15 сәуір күні Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бастауымен еліміздегі ең ірі көмір өндіруші кәсіпорын – «Богатырь Көмір» ЖШС-де болды.

«Богатырь Көмір» кәсіпорны көмірді «Богатырь» және «Северный» кесінділерінен ашық әдіспен өндіреді. Ол Екібастұз алабындағы жалпы көмір көлемінің 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 45 миллион тонна көмірді құраса, оның жалпы өнеркәсіптік қоры шамамен 3 миллиард тоннаға бағаланады. Бүгінде мұнда 6500-ге жуық адам еңбек етеді.
Сапар барысында ҚРКФ Төрағасы бастаған делегация бірнеше маңызды кездесу өткізді. Әлеуметтік әріптестермен, еңбек ұжымымен және кәсіподақ белсенділерімен жүздесті. Сондай-ақ, көмір кесіндісінің бақылау алаңын аралап, циклдік-ағындық технология кешенімен және негізгі өндіріс бөлімдері орналасқан әкімшілік-тұрмыстық ғимараттың тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл жұмыстарға делегация бүкіл жұмыс күнін, яғни 7 сағатқа жуық уақытын арнады.
Алғашқы кездесу әлеуметтік әріптестермен өтті. «Богатырь Көмір» ЖШС Бас директоры Евгений Мастернак кәсіпорынның қазіргі жұмысы, басқару жүйесі, әлеуметтік нысандары мен жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалары туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Оның айтуынша, кәсіпорында қызметкерлермен жұмыс істеу мәселесіне кешенді түрде көңіл бөлінеді.
«Қызметкерлермен жұмыс жөніндегі дирекция екі басты бағытты – кадрларды басқару және әлеуметтік саясатты қамтиды. Кәсіпорынның ауқымы мен жұмысшылар санын ескерсек, бұл екі бағыттың да маңызы зор», — деді директор.
Кездесуде айтылғандай, кәсіпорында қоғамдық тамақтандыру комбинаты жұмыс істейді. Оның құрамына алты бірдей асхана кіреді және барлық жұмысшылар үшін бірыңғай баға саясаты орнатылған.
Сонымен қатар, жұмысшылардың денсаулығы мен демалысына арналған нысандар да таныстырылды.

«Кәсіпорын иелігінде спорттық-сауықтыру кешені, дене шынықтыру – сауықтыру кешені және Жасыбай көліндегі үлкен демалыс базасы бар. Жұмысшылардың балалары үшін «Қарлығаш» лагері, ал қызметкерлердің өзі үшін «Березка» сауықтыру лагері жұмыс істейді. Бұл нысандардың барлығы кәсіпорын иелігінде және біз оларды әлеуметтік қолдаудың маңызды бөлігі ретінде сақтап, дамытып отырмыз», — деді компания басшысы.
Әлеуметтік әріптестік туралы сөз болғанда, Евгений Мастернак кәсіпорында төрт түрлі кәсіподақ ұйымы барын, оларға 5000-нан астам адам мүше екенін айтты.
«Біз барлық кәсіподаққа бірдей қараймыз. Егер жұмысшылар тағы бір ұйым құрғысы келсе, оған да мүмкіндік бар – бұл олардың құқығы. Барлық маңызды мәселелер кәсіподақ өкілдерімен талқыланады. Бұл ақпараттың бұрмаланбауына және жағдайды бәріміздің бірдей түсінуімізге көмектеседі», — деді ол.
Сондай-ақ, кездесуде кадр саясаты, жастарды тарту және ұжымдық мәдениетті дамыту мәселелері сөз болды. Мұндағы жұмысшылардың орташа жасы 43 жас болса, оның 800-ге жуығы 35 жасқа дейінгі жастар. Кәсіпорында жастар кеңесі құрылып, спорт пен мәдениет саласындағы бастамаларға қолдау көрсетіліп келеді.

Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін, Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы ашық диалогтың маңызына тоқталды.
«Кәсіподақтар федерациясы үшін әр жұмысшының үнін тікелей есту өте маңызды. Тиімді шешім тек ашық әрі адал диалог бар жерде ғана қабылданады. Мұндай кездесулерге жұмыс берушінің қатысуы да маңызды, себебі көптеген мәселелерді соқпаққа салмай, сол жерде шешу керек», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Жұмыс берушімен әңгіме барысында Сатыбалды Дәулеталин еңбекақының әділдігі мәселесін де көтерді.
«Бүгінгі таңда жалақының тұрақты болуы ғана емес, оның әділ болуы да маңызды. Біз жұмысшының табысы тек өзіне емес, отбасын да лайықты асырауға жетуін талап етеміз. Бұл — халықаралық стандарттар мен Халықаралық еңбек ұйымының талабы. Әділ еңбекақы — әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың өмір сапасының кепілі», — деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.
Әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі кәсіподақтардың рөлі туралы айта келе, ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмысшы құқығын қорғаудың жүйелі болуы керектігін айтты.
«Кәсіподақ — бұл жай ғана құқық қорғаушы емес, ол әріптестіктің тең құқылы мүшесі. Біздің мақсатымыз — жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы мүдделер теңгерімін сақтау. Біз адамдарға құқықтарын түсіндіріп, еңбек қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруымыз керек. Біздің басты қағидамыз қарапайым: адам таңертең жұмысқа аман-сау барып, кешке үйіне аман-есен оралуы тиіс. Қауіпсіз еңбек — бұл бірінші кезектегі мәселе. Ешқандай өндірістік көрсеткіш адамның денсаулығынан жоғары емес», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесіне де тоқталды.
«Талдау көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың 70 пайызға жуығы жұмыс берушінің кінәсінен болады. Сондықтан біз жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейтуді талап етеміз. Әрине, жұмысшының да жеке жауапкершілігі болуы керек. Біз „аралас жауапкершілік“ тәсілін қайта қарауға қол жеткіздік. Әлемдік тәжірибеде еңбек жағдайына жұмыс беруші жауапты, бұл қағида бізде де қатаң сақталуы тиіс», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақ басшысы өндірісті жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу кезінде жұмысшылардың тағдырын ұмытпау керек екенін ескертті.
«Автоматтандыру мен цифрландыру — заман талабы. Бірақ бұл процесс жұмысшыларды көшеде қалдырмауы керек. Әрбір жаңа технологиялық қадам жұмыс орнын сақтау, мамандарды қайта оқыту шараларымен қатар жүруі тиіс», — деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасы.
Кәсіпорын басшысы бұл бағытта 360 миллиард теңгелік инвестициялық бағдарлама аясында конвейерлерді дамыту, процестерді автоматтандыру және техниканы жаңарту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.
Евгений Мастернак автоматтандырудың жұмысшыларға зардабы тимейтініне сендірді.
«Біз жұмысшыларды жаппай қысқартуды жоспарлап жатқан жоқпыз. Негізгі назарды қайта оқыту мен кадрларды тиімді бөлуге аударамыз. Өзіміздің оқу комбинатымыз мамандарды жаңа талаптарға сай дайындап шығады», – деп атап өтті “Богатырь Көмір” бас директоры.

Сөз соңында Сатыбалды Дәулеталин бұл процестердің бәрі ашық болуы керектігін айтты.
«Өзгерістер жұмысшыларға түсінікті болуы шарт. Диалог бар жерде шиеленіс болмайды. „Богатырь Көмір“ ЖШС-де әлеуметтік әріптестік жүйесі дұрыс жолға қойылғанын көріп отырмыз. Біздің ортақ мақсатымыз — барлық реформалар мен инвестициялардың еңбек адамының игілігіне қызмет етуі», — деп түйіндеді ҚРКФ Төрағасы.
Кәсіпорынды аралау барысы ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының жұмыс орындарындағы еңбек адамдарымен кездесуімен жалғасты.
Циклдік-ағындық технология (ЦАТ) кешеніндегі әңгімелесу кезінде Сатыбалды Дәулеталин жұмысшылардан күнделікті еңбек жағдайы, арнайы киіммен қамтамасыз етілуі және әлеуметтік қолдау шаралары туралы сұрады. Жұмысшылар кәсіпорынның арнайы киімді уақытылы беретінін, сондай-ақ тамақ пен сүт өнімдері үшін өтемақы төленетінін айтты.

Әңгіме барысында қызметкерлердің табыс деңгейі мен жалақының отбасы қажеттіліктерін өтеуге қаншалықты жететініне ерекше көңіл бөлінді. Жұмысшылар өздерінің отбасылық жағдайы, жанұя құрамы мен күнделікті шығындары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Олардың айтуынша, жалпы алғанда табыс деңгейі тұрмыста белгілі бір тұрақтылықты сезінуге және алдағы шығындарды жоспарлауға мүмкіндік береді.
Мәселен, жұмысшылардың бірі тиеу учаскесінде еңбек ететінін, кәсіпорында 20 жылдан астам еңбек өтілі барын айтты. Осы уақыт ішінде ол үлкен өндірістік жолдан өтіп, жұмыстың қыр-сырын әбден меңгерген. Оның сөзінше, қазіргі таңда жалақысы 700–800 мың теңге шамасында, бұл отбасын асырауға және негізгі өмірлік қажеттіліктерді өтеуге толық жетеді.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмысшылармен бетпе-бет сөйлесіп, ақпаратты тікелей алудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Мен сіздермен тікелей тілдесіп, жағдайдың шынайы бейнесін түсіну үшін әдейі келдім. Біз үшін жағдайды тек қағаздағы есептер арқылы емес, жұмысшылардың пікірін тыңдап, саралау маңызды. Еңбек жағдайы қалай жасалған, жалақы әділ ме, тұрмыстық жағдайлар талапқа сай ма, қауіпсіздік мәселесі қалай? Қауіпсіз еңбек – бұл өндіріс пен даму туралы сөз қозғаудың ең басты шарты. Сондықтан бүгін сіздердің жұмыс орындарыңызда қауіпсіздік жүйесі қалай құрылғанын және қандай мәселелерге назар аудару керектігін білу біз үшін өте маңызды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Әлеуметтік саясат пен еңбекақы мәселелеріне тоқталған ҚРКФ Төрағасы Кәсіподақтар федерациясының жұмысшылар үшін ең төменгі кепілдіктерді реттеу саласындағы жетістіктері туралы айтып берді.

«Өткен жылы Халықаралық еңбек ұйымының ең төменгі жалақы туралы №131 Конвенциясы ратификацияланды. Оның басты мақсаты – ең төменгі жалақы тек жұмысшының өзін ғана емес, оның отбасы мүшелерін де асырауға жетуі тиіс. Бұл – еңбекке ақы төлеудегі әлеуметтік әділеттілік түсінігін өзгертетін өте маңызды қадам және біз мұны жүзеге асыруды дәйекті түрде алға жылжытып келеміз. Қазір үкімет деңгейінде ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі қаралып жатыр. Бұл көрсеткіш медианалық жалақының кемінде 50 пайызын құрауы тиіс. Мұндай шешімдер табысты теңестіруге және еліміздің барлық жұмысшыларының әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған. Ең төменгі жалақы өскен кезде, бұл бүкіл тарифтік кестеге әсер етеді. Тіпті сіздердің қазіргі жалақыларыңыз одан жоғары болса да, жалпы жүйе қайта есептеліп, түзетіледі. Бірақ бұл ретте кәсіпорынның экономикалық жағдайы мен нақты мүмкіндіктерін де ескеру қажет», — деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.
Әңгіме барысында Сатыбалды Дәулеталин жалақыны индексациялаудың маңызын түсіндіріп берді.

«Индексация — бұл табысты инфляциядан қорғауға және оның нақты құнын сақтап қалуға мүмкіндік беретін тетік. Бұл, шын мәнінде, қазіргі өмір сүру деңгейін сақтап тұру деген сөз. Ал жалақыны көтеру — бұл өмір сапасын жақсартып, отбасының мүмкіндіктерін кеңейтетін алға жасалған қадам», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.
ҚРКФ Төрағасы кәсіподақтың жұмысшы мүддесін ұжым болып қорғау және жұмыс берушімен ынтымақтастық орнату құралы ретіндегі рөліне ерекше тоқталды.
«Мәселені жалғыз шешу өте қиын екенін түсіну керек. Кәсіподақ жеке адамның өтініштерін ұжымдық ұстанымға айналдырып, жұмыс берушімен нәтижелі сөйлесуге мүмкіндік береді. Бұл жай ғана ресми құрылым емес, бұл — жұмысшылардың мүддесін қорғайтын нақты күш. Егер сіздердің өздеріңіз бұл іске атсалыспасаңыздар, ешқандай жүйе жұмыс істемейді. Қауіпсіздік талаптары, еңбек тәртібі, ережелерді сақтау — бұл бәрімізге ортақ жауапкершілік. Кәсіподақ көмектеседі, бірақ ол әр жұмысшының жеке белсенділігін алмастыра алмайды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кездесуде Ата заңымызға енгізілген еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерге қатысты өзгерістер де сөз болды.

«Жаңартылған Конституцияда адам, оның құқықтары мен бостандығы ең жоғары құндылық екені бекітілген. Бұл мемлекет лайықты өмір сүру үшін жағдай жасауға міндетті дегенді білдіреді. Алғаш рет мұндай деңгейде еңбек ету құқығы нақты бекітілді, бұл жұмысшылар үшін кепілдіктер жүйесін нығайтады. Еңбек ету құқығы — бұл жай ғана сөз емес. Бұл — қауіпсіз жағдай, әділ ақы, әлеуметтік қорғау сияқты міндеттемелердің жиынтығы. Ендігі міндет — осы нормаларды заңдар, ұжымдық шарттар мен кәсіпорын тәжірибесі арқылы іс жүзіне асыру. Бүгінде азаматтардың құқығы бұзылған жағдайда тікелей Конституциялық Сотқа жүгінуге мүмкіндігі бар. Бұл — еңбек адамының беделін арттыратын маңызды құқықтық құрал. Кез келген реформа — ол экономикалық болсын, өндірістік болсын — „бұл еңбек адамының өмірін жақсарта ма?“ деген қарапайым сұраққа жауап беруі тиіс. Егер жақсартпаса, демек оның тиімділігі күмәнді», — деп толықтырды Сатыбалды Дәулеталин.
ЦАТ кешенінің жұмысшыларымен кездесуді қорытындылай келе, ҚРКФ Төрағасы еліміздің экономикасындағы көмір саласы қызметкерлерінің ерекше рөлін атап өтіп, олардың қиын еңбегіне алғыс білдірді.
«Мен кәсіпорын жұмысшыларына еңбектері үшін алғыс айтқым келеді. Сіздердің қандай жағдайда жұмыс істейтіндеріңізді жақсы түсінемін. Өзім де өндірістен өткенмін, ферроқорытпа зауытында жұмыс істедім, сондықтан зиянды, қауіпті әрі ауыр еңбектің не екенін білемін. Сондықтан сіздерге шын жүректен ризашылығымды білдіріп, Федерация атынан еліміз экономикасына күнделікті қосып жатқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Бұл — жоғары жауапкершілікті талап ететін және үлкен құрметке лайық жұмыс», — деді Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Сапар барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Богатырь Көмір» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Жүздесуде кәсіподақ қозғалысын дамыту, жұмысшылар бірлігін нығайту, еңбек құқықтарын қорғау тиімділігін арттыру және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кәсіподақ ұйымдары мен еңбек ұжымының өкілдері кәсіпорын ішінде ғана емес, салалық және республикалық деңгейде шешімін табуы тиіс түйткілдерді ортаға салды.

«Бүгінгі басқосудың мақсаты — жиналып қалған мәселелерді ашық айтып, талқылау. Біз үшін Кәсіподақтар федерациясының жағдайдан хабардар болғаны және бастауыш кәсіподақ ұйымының құзыретінен тыс мәселелерді шешуге ықпал еткені маңызды», — деді «Богатырь Көмір» жұмысшыларының «Бірыңғай кәсіподағының» төрағасы Марат Қадауов.
Кәсіподақ көшбасшылары өндірістің зиянды әрі қауіпті санатқа жататынына баса назар аударды.
«Бұл тек көмір өндірумен ғана емес, теміржол инфрақұрылымымен, күрделі технологиялық процестермен және ауыр жағдайда жұмыс істейтін сан түрлі мамандық иелерінің еңбегімен байланысты. Сондықтан қауіпсіздік пен әлеуметтік қорғау мәселесі тұрақты бақылауда болуы керек. Кәсіподақтың басты міндеті — қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Бұл заңмен бекітілген біздің тікелей міндетіміз. Сонымен қатар, қауіпсіздік әр жұмысшының өзінен, оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен өндіріс мәдениетінен басталады», — деп толықтырды жергілікті кәсіподақ төрағасы Сергей Михайлюк.
Кәсіподақ басшыларының айтуынша, компанияда 100-ге жуық техникалық инспектор жұмыс істейді. Олар арнайы оқудан өтіп, қосымша ақы алады және еңбек жағдайын бақылауға белсене қатысады.
Жұмысшылар үшін ең өзекті мәселелердің бірі — арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілу.

«Арнайы киімнің сапасы, уақытылы берілуі және оны жуу сияқты күтім жасау жұмыстары өте маңызды. Кейде киімнің кешіктірілуі, өлшемдердің табылмауы немесе жұмысшының өз ақшасына сатып алуы сияқты жағдайлар кездеседі. Біз өндіріс орындарын аралағанда кейбір киімдердің тозғанын, түрінің нашарлағанын көреміз. Тіпті жаңадан келген жұмысшылардың толық жарақтандырылмауы себепті жұмысқа жіберілмейтін кездері болады. Бұл мәселелерді жұмыс берушімен бірлесе шешіп жатырмыз», — деді көмір өнеркәсібі жұмысшыларының салалық кәсіподағының Екібастұз аумақтық кеңесінің төрағасы Болат Тайғанов.
Тағы бір маңызды тақырып — жаңа ұжымдық шартты дайындау мәселесі болды.

«Қазір төрт кәсіподақ ұйымын біріктіретін бірыңғай өкілді орган құрылды. Мамыр айында ұжымдық шарт жасасу бойынша белсенді жұмыс басталады. Жұмыс беруші өз ұсыныстарын берді, ал кәсіподақтар 30-дан астам өзгеріс пен толықтыру енгізуді ұсынып отыр. Төрт бөлек ұйым болсақ та, ұжымдық шарт мәселесінде бірлесе әрекет етеміз. Барлық ұсыныстар бірлесіп дайындалып, барлық төрағалар қол қояды. Ортақ мақсатта келіспеушілік жоқ. Біз барлық әлеуметтік жеңілдіктерді сақтап, оны одан ары кеңейтеміз деп сенеміз», — деді Екібастұз көміршілерінің жергілікті кәсіподақ төрағасы Сергей Чапала.
Сондай-ақ, зиянды еңбек жағдайлары, өтемақы төлемдері, өндірістік инфрақұрылым және әлеуметтік қорғау мәселелері де назардан тыс қалмады.
«Нақты жұмыс жағдайы мен бекітілген зияндылық коэффиценттері арасында сәйкессіздіктер бар. Жұмыс жүктемесі мен зиянды факторлар артқанымен, қосымша ақының азаюы жұмысшыларды алаңдатады. Кейбір учаскелердегі көліктердің жағдайы қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Сонымен қатар, экологиялық мәселелер да жұмысшылардың денсаулығына әсер етуде. Арнайы жәрдемақымен жұмыстан шығатын қызметкерлердің мәртебесі де өзекті. Олар зиянды жерде ұзақ жыл еңбек етсе де, толыққанды зейнеткер ретінде есептелмей, кейбір әлеуметтік жеңілдіктерден тыс қалып жатады. Бұл төлемдерді заң деңгейінде толыққанды зейнетақы деп бекіту қажет. Бұл бағытта кейбір кәсіпорындарда оң тәжірибе бар», — деді “Богатырь Көмір” ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымдары өкілдері.
Кездесуде мемлекеттік бақылау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.
«Екібастұзда мемлекеттік еңбек инспекторы жоқ. Бұл біз сияқты өндірістік аймақ үшін үлкен мәселе. Жұмысшылар жедел кеңес алып, құқығын қорғай алмай отыр. Ал өңірдегі бар инспекторларға түсетін салмақ нормадан бірнеше есе көп», — деп атап өтті кәсіподақ белсенділері.
Сондай-ақ, жиында кәсіпорындағы төрт бөлек кәсіподақты бір ұйымға біріктіру қажеттігі де айтылды.
Мәселелерді тыңдаған Сатыбалды Дәулеталин барлық сұрақтарды өз бақылауына алатынын растады.
«Көтерілген мәселелердің бәрі жүйеленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады. Оның ішінде зияндылық, зейнетақымен қамтамасыз ету, еңбек жағдайы және инспекция рөлін күшейту мәселелері қазірдің өзінде толықтырылып жатыр», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Екібастұздық әріптестерінің сұрақтарына жауап бере отырып, ҚРКФ Төрағасы кәсіподақтың 120 жылдан астам тарихы бар екенін еске салды.
«Кәсіподақ — қоғамдағы әділдікке деген сұраныс нәтижесінде пайда болған институт. Оның басты міндеті — еңбек адамын қорғау. Бүгінде кәсіподақ — жұмысшы құқығын кәсіби деңгейде қорғайтын жалғыз ұйым. Біздің күшіміз — халықтық ұйым болғанымызда. Кәсіподақ — бұл еңбек адамының қолындағы нақты құрал. Көмек тек дер кезінде берілсе ғана құнды, кешіккен көмектің пайдасы жоқ. Қазір кәсіподақ қозғалысының қаншалықты пайдалы екені сынға түсетін шақ. Құрғақ есеп беретіндер емес, адамдардың нақты мәселесін шешетіндер ғана жеңіске жетеді», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сатыбалды Дәулеталин кәсіпорындағы кәсіподақтардың бірігуі қажеттігін айтып, ортақ мәмілеге келуге шақырды.

«Егер жұмысшылардың өздері бірігуді қаласа, оларды тыңдау керек. Кейде бұған халықтың мүддесі емес, жекелеген басшылардың пікірі кедергі болады. Бірақ жұмысшының мүддесі бәрінен жоғары тұруы тиіс. Келіссөз жүргізіп, ортақ шешім табуға ешқашан кеш емес. Тіпті тең төрағалық ету моделін жасауға болады. Бастысы — адамдар үшін бір-біріне қадам жасау. Түрлі кәсіподақтағы төлемдердің әртүрлі болуы дұрыс емес бәсекелестік тудырады. Адамдар құқық қорғау үшін емес, ақша үшін бір ұйымнан екіншісіне ауыса бастайды. Бұл тәжірибеден арылу керек», — деп баса айтты Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Төрағасы кәсіподақтардың бөлшектенуі қандай зардапқа әкелетінін мысалдармен түсіндірді.
«Кейбір өңірлерде бір кәсіпорында бірнеше кәсіподақтың болуы ұжымның бөлінуіне және әлеуметтік шиеленіске әкеп соқты. Кейде бұл жұмыс берушіге „ыңғайлы“ кәсіподақтар құрудың кесірінен болды. Нәтижесінде жұмысшылар зардап шекті. Біз бірлесу бостандығын қолдаймыз, бірақ бірлік неғұрлым күшті болса, кәсіподақ та соғұрлым қауқарлы болады», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Еңбек қауіпсіздігіне тоқталған ҚРКФ Төрағасы елімізде жыл сайын 200-ге жуық адамның өндірісте қаза табатынын айтып, бұл үлкен қасірет екенін жеткізді. Оның айтуынша, жазатайым оқиғалардың 70 пайызы жұмыс берушінің, ал 30 пайызы жұмысшының кінәсінен болады.

«Қауіпсіздік техникасының нұсқаулықтары қанмен жазылған. Оны елемеуге болмайды. Егер жұмысшының өзі салғырт қараса, ешқандай жұмыс беруші қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. Кәсіподақтар күн сайын адамдарға түсіндіріп, бақылап отыруы тиіс. Бүгінде елімізде небәрі 247 мемлекеттік еңбек инспекторы бар, бұл халықаралық стандарттан әлдеқайда аз. Сондықтан біз олардың санын көбейтуді және саны 16 мыңнан асатын кәсіподақ техникалық инспекторларының рөлін арттыруды талап етеміз», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Төрағасы жастардың рөлі туралы да айтып өтті.
«Бүгінгі жастар — белсенді, креативті, цифрлық технологияға жақын. Олармен жаңаша жұмыс істеу керек. Жастарды жай ғана кәсіподаққа шақырып қоймай, олардың шешім қабылдау процестеріне қатысуына мүмкіндік беру керек», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Басым бағыттардың бірі ретінде кәсіподақ жұмысын цифрландыру мәселесі аталды. 2030 жылға дейін «цифрлық кәсіподақ» құру міндеті тұр. Ол арқылы әрбір жұмысшы өз сұрағына 24 сағат ішінде жауап ала алатын болады. Бұл — сенім мен тиімділікті арттырудың басты факторы.

Сөз соңында ҚРКФ Төрағасы кәсіподақтың негізгі миссиясын айқындап берді.
«Кәсіподақтар кәсіпорыннан бастап мемлекеттік деңгейдегі шешімдерге ықпал ете алатын күш орталығына айналуы тиіс. Біз тек мәселені көтеріп қана қоймай, нақты шешімдер ұсынуымыз керек. Сіздер — еңбек адамысыздар, ел экономикасын дамытып отырсыздар. Біздің ортақ мақсатымыз — алға жылжып, бірлікті нығайту және жұмысшылардың өмір сапасын жақсарту», — деді Сатыбалды Дәулеталин.


«Богатырь Көмір» ЖШС кеншілерімен өткен жұмыс күнінің соңында бірқатар үздік жұмысшылардың еңбегі еленіп, Сатыбалды Дәулеталин оларға кәсіподақ марапаттарын табыс етті.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
