Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Мойылды» шипажайына барып, оның емдеу-сауықтыру базасымен және жұмысшылардың демалу жағдайларымен танысты.

«Мойылды» шипажайы — Қазақстандағы ең көне сауықтыру орындарының бірі және ол өз тарихын 1912 жылдан бастап келеді. Кешен Павлодар қаласынан 10 шақырым жерде, дәл осы аттас емдік көлдің жағасында орналасқан. Бұл мекеме маусымдық кезеңде 600-ден астам адамды, ал маусымаралық уақытта 500-ден астам адамды қабылдауға қауқарлы, жан-жақты қызмет көрсететін көпбейінді шипажай.
Шипажай директоры Қайрат Ысқақ кездесу барысында мекеме инфрақұрылымының біртұтас кешенге біріктірілген 4 жатын ғимарат пен 2 емдеу корпусынан тұратынын хабарлады. Демалушылар үшін мұнда жүйелі қызмет ұйымдастырылған: оған жатын орын, төрт мезгіл тамақ, медициналық бақылау мен қалпына келтіру шаралары кіреді. Тамақтану деңгейі әртүрлі жайлылықтағы бірнеше залдарда, соның ішінде қарапайым және жоғары санатты қызмет көрсету залдарында жүзеге асырылады.

Шипажай аумағында бос уақытты өткізуге және спортпен шұғылдануға арналған нысандар жұмыс істейді: спорт залы, ойын түрлеріне арналған алаңдар, үстел теннисі, бильярд және шахмат аймақтары бар. Сонымен қатар, Павлодар қаласындағы мәдени және тарихи орындарды аралауға мүмкіндік беретін экскурсиялық бағдарламалар да ұйымдастырылады.

Мекеменің медициналық негізі Мойылды көлінің бірегей табиғи кешеніне сүйенеді. Оның құрамында емдік лай балшықтары, рапа , сондай-ақ екі ұңғымадан шығатын сульфатты-хлоридті натрийлі жерасты минералды сулары бар. Сонымен бірге, емдеу және бет күтіміне арналған шаралары қолданылатын көк және қара саз кен орындары да пайдаланылады.

Шипажай тірек-қимыл аппараты, шеткі жүйке жүйесі, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу мүшелерінің ауруларын емдеуге, сондай-ақ созылмалы дерттерден кейінгі оңалту бағдарламаларына маманданған. Емдік шаралардың тізіміне балшықпен емдеу, бальнеотерапия, физиотерапия, массаж әдістері, гидроколонотерапия, су астындағы душ-массаж, Шарко душы, айналмалы душ, сондай-ақ марал мүйізі мен селен ванналары кіреді.

«Шипажай біртұтас емдеу-сауықтыру кешені ретінде жұмыс істейді, мұнда балшық, рапа және минералды сулар заманауи медициналық технологиялармен ұштастырылған. Біз адамның орналасуы мен тамақтануынан бастап, денсаулықты қалпына келтірудің жеке бағдарламаларына дейінгі толық қамтамасыз етеміз. Әсіресе, диетаға және жайлы әрі қауіпсіз емделуге жағдай жасауға баса мән беріледі», — деді Қайрат Ысқақ.
Ол табиғи емдік факторлардың адам ағзасына қалай әсер ететіні туралы баяндап берді.
«Шипажайдағы емдеу шараларының тиімділігі — минералы мол балшықтардың, рапа мен минералды сулардың бірегей үйлесімімен қамтамасыз етіледі. Мойылды көліндегі емдік тұнба микроорганизмдер мен Artemia salina шаяншаларының тіршілік әрекеті арқылы түзіледі, бұл балшыққа ерекше емдік қасиет береді. Мұны минералды сулармен және сазбен кешенді түрде қолдану буын, омыртқа, жүйке жүйесі аурулары мен зат алмасу бұзылыстары кезінде тұрақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қайрат Ысқақ.
Ол сондай-ақ шипажайда заманауи оңалту технологияларының кеңінен қолданылатынын қоса айтты.

«Біз физиотерапиялық жабдықтарды, аппараттық қалпына келтіру әдістерін, массаждың түр-түрін, сумен емдеуді және жеке оңалту бағдарламаларын пайдаланамыз. Жұмысымыз табиғи ресурстар мен медициналық технологияларды ұштастыруға негізделген, бұл емделушілердің денсаулығын жан-жақты қалпына келтіруге мүмкіндік береді», — деді сауықтыру орнының директоры.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин шипажай жүйесінің ҚРКФ-ның әлеуметтік саясаты мен жұмысшылардың денсаулығын қорғаудың маңызды бөлігі екенін айтты.
«Мойылды» сияқты шипажай-сауықтыру мекемелер — жұмысшыларды әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды элементі. Бұл тек емдеу ғана емес, сонымен бірге кәсіби аурулардың алдын алу, өндірістік қауіп-қатерлерді азайту және еңбек әлеуетін қалпына келтіру. Кәсіподақтар үшін мұндай қызметтердің қолжетімді, тең болуы және жұмысшылардың барлық санаты үшін кеңейе түсуі — өте маңызды мәселе», — деп айтты ол.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы сауықтыру инфрақұрылымын одан ары дамыту қажеттігіне де тоқталды.
«Кәсіподақтар федерациясы үшін кәсіподақ шипажайларын дамыту — еңбек адамының денсаулығына жасалған инвестиция. Алдын алу мен қалпына келтіру шараларының сапасы неғұрлым жоғары болса, өндірістік жарақаттар мен кәсіби аурулардың деңгейі соғұрлым төмен болады. Бұл тәжірибені аймақтарда жүйелі түрде кеңейту керек», — деп толықтырды ҚРКФ Төрағасы.
Павлодар облысындағы шипажай-сауықтыру және қонақүйлердің дамуы жұмысшылардың денсаулығын түзеуге көбірек мүмкіндік беретіні, әлеуметтік қолдау жүйесін нығайтатыны және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
