Түркістан облысы кәсіподақтар бірлестігі жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің ұйымдастыруымен Түркістан облыстық ветеринария басқармасының жас кәсіподақ мүшелерімен мазмұнды кездесу өтті. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың еңбек саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіби дамуын қолдау және олардың қоғамдық белсенділігіне серпін беру болды.

Жиынға арнайы қатысқан аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің заңгері Ерлан Жандарбеков қатысушыларға еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты түсіндіріп берді. Ол өз сөзінде қазіргі құбылмалы еңбек нарығында жас мамандар үшін заңды білу – тек міндет емес, сонымен бірге олардың әлеуметтік қорғалуы мен кәсіби тұрақтылығының басты кепілі екенін атап өтті.

Осы ретте қатысушылар еңбек заңнамасының талаптарын, жұмыс берушімен арадағы құқықтық міндеттемелерді және еңбек даулары туындаған жағдайда өзін қалай қорғау керектігін егжей-тегжейлі талқылады.
Сонымен қатар жас мамандарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік жобаларына ерекше назар аударылды. Кездесу ресми форматтан тыс, еркін диалог түрінде өткендіктен, жастар өздерін толғандырған сауалдарын ашық қойып, маманнан тұщымды жауаптар алды. Мұндай ашық пікір алмасу жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ғана емес, олардың кәсіподақ қозғалысына деген сенімін нығайтуға да оң ықпал етті.

Кездесу соңында қатысушылар осындай кездесулерді тұрақты өткізу – еңбекші жастардың өзара тәжірибе алмасуы мен кәсіби өсуі үшін таптырмас мүмкіндік екенін айтып тарқасты.
