Қызылордада ҚРКФ-ның республикалық деңгейде ұйымдастырылып келе жатқан «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы өз жалғасын тапты. Бұл жолы іс-шара «YNTYMAQ» салалық кәсіподағына қарасты «Қызылорда жылуэлектр орталығы» коммуналдық мекемесінде өтті.

Маңызды өндірістік нысанда өткен онлайн кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Шаимов және өңірлік филиал төрағасы Марат Бәйімбетов, сондай-ақ мекеме басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері, өндірістік қызметке жауапты мамандар қатысты.
Кездесуді жүргізген модератор Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев алдымен кәсіпорынның тыныс-тіршілігіне тоқталып, оның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. 1964 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қызылорда жылуэлектр орталығы» бүгінде қала тұрғындарын электр және жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз етіп отырған ірі коммуналдық мекемелердің бірі.

Мекеме директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Наурыз Сатханов өз сөзінде кәсіпорынның өндірістік жұмысы тұрақты режимде жүргізіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мекеме қала тұрғындарын жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету бағытында жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде атқаруда. Сонымен қатар, ол ұжымдағы еңбек қауіпсіздігі, өндірістік тәртіп және жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

Жиын барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әсет Әлиев кәсіпорындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының жай-күйіне кеңінен тоқталды. Кәсіподақ төрағасы ұжымда жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымы арасындағы ұжымдық шарт аясында қабылданған міндеттемелер толық орындалып келетіндігін айтты.
«Жұмыскерлерге материалдық көмек көрсету, әлеуметтік төлемдер төлеу және басқа да қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде мекемеде 700-ден астам жұмыскер еңбек етеді және олардың барлығы кәсіподақ мүшелері», – деді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.
«YNTYMAQ» салалық кәсіподағы РҚБ төрағасы Төлеген Шаимов еңбек адамын қолдау және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері бойынша әлеуметтік әріптестіктің оң тәжірибесін көрсетіп келе жатқан ұйым жұмысына сәттілік тіледі.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев өз қорытынды сөзінде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының негізгі мақсаты – еңбек ұжымдарымен тікелей байланыс орнату екенін атап өтті.

«Еңбек ұжымдарының өзекті мәселелерін жергілікті жерде тыңдау және шешу жолдарын бірлесе қарастыру өте маңызды. Бұл ретте бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлі ерекше. Еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, кездесу барысында көтерілген мекеменің қаржылық жағдайына тікелей байланысты тарифтің мөлшері туралы жағдайды назарға алып, мәселе шешімін табуы бағытындағы ұсыныстар салалық және мемлекеттік органдарда тиісті құрылымдармен бірлесе қаралатынын айтты.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
