Бейсенбі күні, 16 сәуірде, Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин аймақ басшысы Асайын Байхановпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытудың, әлеуметтік әріптестікті нығайтудың, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етудің негізгі мәселелерін талқыға салды.

Жалақы мөлшерін арттыру, қауіпсіз еңбек қағидаттарын сақтау, ұжымдық-шарттық реттеуді дамыту және өңірлік келісім нормаларын жүзеге асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы жергілікті атқарушы органдар, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы сындарлы өзара іс-қимылдың маңыздылығын, бұл өңірдегі тұрақтылық пен әлеуметтік беріктіктің негізі екенін айтты.
Өз кезегінде облыс әкімі еңбекшілердің құқығын қорғау ісінде кәсіподақтардың алар орны зор екенін атап өтіп, әлеуметтік диалог аясында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар еңбек адамдарының өмір сүру сапасын жақсартуға және Павлодар облысының әлеуметтік-еңбек саласын ілгерілетуге бағытталған бірлескен бастамаларды орындауға ниетті екенін растады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
