар сабақтастығы мен мекеменің тұрақты әлеуметтік миссиясына тоқталды.
« Жүз жыл — бұл тұтас бір дәуірдің шежіресі. Бұл — маңдай термен өрілген еңбектің, талай сынақтар мен толағай табыстардың, ең бастысы — адам жанына деген шексіз қамқорлықтың жолы. Бұл — «Манкент» шипажайын құрған, оның даңқын асырып өркендеткен мыңдаған адамның және осы мекеннен дертіне шипа, көңіліне демеу тапқан жандардың тағдыры тоғысқан үлкен тарих. Қандай заман болса да, «Манкент» өзінің асыл мұратына адал болды: ол — халыққа қызмет ету, еңбек адамының саулығын сақтау және оларға өмірлік қуат сыйлау», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Төрағасы шипажайдың дамуына және оның кәсіби дәстүрлерінің қалыптасуына үлес қосқан ардагерлерге ерекше алғысын білдірді.
« Сіздер — тек шипажайдың ғана емес, бүкіл кәсіподақ қозғалысының мақтанышы мен сүйенер асқар тауысыздар. Сіздердің еңбектеріңіз — жанқиярлыққа толы нағыз ерлік. Сіздер ғимараттар тұрғызып, медициналық базаны нығайттыңыздар. Осы жердегі сыйластық пен сенімнің, мейірім мен қамқорлықтың жылы ортасын қалыптастырып, бүгінге дейін үзілмей жеткен асыл дәстүрлердің іргетасын қаладыңыздар. «Манкенттің» бүгінгі биігі — сіздер салған сапа мен кәсібиліктің жемісі. Сіздерге басымызды иіп, шексіз ризашылығымызды білдіреміз», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен қатар, Федерация Төрағасы шипажай қызметкерлерінің сауықтыру жүйесін дамытудағы үлесін атап өтіп, олардың жоғары кәсіби деңгейіне тоқталды.

«Сіздердің таңдаған жолдарыңыз — үлкен мейірімділікті қажет ететін игі іс. Күн сайын сіздер адамдардың амандығы мен денсаулығы үшін еңбек етіп келесіздер. Сіздер тек дертті емдеп қана қоймай, адамдардың өмірге деген құлшынысын жандандырасыздар, олардың бойына күш-жігер мен сенім ұялатасыздар. Медициналық қызметтің жоғары сапасы, емдеудің озық әдістері мен әрбір демалушыға деген ерекше ілтипат — осының барлығы «Манкентті» тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де беделді әрі сыйлы орынға айналдырды.Сіздердің еңбектеріңіз — терең білім мен кәсіби шеберліктің, мейірім мен кеңпейілділіктің шынайы үлгісі. Осы ақ ниеттеріңіз бен адал еңбектеріңіз үшін сіздерге айтар алғысымыз шексіз», — деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысы үшін еңбек адамының денсаулығына қамқорлық жасау мәселелерінің басымдығын қадап айтты.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін еңбек адамының денсаулығын нығайту — әрқашан басты назарда. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек. Біз үшін бұл жай ғана әлеуметтік міндет емес — бұл мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық басымдық. Өйткені әрбір жұмысшының артында оның отбасы, балаларының болашағы және еліміздің дамуы тұр. «Манкент» сияқты сауықтыру орындары ұлт саулығын сақтауда өте маңызды рөл атқарады», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.
Болашаққа арналған міндеттер туралы айта келе, ҚРКФ Төрағасы жүйені жаңғырту мен қызмет көрсету сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы мен шипажай ұжымының алдында ауқымды міндеттер тұр: шипажай базасын одан әрі жаңғыртып, медициналық жабдықтарды жаңарту және емдеудің соңғы әдістерін енгізу; түрлі сала жұмысшылары мен олардың отбасы мүшелері үшін шипажайда емделуді барынша қолжетімді ету; халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, сауықтыру туризмі нарығында шетелдік қонақтардың қызығушылығын арттыру; қызмет көрсету сапасын әлемдік озық тәжірибелерге сай көтеру; табиғатты аялай отырып, «жасыл технологиялар» мен жарық пен жылуды үнемдейтін тәсілдерді қолдану; мамандарымыздың кәсіби деңгейін үнемі арттырып, оларға жан-жақты қолдау көрсету. Бай тарихымызға, ұжымның кәсібилігіне және Кәсіподақтар федерациясының қолдауына сүйене отырып, «Манкент» шипажайы алдағы уақытта да өз биігінен түспей, еңбекшілерді қорғау мен сауықтыру саласында көш бастап тұратынына сенімдімін», — деп тілге тиек етті Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде «Манкент» шипажайы» АҚ Бас директоры Хамрақұл Қорғанов бүгінде кәсіподақ шипажайы жыл сайын мыңдаған демалушыларды қабылдайтын, кешенді емдеу мен денсаулықты қалпына келтіруді қамтамасыз ететін заманауи кешен екенін атап өтті. Ол ұжым мен ардагерлердің рөліне баса назар аударып, тұрақты дамудың негізгі ресурсы ретінде атап көрсетті.

«Біз ардагерлерге және күн сайын қызметтің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отырған қазіргі ұжымға шексіз ризамыз. Дәл солардың еңбегінің арқасында шипажай еліміздің үздік шипажайлар арасында лайықты орынға ие болып отыр», — деп атап өтті ол.
Алдағы дамудың басымдықтары ретінде ол инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастыру, емдеудің заманауи технологияларын енгізу, қызмет көрсету сапасын арттыру және сауықтыру туризмі нарығындағы ұстанымдарды нығайту ниетін білдірді.
Салтанатты рәсім барысында шипажай тарихы туралы кітаптың авторы, журналист Диана Ыдырыс құттықтау сөз сөйледі. Ол мұрағаттағы жұмыстың арқасында шипажай дамуының тұтас бейнесін қалпына келтіріп, оның табысының артында тұрған еңбектің ауқымын көрсете алғанын айтып берді.
Кәсіподақ қозғалысының ардагері, бұрын ҚРКФ Төрағасының орынбасары қызметін атқарған Анатолий Зеленков іс-шараға қатысушылармен қоғамдық-экономикалық өзгерістер кезеңінде кәсіподақтардың шипажай жүйесінің қалыптасуы мен сақталу кезеңдерінің куәлігімен бөлісті.

«Шипажай өзінің қаржылық тірегінен айырылған кездер де болды. Сол сәттегі басты міндет — бар дүниені сақтап қалу еді. Бұл міндетті басшылардың бірінші буыны орындап шықты. Бұл — «Щучинский», «Мойылды», «Көктем» және басқа да көптеген шипажайларды ұстап қалған адамдар. Дәл солардың арқасында жүйе сақталып қалды. Бүгінде жүйені жай ғана сақтап қоймай, оны қалпына келтіріп, дамыта бастаған басшылардың жаңа буыны келді», — деді ардагер.
Мерейтойдың тарихи маңыздылығын және шипажайдың өңір өміріндегі ерекше рөлін Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев атап өтті. Ол «Манкент» шипажайының тек біздің елде ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал екенін айтты.
Шипажайдың ғасырлық мерейтойының мәнін Түркістан облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Өмірәлі Бердіғали де атап өтті.
«Манкент» шипажайын өңірдегі кәсіподақ қозғалысының шаңырағы деп толық негізбен айтуға болады. Бұл — ұжымдық рух қалыптасатын, бірлік нығаятын және әрбір қызметкерді сауықтыру үшін жағдай жасалатын орын», — деді Өмірәлі Бердіғали.

Өз кезегінде Шымкент қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев шипажайдың ерекше ахуалын және оның өңірдегі негізгі сауықтыру орталықтарының бірі ретіндегі тұрақты беделін атап өтті.
«Мен бүкіл ғасырлық тарих туралы емес, өзіме жақынырақ кезең — «Манкент» шипажайы дамуының соңғы 30-35 жылы туралы айтқым келеді. Әсіресе Азат Қорғанұлы Садыбалдиевтің қосқан үлесін атап өту маңызды. Ол барлық қиындықтарға қарамастан, кез келген жағдайда жұмыс істеп, шипажайдың қалыптасуына, өсуіне және тұрақты дамуына орасан зор үлес қосты», — деді Шымкент қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы.

Шипажайдың жоғары мәртебесін және оның халық арасындағы сұранысын қоғам қайраткері Әуелбек Тұрғанбеков те атап өтті.
«Мұнда бір рет келген адам, әдетте, қайта оралады, өйткені ол нәтижені, қамқорлықты және сенімді сезінеді. Шипажайдың болашағы зор екеніне сенімдімін. Осындай мекеменің бір бөлшегі болу — үлкен мақтаныш», — деді ол.
Кәсіподақ қозғалысының ардагері, Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіподақ орталығының экс-төрағасы Досыбай Шерімқұлов «Манкент» шипажайының елдегі сауықтыру ұйымдары жүйесіндегі ерекше орнын атап өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК директоры Сайгүл Қайыргелдина Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің атынан ресми құттықтауды оқып берді.
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің атынан «Манкент шипажайы» акционерлік қоғамының ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз. Ғасырлық тарихы бар шипажай қалыптасудың даңқты жолынан өтіп, еліміздің жетекші емдеу-сауықтыру орталықтарының біріне айналды. Өңірдің бірегей табиғи байлығы, заманауи медициналық технологиялар және науқастарға деген шынайы қамқорлық азаматтар мен кәсіби қоғамдастық арасында жоғары сенімге ие болуға мүмкіндік берді», — делінген құттықтау мәтінінде.
Қызылорда облысының кәсіподақ қауымдастығы атынан құттықтауды Қызылорда облысы Кәсіподақ орталығының заңгері Майра Боранбаева жеткізді.

Мерейтой иелеріне құттықтауын «ӨзенМұнайГаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Бекқали Уақбаев та білдіріп, ұжымның көпжылдық еңбегінің мәнін және оның түрлі сала қызметкерлерінің денсаулығын нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

Мерейтойдың салтанатты бағдарламасы шипажай ардагерлерін, қызметкерлерін және кәсіподақ белсенділерін марапаттаумен, сондай-ақ мәдени және спорттық іс-шаралармен жалғасты.

Мекеменің дамуына және оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосқан үлесі үшін ризашылық белгісі ретінде шипажайдың бұрынғы басшысы Азат Сатыбалдиев атындағы аллея ашылды.
Сондай-ақ салтанатты түрде ескерткіш стелла ашылды. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл нысанның мәніне тоқталып, түсіндіріп өтті.

«Мерейтой аясында ашылған стелла жеті тіректен тұрады. Бұл санның ерекше мәні бар және бірқатар негізгі құндылықтарды — тұрақтылықты, сабақтастықты, дәстүрге құрметті, жауапкершілік пен дамуды бейнелейді. Әрбір бөлшек шипажай ұжымының еңбегін көрсетеді. Бұл нысан шипажайдың тарихы мен дамуын айшықтайды. Алдағы уақытта ол мекеменің мәдени кеңістігінің бір бөлігіне және оның қалыптасуы мен дамуын еске түсіретін орынға айналуы мүмкін», — деп түйіндеді ҚРКФ Төрағасы.

Анықтама үшін: «Манкент» шипажайы дәл осылай аталатын теміржол станциясынан 6,5 км қашықтықта орналасқан, ірі кәсіпорындар мен магистральдардан алшақ жатыр. Аумағында қылқанжапырақты және жеміс ағаштары егілген саябақ бар, ауасы фитонцидтерге қаныққан. Шипажайда жыл бойы гидромассажы бар жабық бассейн, инфрақызыл сауна, жаттығу залы, бильярд, экскурсиялық бюро қызметтері қолжетімді. Көпбейінді шипажайдағы емдеудің негізі — климатотерапия және 1210 м тереңдіктен шығарылатын Манкент кен орнының минералды суы. Ол аз минералданған, әлсіз сілтілі сульфатты-хлоридті-натрийлі класына жатады. Су ішу арқылы емделуге де, бальнеотерапия да қолданылады. Асқазан-ішек жолдары, урологиялық және гинекологиялық бағыттағы аурулар, полиартрит, остеохондроз, спондилоартрит, радикулит кезінде тиімді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
